Қарағанды облысының прокурорлары түрмелердегі бірқатар былықтың бетін ашып, жазасын өтеп жатқандардың конституциялық құқықтарын қорғады.
Бұл туралы журналистермен өткен брифингте қадағалаушы орган өкілдері мәлімдеді. Қазір Шахтинск қаласының маңында 5 бірдей түзеу колониясы бар. Онда 2 мың 500 адам жазасын өтеп жатыр. Прокурорлар мұнда бірнеше рет тексеріс жүргізіп, 84 заңбұзушылықты анықтады. Мәселен, Долинка кентіндегі АК-159/20 түзеу мекемесінде көп уақыт тәртіптік изоляторда қамауда жатқан азамат Бадаев тиісті орнына қайтарылды. Сондай-ақ прокурорлық тексерістен соң азамат Қабдуллин рақымшылыққа ілігіп, бостандыққа шықты. Оған бұл жеңілдік берілмей келген. Нәтижесінде заңсыздыққа жол берген 21 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Қазір өңірдегі 5 колонияның барлығында прокурорлық кабинеттер ашылып, жұмысын бастады.
Сәрсенбай Жаппаров, Шахтинск қаласының прокуроры:
- Күнделікті әр жазасын өтеушіге байланысты неше түрлі жағдайлар болып қалуы мүмкін. Соларды жедел түрде шешу үшін сол прокурорлық кабинеттерді аштық. Қазір жұмыс істеп жатыр.