Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде тағдыр қыспағына алынған, бүгінде Алматыдағы №1 балалар үйінің «Қарлығаш» тобының тәрбиеленушілері үшін қайырымдылық кеші өтті.
Бүгінгі қоғамда ата-анасының қамқорынсыз қалған жетім-жесірлердің көбейіп кеткені кімді де болсын алаңдатпай қоймасы анық. Олардың жай-күйі жанашыр жандардың, атымтайжомарттардың есінен шыққан емес. Қасиетті Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 9-аятында: «Кімде-кім артында қалатын ұсақ (жас) балаларына қандай қамықса, басқалардың жетім қалған ұсақ (жас) балалары үшін де сондай қамықсын. (Жетімдер туралы) Алладан қорқып, турасын айтсын», – делінген. Осындай ізгілікті ұстанған университет ұстаздары мен студенттері жуырда кезекті қайырымдылық шарасын өткізді.
Оқу орнындағы Теориялық және қолданбалы тіл кафедрасының «Тағылым» клубы ұйымдастырған шараға балалар үйінен 20 бала шақырылды.
Білікті ұстаз Фариза Қарақұлованың жетекшілігімен өткен кеш барысында балаларға студенттер дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Кеш соңында қонақтарға сый-сияпат көрсетіліп, студенттердің өздері жинаған қаржылай көмегі тапсырылды. Осындай игі шараларға бастамашы болып жүрген университеттің филология факультетінің деканы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы бұл бағыттағы қайырымдылық акциялары алдағы уақытта жалғасын табатынын атап өтті. Кеш соңында балаларды ертіп келген топ тәрбиешісі Гүлбаршын Құрманбекқызы ұйымдастырушыларға, жас студенттерге алғысын білдірді.
«Қарлығашқа» қамқорлық
Последние статьи автора