10 жыл бұрын жермен-жексен болған «Бесобаның» орнына салынған 9 қабатты үйдің сапасына тұрғындардың көңілі толмайды. Жұрт үй қаптамасы желмен ұшып жатқанын айтады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
Әрқайсының салмағы 7-8 келіге жуықтайды. Адамның үстіне құласа аман қалуы екіталай. Қазір баспанада 160 отбасы тұрады.
Алты жыл бұрын тапсырылған үйдің есік-терезесі аңғал-саңғал, қабырғасы қақырапты. Арзан құрылыс материалдарымен салынған - дейді жұрт.
Ол аздай лифті жүрмейді, тоқ сымдары ашық жатыр.
Келісім-шарт бойынша балкон шынымен қапталу керек еді, бірақ ол жұмыс та орындалмаған.
Құрылыс басталғалы үш мердігер ауысыпты. Соңғы компанияға жұмысты аяқтау үшін қазынадан 367 млн теңге бөлінген. Бірақ нәтижесі осы.
Сапасыз құрылыс қалай қабылданып кеткенін жауапты мамандардың өзі айта алмады.
Ең сорақасы, қазір үйдің кепілдік мерзімі аяқталған. Бірақ құрылыс бөлімі мердігерді сотқа бермек.
Светлана Сәрсембаева, Қарағанды қаласының тұрғыны:
– Мына үйді қай әкім, қай құрылыс бөлімінің маманы қабылдады. Біріншіден, ыстық су өткізілмеген, ХХІ ғасыр. Пожарный гидрант жоқ. Бүкіл полдардағы салған плиталар ұшып жатыр. Қабырғалардың барлығында мынадай үлкен-үлкен жарықтар тұр. Арғы көше жақтың барлық балкондары қапталу керек екен, ешқайсы қапталмаған.
Нұрлан Әбжанов, Қалалық Құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:
– Төрт құрылыс алаңын, осы үйді қабылдап алған, қол қойған. Әлі сот жұмыстарын жүргіземіз бұл мердігер компаниямен. Мердігер компанияға ескерту жібереміз, одан кейін хабарласамыз.