Қазақстан әлемге жеңімпаз ел ретінде танылуы керек

Мансұр ХАМИТ (фото)

Астанада Қазақстанның ғана емес, әлемдік спорттың тарихына алтын әріппен енетін салтанатты шара өтті. Жаһандық спорт менеджментінің заманауи талаптарына жауап беретін «АСТАНА» президенттік кәсіби спорт клубының тұсауы салтанатты түрде кесілді. Әлемдік аренада қазақ спортының атағын шығаратын осынау мультиспорттық жобаның салтанатты шарасымен танысуға аты аңызға айналған португал футболшысы Луиш Фигу мен немістің аса көрнекті қақпашысы Оливер Кан, әлемдік хоккейші, «Вашингтон Кэпиталз» клубының шабуылшысы Александр Овечкин және қазақстандық даңқты боксшы Геннадий Головкиндер келген болатын. Салтанат барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елордамен аттас клубқа батасын беріп, ақ тілегін арнады.
Соңғы жылдары әлемнің әйдік спорт сарапшылары «Қазақ спортының құдіреті неде?» деген сауалдарды көп төңіректеп жүр. Лондонда өткен жаһандық Олимпиада додасынан кейін қазақстандық толағай Илья Ильиннің қыр соңынан қалмаған фран­цуздар «қазақ алыбы жылқы етін жейді, күніне мұнша сағат ұйықтайды екен» деп жарыса жазды. Әлемнің 205 ұлттық құрамасы арасынан 12-орынды иеленген қазақ спортының бәсі қалай биіктегеніне дүние жұрты қызықты. Сосын ұлы даладағы спорт­тық дүмпудің жолын саралауға да біразы кірісті. Astana атауымен байла­ныс­ты клубтарға делебесі қозатындардың қатары да әлемде күрт артты. Дүниежүзілік деңгейдегі түрлі ұйымдар, беделі зор спорт саңлақтары дәл сол өздеріне таныс естілетін Astana атты қалада бірінен соң бірі бой көтеріп жатқан алып нысандарға тамсанып, оның жаһандық шараларды өткеруге қауқарын мойындап, әділ бағасын да беріп жатты. Енді, міне, кезек «Астана» пре­зи­дент­тік кәсіби спорт клубының ресми ашылуына да келіп жетті.
Елбасы «Астана» клубының Құрметті Президенті атанды
Ресми тұсауы кесіліп отырған «Астана» кәсіби клубына келсек, бұл, ең алдымен, заманауи талаптардың үдесінен шыға отырып, Қазақстанның спортын, жаңа спорт­тық менеджмент пен маркетингті бірік­тіретін мультиспорттық жобаға айна­лады. Жұртқа түсініктірек болуы үшін айталық, «Астана» кәсіби спорт клубы әлем­дегі атақты «Бавария», «Барселона», «Реал-Мадрид», ЦСКА секілді деңгейге ұмты­лады. Ендеше, миссия да зор. Ал «Астана» миссиясын Елбасының сөзімен түйіндесек: «Гегель айтпақшы, «күштілер біріксе, онда оларды ешкім жеңе алмайды». Сондықтан да біздің спортшыларымыздың нағыз жеңім­паз болғанын тілеймін. Алдыңғы қатарлы технологиялар, спорттық менед­ж­мент­ті қамтыған «Астана» клубы біздің осы бағыттағы әлеуетімізді еселеп, мүм­кін­дік шекарасын одан сайын кеңейте түспек».

Дегенмен клубтың өзіндік қазақстандық сара жолы болады. Әйгілі шетелдік клубтарға қарағанда «Астана» клубының басты ерек­шелігі – ұлттық спортқа да баса мән беруінде. Пре­зи­денттік клубтың қолдауына «Қазақстан Барысы» жобасының енуі де соны аңғартса керек. «Екін­шіден, бұл мультибрендтік құры­лым болмақшы. Өйткені мұнда халықаралық деңгейдегі «Аста­на велокомандасы», «Астана арландары» кәсі­би бокс командасы, «Астана-Дакар Тим» ко­ман­дасы, «Барыс» хоккей клубы, су және атүсті полосы командалары, «Астана» фут­бол және баскетбол командалары еніп отыр. Кәсіби клубтың туы астында қазақ спор­ты­ның жарық жұлдыздары Илья Ильин мен Денис Тен бар», – дейді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының атқарушы директоры Дархан Қале­таев. Оның айтуынша, кәсіби спорт­та жетістікке жетіп жүрген басқа да жұл­дыз­дар «Астана» клу­бының қатарына енетін болады. «Ал Геннадий Головкинге келсек, оның да «Астана» кәсіби клу­бына қосылуға бар­лық мүмкіндігі бар. Оны­мен келіссөз жүргізіліп жатыр. Дегенмен Гена­ның деңгейі жоғары, дәрежесі де бөлек, оған төленетін қа­ражат та қомақты. Шындығын ай­та­лық, мұн­да таза биз­нес те, таза қаржылық те­тік­тер де бар. Сондық­тан Гена да өзі тауып отыр­ған қара­жат­тан қа­ғы­лып қалмайтындай, «Аста­на» клубы да өзіне ауыр жүктеме алып ұтылып қал­майтындай болуы тиіс. Дегенмен келіс­сөздер жүріп жатыр. Генаның бүгінгі ко­ман­дасы өте мықты. Солай бол­ғанымен, біз ор­тақ тіл таба­мыз деген үміт­те­міз», – деді Дархан Қале­таев. Тұсауы кесілген клубқа Халықаралық Олимпиа­да комитетінің маркетинг жөніндегі директоры Майкл Пэйн «құтты болсын» айтып, бастаманы жоғары ба­ға­лады. Айтпақшы, ресми тұсауы ке­сілген шара барысында Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев «Ас­тана» кәсіби клубының құр­метті президенті атанды.
Қазақстан әлемге жеңімпаз ұлт ретінде танылуы керек
Салтанатты шара барысында Елбасы «Ас­тана» кәсіби спорт клубы әлемнің жетекші са­рап­шыларының қолдауын тапқанын ерекше айтып, болашақта олардың барлығымен әріп­тестік қарым-қатынас жасалатынын жеткізді. «Лон­дон Олимпиадасы біздің спорттық стра­те­гиямыздағы жетістікті әлемге паш етті. Алайда біз бұған тоқмейілсіп, тоқтап қалмауымыз ке­рек. Чемпион ұдайы жаттығуда болуы керек. Сон­дықтан да спортты дамытудың бұл бағы­тын­да барлық ресурстарды интеграциялай оты­рып, одан да жоғары кәсіби деңгейге көте­рілуге тиіспіз. Ендеше, «Астана» президенттік кәсіби клубы жеңістің жаңа шыңын бағынды­ратын трамплин болмақ», – деді Н. Назарбаев. Сонымен қатар Елбасы мұндай кәсіби клубтар көптеген елде құрылғанын, олардың жетіс­тіктері де зор екенін атап өтті. Бұдан бөлек, Мем­лекет басшысы спорттағы жетістіктер Қазақ­станды жер-жаһанға таныта түсетінін еске салып, Қазақстан да әлемге тек жеңімпаз ұлт ретінде танылуы керектігіне ерекше екпін түсірді. «Биік жетістіктерді бағындырған зама­науи спорт – бұл жаһандық бәсекеге қабілет­тіліктің нышаны», – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде. Ендеше, «Қазақстан-2050» стратегия­сында діттелгендей әлемнің озық 30 елінің қатарына енуді көздейтін Қазақстан барлық салада жетістікке жетуі қажет. Бір сөзбен айтқанда, экономикада да, саясатта да, мәде­ниетте де, спортта да Қазақстан озық 30-дың қатарынан қалмауы керек.
Қазақстан қысқы олимпиаданы өткізуге де ұмтылады
Сөз арасында Мемлекет басшысы қазақ спор­тының алдындағы аса маңызды міндет­терге де тоқталды. Оның ішінде бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән берілді. «Ұлт денсаулығы – біздің сөзсіз басымдығымыз болып қала береді. Спорт дегеннің өзі – мәде­ниет. Өзі үшін спортпен айналыспаған адамды мәдениетті деу қиындау. Ал мемлекет бұқара­лық спорт үшін бар жағдайды жасап жатыр. Бүкіл облыс орталықтарында стадиондар са­лын­ды, қалаларда алаңдар ашылып жатыр. Бұл – ұдайы қаперде тұратын маңызды міндет», – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ Елбасы қазақстандық талантты жастарды жүйелі түрде спортқа тартудың маңызына тоқталды. Бұл үшін мемлекет тарапынан да зор шаралар ат­қа­рылып жатқаны – шындық. «Қазақстандық өскелеңді спортқа барынша баулудан, оларды шынықтырып, жаттықтырып, жетістіктерімен мақтанудан асқан қуаныш бар ма? Сондықтан да бұқаралық спорт бізге келешек чемпион­дарды табуға көп септігін тигізетін база бола алады. Өскелең спортқа қанша тартылған сайын, біз де жастарды барынша тани түсеміз. Ал жаңа қанат қағып отырған «Астана» прези­денттік кәсіби клубы мұндай миссияны зор сеніммен атқара алады», – деді Н. Назарбаев. Мұнымен қатар Елбасы алдағы амбициялы мін­деттерге де көз жүгіртті. «2017 жылы уни­версиаданы өткізгеннен соң, біз қысқы олим­пиадалық ойындар өткізуге үміткер ретінде ұмтылатын боламыз. Алматы қаласында бұған қатыстының барлығы дерлік істеліп жатыр. Жалпы, мұндай мүмкіндіктерді жүзеге асыруға үміттіміз», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Елбасы. Ел спорты. Елорда
Шындығында, қазақ даласында әлем наза­рын өзіне аударар тағы бір спорттық дүмпу дүниеге келді. Қалай пайда болды дегенге ден қойсақ, онда Елбасы мен ел спортының егіз ұғымға айналғанын да аңғарамыз. Иә, шынды­ғында Елбасы мен ел спорты – егіз ұғым. Әл­бет­те, Тәуелсіздік таңы атқалы бері Президент Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекеттіліктің барлық тетігі берік қалануын талап етті. Соның ішінде Президент денешынықтыру мен спортты да бір сәт те назардан тыс қалдырмады. Ауылдағы ағайынның баласына жағдай жасаңдар, талант­тарды тартыңдар деп жергілікті билікке жүктей жүріп, әкімдерден қалалықтардың спорт­қа деген қайратын шыңдауды да талап етті. Өзі де бұқараға үлгі болды. Өйткені Елбасы – нағыз спортшы! Теннис, гольф спортынан біраз әріптестерін тұқыртатынын да естіген едік. Ен­де­ше, ел де сондай болуы керек. Ал «Астана» секілді президенттік кәсіби спорт клубының ашылуына қарап, бұқаралық спорттың да ады­мы арта түсетінін аңғаруға болады. Ең бастысы, Елбасы кәсіби клубтың атауының өзінде үлкен мән барын да меңзеген еді. «Ендігіде клуб өз жетістіктері арқылы елорданың атын әлемге әйгілеп, сол арқылы бүкіл Қазақстан жаһанға танылуы тиіс. Бұл барша спортшылар мен жанкүйерлер үшін мерейлі шаққа айналса игі. Сол үшін біздің командамыздың аты әлемге әйгілі болады деп сенемін», – деп құттықтаған еді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөз соңында Мемлекет басшысының ұлтқа қатысты ұдайы көтеріп келе жатқан екі мәсе­лесін еске салғымыз келеді. Оның бірі – Прези­дент айтып жүрген: «Дені сау ұлт – болашақтың кепілі». Бұқаралық спортты барынша дамыту, денешынықтыру мен спортты мемлекеттің ай­рықша назарында ұстау туралы Мемлекет басшысы айқындаған «Қазақстан-2050» стра­тегиясында да айтылды. Елбасы айтатын екінші қағидат – «қай елдің спорты мықты болса – сол елдің мерейі үстем». Денсаулығы мықты елдің спорттағы та­быс­ы орасан, ендеше мерейі де үстем болмақ. Кеше ашылған «Ас­тана» спорт клубының да Елбасы ұстанған осы­нау қағи­даттан шығатынына әбден сенім­діміз. Алға, қазақ спорты, желбірей бер, Көк туымыз!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста