Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Ұлттық статистика бюросы елдегі жағдай бойынша жалған статистика ұсынатынын мәлімдеді. Ал үкімет болса, қандай да бір шешім қабылдарда осы жалған деректерді пайдаланады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Өтірікті сендіріп айтудың өзі өнер" деген сөзді Статистика бюросы тура мағынасында түсінетіндей көрінеді маған. Статистиктердің ресми мәліметін оқысаң, Қазақстанда орташа жалақы Еуропаны өкшелеп қалған. Ал, жұмыссыздық көрсеткіші бойынша Скандинавия елдерінен еш кем түспейміз", - деп бастады Бейсенбаев Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасына жолдаған депутаттық сауалын.
Оның айтуынша, дәл қазір қазақстандықтардың ең басты проблемасы – азық-түлік бағасының шарықтауы. Қымбатшылық қарапайым халықты алқымдап тұр. Бірақ Ұлттық статистика бюросы 10 жұмыртқа – 490 теңге, айранның литрі – 390 теңге, пияз – 182 теңге, ал қияр мен қызанақ бағасын 1000 теңге шамасында деп есеп береді.
Оған қоса, Статистика бюросының мәліметінше биыл наурыз айына азық-түлік бағасы шамамен 21%-ке өскен.
"Шындығында, мәселе одан әрі ушығып тұр. Кеше бүкіл аймақ бойынша Amanat партиясының мониторинг топтары азық-түлік бағасын қадағалады. Нәтижесінде пияздың бағасы – 350 теңге, қияр мен қызанақ – 1600 теңге, ал жұмыртқаның бағасы – 600 теңге. Яғни 1,5-2 есеге дейін, 70-100 процентке бағаның шарықтағаны байқалады. Рас, қазір дүкенге баруға қорқасың, баға күн санап өсуде. Мысалы, үш адамнан тұратын отбасы бір апталық тамағына ең кемі 40-50 мың теңгенің арасында ақша жұмсайды. Әлеуметтік жағдайы қиын, көпбалалы отбасылар туралы айтуға қысыласың", - дейді депутат.
Екіншіден, ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы орташа жалақы 339 мың теңгені құраса, халықтың жан басына шаққандағы табысы – 166 мың теңге.
"Шынын айту керек, бұл цифрларға қарапайым халық сенбейді. Ең төменгі жалақы 70 мың теңгені құрайтын қоғамда орташа жалақы одан 5 есеге көп болуы мүмкін емес. Оған қоса, осыдан бір жыл бұрын президент халқымыздың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайтынын көрсеткен болатын. Яғни, инфляцияның өсуі, экономикалық тәуекелдердің артуы жағдайында аталған кедей халықтың табысы күрт артты дегенге ешкім сенбейді", - деп мәлімдеді Бейсенбаев.
Үшіншіден, соңғы үш жыл бойы Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы халықтың небәрі 4,9 проценті, яғни 450 мың адам жұмыссыз деп есеп беріп жүр.
Алайда депутаттың айтуынша, жұмыссыздар статистикасы тек халықты жұмыспен қамту орталықтарына арнайы өтініш бергендердің есебінен жүргізіледі. Сондықтан жұмыссыздардың көбі есептен тасада қалып қояды.
Ал, ресми дерек бойынша жастар арасындағы жұмыссыздардың саны шамамен 80 мың адамды құрайды.
"Шындығына келсек, осы топтадағы жұмыс істемейтін, тіпті оқымайтын "NEET" жастардың саны 380 мыңды, ал өзін-өзі жұмыспен қамтитын, яғни тұрақты табысы жоқ жастардың саны 300 мыңнан асып жығылады. Сонда тек жас азаматтардың кемі 750 мыңы жұмыссыздар қатарында. Бұл ресми статистикалық көрсеткіштен 10 есеге көп", - дейді мәжілісмен.
Оның айтуынша, бұл тек басты үш бағыт бойынша келтірілген мысалдар. Ал негізінде, экономикалық өсім, өндірістің дамуы, тұрғын үйлердің салынуы, ауыл шаруашылығынан өнім алу сияқты көрсеткіштер бойынша сұрақтар асып жығылады.
"Жалпы, үкіметтің шешім қабылдарда жіберетін басты кемшілігі – жалған статистиканы пайдалануы. Статистика – елдегі нақты ақпарат пен шынайы көрсеткіштердің бет-бейнесі болуға тиіс. Дегенмен, үкімет тарапынан қабылданған шешімдердің әлсіздігі, көбінде қате мәліметтерге сүйенудің негізінде орын алып отыр", - дейді депутат.
Бейсенбаевтың пікірінше, Ұлттық бюро жүргізетін статистика барынша шынайы, халықтың әлеуетін ашық көрсетуі керек. Сонда ғана қазақстандықтардың тұрмысын жақсарту, табысын арттыру мүмкін болады.
Депутаттар нақты ақпарат берудің жаңа, әділ ережесін қалыптастыру қажет деп есептейді.