Еліміздің электронды лицензиялау жүйесі әлем бойынша бизнеске арналған ең үздік жоба деп танылды. Швейцарияның Женева қаласында жария етілген WSIS Project Prizes 2013 халықаралық байқауының нәтижесі осындай.
Қазақстанның электрондық лицензиялау жүйесі – www.elicense.kz E-Business категориясы бойынша ең үздік жоба деп танылды. Бұл байқауға әлемнің 64 мемлекетінің 280 жобасы қатысты. www.elicense.kz – рұқсат беру құжаттарын интернет арқылы алуға мүмкіндік беретін жүйе. Бұл жобаны жүзеге асыру идеясы 2008 жылы елімізде рұқсат беру құжаттарын реттеу мен қадағалау тетігі ретінде пайда болды. Жобаны іске асыру барысында рұқсат беру үдерістерін оңтайландыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл жүйенің арқасында мемлекеттік органдар талап ететін құжаттар тізімі 1035-тен 517-ге қысқарған. Мемлекеттік органдардың 27-сі өздерінің ақпараттық жүйелерін өзара ықпалдастыру нәтижесінде осы кезге дейін талап етіліп келген 600 түрлі құжатты қажет емес деп тапты. Сондай-ақ рұқсат құжаттарын беру мерзімі де қысқарды. Мамандардың мәліметінше, былтырғы тамыз айынан бастап, Қазақстанда лицензиялар түгел электронды түрде беріледі. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында электронды түрде берілген лицензиялардың саны 6000-нан асты. Айта кетейік, бұл күндері Ақпараттық қоғам мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі бүкіләлемдік кездесу форумы жалғасып жатыр. Оның шеңберінде түрлі тақырыптық семинар-кеңестер де өтуде. Кеше «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Руслан Еңсебаев форумға қатысушылар алдында Қазақстанның е-лицензиялау жүйесі туралы толық баяндама жасады.
Қазақстан электронды лицензиялау жөнінен озып шықты
Последние статьи автора