Қазақстандықтардың караоке-барларда ең көп айтатын әндері белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Шолу көңіл көтеру мекемелерінің әкімшілігінен алынған сауалнама негізінде жасалды.
Барлық караоке-барда Григорий Лепстің "Рюмка водки на столе" композициясы айтылады. Бұл ер адамдардың ең жақсы көретін әні, бұл әнге Лепстің тағы бір әні - "Самый лучший день" әні де қосылып отыр. Мекеме әкімшілері бұл әндердің кештің қызған шағында орындалатынын айтты.
Ал қыздар қауымы болса "ВИА Гра" тобының әндерін, әсіресе "Сумасшедший" және "Бриллианты" композицияларын көп орындайды. Қыздар караокеде қазақстандық "Л дуэтінің" "Донна Осень" әні мен америкалық No Doubt ұжымының Don't speak әніне тапсырыс береді екен. Сонымен қатар, орта жастағы әйелдердің Елена Ваенганың "Курю" әнін көп орындайтыны анықталды.
Рок жанрын сүйетіндер Bon Jovi, Би-2 және Машина Времени топтарының шығармашылығына ден қояды. Мұнымен бірге, жастар жағы Звери ұжымының "Районы, кварталы" әнін таңдайды. Ал егде кісілер кеңес кезіндегі әндерді және Алла Пугачева, Ирина Аллегрованы немесе шансон айтады. Мекеме әкімшілері көп айтылатын әндер деп Рождество тобының "Как хочется жить" әнін атады. Қазақстандық орындаушылардың арасында ең көп айтылатындар - Қайрат Нұртас ("Ауырмайды жүрек"), Ақылбек Жеменей ("Қызыл өрік") және Асхат Тарғынов ("Мария Магдалена").