Қазақ теле-радио таратылымы ұлттық спутниктің көмегімен сандық жүйеге көшті
Алаш баласы үшін тағы бір жағымды жаңалық: Қазақ телевизиясы DVB-S2 стандартына негізделген заманауи озық үлгіге қол жеткізіп отыр. Енді күллі республика жұртшылығы отандық спутниктің көмегімен республикалық және аймақтық телеарналарды тегін көру мүмкіндігіне ие болады. Салтанатты шараға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысып, Ұлттық спутниктік сандық телерадио таратылым желісін ресми түрде іске қосты.
Жаңадан іске қосылған спутниктік сандық теле-радио таратылым желісінің қамту аумағы ел аумағының 100 пайызын құрайды. Спутниктік сандық телевизияны іске қосу, бұл ұлттық теле-радио таратылымын жаңа технологияға көшірудің алғашқы кезеңі болып есептеледі. Бұл жоба Президенттің тапсырмасы бойынша ел аумағының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сай жүзеге асырылып отырғанын айту керек. Ең бастысы, шалғайда жатқан елді мекен тұрғындары ақпаратқа қол жеткізіп отыр. «Елімізде алғаш рет спутниктік сандық теле-радио таратылымы іске қосылып жатыр. Біз бұл мәселені бұған дейін де қарастырған болатынбыз. Ақыры іске асырылды. Енді республикамыздың барлық тұрғындары, оның ішінде шекараға жақын аумақта орналасқан елді мекен тұрғындары спутниктік байланыс арқылы 37 республикалық және аймақтық телеарналарды тегін көру мүмкіндігіне ие болды.
Мансұр ХАМИТ (фото)
Осылайша, ел жұртшылығын толыққанды ақпаратпен қамтамасыз ете алып отырмыз», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев желіні іске қосатын қызыл түймені басып жатып.
Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, қазіргі уақытта сынақтық режимде көрсетіліп жатқан тегін топтамаға 18 республикалық, 14 облыстық телеарна мен үш радио желісі енгізілген. «Сонымен қатар абоненттер ақылы топтама негізінде 50 шетелдік телеарналарды да көре алады. Бұл үшін Алматы, Астана және Орал қалаларындағы қабылдап-таратқыш үш стансыны заман талаптарына сай толықтай жаңартып шықтық. Сондай-ақ «Қазақстандық телекоммуникациялар» АҚ-ның спутниктік желісі жаңа DVB-S2 MPEG4, 8PSK стандарттарына көшірілді», – дейді Байланыс және ақпарат министрі.
Отандық теле-радио жүйесін жаңа форматқа көшіру арқылы спутниктік ресурстарды оңтайландыру, стандартты арналардың санын арттыру, облыстық телеарналарды тәулігіне 14 сағат бойы (бұрын 1 сағат) хабар тарата алатын НD форматындағы жүйемен қамтамасыз ету мүмкіндігіне қол жеткізіп отырмыз. Енді бағдарламаларды жаңа стандартта көру үшін «Кателко плюс» спутниктік желісінің абоненттері жаңа қабылдағыштар алулары керек болады. Жаңадан қосылатын абоненттер дилер компаниялардың көмегіне жүгіне отырып, арнайы қабылдағыш қондырғылар арқылы жаңа форматтағы эфир жүйесіне қол жеткізе алады. Ал басқа спутник арқылы ақпарат алып отырған абоненттер сигнал қабылдағыш табағына қосымша DVB-S2 MPEG4, 8PSK стандартындағы жаңа қабылдағыш орнатып, оны Intelsat 904 спутнигіне бағыштаса жеткілікті. Яғни, ел азаматтары арнайы құрал-жабдықтар сатып алулары қажет. Мұндай құралдың бағасы 22 мың теңге шамасында болады екен. «Қымбат емес, сонымен қатар біз әкімдіктермен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға құрал-жабдықтарды тегін беру туралы келісімге келдік», – дейді министр.
Заманауи үлгідегі жаңа жүйеге қол жеткіздік деп қарап отырған болмас, әрине. Сол себепті, Мемлекет басшысы телеарнаға қажетті соңғы буын жабдықтарын өзімізде өндіру керек деген тапсырма берді. «Қажетті жабдықтарды енді өз елімізде өндіру керек. Танымал өндіруші компаниялармен тығыз жұмыс жасау қажет. Бұл, ең алдымен, елге керек. Қазақстанның түкпір-түкпірінде, алыс жерлерде орналасқан халқымыз еліміздің телеарналарының хабарларын көре алмайтын. Енді осының барлығы қазір қолжетімді болды. Бұны үлкен жетістік деп санаймын»,– деді Президент.
Бұл үлкен жобаның бастамасы ғана болса керек. Асқар Қуанышұлы сөз арасында Ұлттық теле-радио таратылым желісінің келесі кезеңінде аналогтық желідегі эфирлік хабар таратуды DVB/T2 стандартындағы сандық стандартқа ауыстыру міндеті тұрғанын айтып өтті. «Бұл жоба – 2011-2014 жылдар аралығында шешілетін шаруа», – деді министр мырза.