Соңғы жылдары еліміздегі қалалардың жауған жаңбыр, тасыған өзен мен еріген қар суының астында қалып, шығынға ұшырауы үйреншікті жағдайға айналды. Мамандарымыз да апатты жағдайдың алдын алудан гөрі төтенше оқиғадан соң апаттан келген залалды есептеуге машықтанып алғандай. Жақында ҚР төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко соңғы үш жылда елімізге тасқын судан келген материалдық залал 28 миллиард теңгеден астам қаржыны құрағанын жариялады. Аз шығын емес. Баз бір елдер жаңбыр суы мен қар суын жинап, арнайы сүзгіден өткізу арқылы ауызсу тапшылығымен күресіп әрі жаңбыр мен қарды тиімді пайдаланып отырса, біз қар мен жаңбыр суының пайдасынан зиянын көп көріп отырмыз.
Министрдің мәліметіне сүйенсек, 2010-2012 жылдары елімізде болған түрлі тасқыннан 146 елді мекен зардап шегіп, 5064 үй мен 11 400 саяжай және шаруашылық құрылыстарын су алып кеткен. Соның ішінде 31 мыңнан астам адам су басқан аймақтан басқа жақтарға көшірілген. Сондай-ақ, министрдің айтуынша, қардың күрт еруі мен толассыз жауған жаңбырдың салдарынан 107 елді мекенді су басып, кейбір нысандар қирап қалған. Жалпы, тасқын қаупі бар аймақтарда 1,4 миллионнан астам тұрғын мен 32 мыңнан астам тұрғын үй қоры, әлеуметтік-мәдени және өндірістік мақсаттағы нысандар орналасқанын Божко мырза атап беріп отыр. Шыны керек, басқа елдер «қалауын тауып қар жандырып» жаңбыр мен қар суын тиімді пайдаланып отырғанда, біздің қар суынан қыруар шығынға батып, тіпті адам өліміне жол беріп отырғанымыз ұят-ақ.
Бүгінде әлем бойынша таза ауызсу тапшылығы үлкен мәселеге айналып отырғаны рас. Сондықтан кейбір елдер жаңбыр, қар суларын жинап, арнайы сүзгіден өткізу арқылы ауызсу ретінде пайдаланып отырса, баз бір елдер мұндай суларды арықтар арқылы суқоймаларға бағыттап, егістікті суаруға пайдалануда. Әйтеуір, зиянын емес, пайдасын көруге машықтануда. Мәселен, мексикалықтар «жұмыртқадан жүн қырқып», жаңбыр суын ауызсуға пайдалануда. Ол үшін еріктілерден құралған арнайы топ көмек көрсетуге де дайын. Бүгінде тұрғындар жаңбыр суын жинаудың жаңа әдістерін меңгеруде. Аталмыш шараны жүзеге асыру үшін Мексика билігі 7 миллион песо қаражат бөлген. Қазір 10 мың тұрғын үйге арнайы құрылғы орнатылған. Жаңа қондырғы жаңбыр суын жинап қана қоймай, оны сол бойда сүзгіден өткізіп тазартады. Бұл құрылғының тағы бір тиімді тұсы ол күннен қуат алып жұмыс істейді. Яғни табиғаттың берген суын құрылғы арқылы жинап, құрылғының өзін табиғаттың көмегімен жұмыс істетуге көшкен мексикалықтарға қалай сүйсінбессің. Бүгінгі таңда Мексика тұрғындарының 40 пайызға жуығы ауызсу тапшылығын сезінеді екен. Әсіресе қуаңшылықтан ауыл шаруашылығының айтарлықтай зардап шегетінін ұққан ел суды барынша үнемдеп пайдаланып, тіпті жаңбырдың тамшысына дейін жинап, кәделеріне жаратудың түрлі жолдарын қарастыруда.
Атап айта кетерлік жайт – біздің елімізде су ресурстарына үнемшілдік жоққа тән. Қар суы мен жаңбыр суы түгіл, таза су қорындағы судың өзін қалай болса солай пайдаланамыз. Әлі күнге дейін күнделікті тұрмысымызда таза ауызсу мен техникалық судың бөлінбеуі – осының айғағы. Көлік жуу орындарында көлік жуу үшін де, көшенің шаңын басу үшін де таза суды шашып, пайдаланып жатырмыз. Баз бір елдер ауыл шаруашылығында қуаңшылықтың зардабын тартып, егістік суару кезінде де үнемшілдікке көшіп жатса, әлі күнге біз судың басын егістікке бұрып қойып, ернеуінен асыра суару әдісінен әлі өзгере алмай жүрміз. Мәселен, Израиль елі жайқалған егістікті тамшылатып суару әдісі арқылы қарапайым тәсілмен егілген көкөністен екі-үш есе артық өнім алуға болатынын дәлелдеп отыр. Мәселен, кәдімгі әдіс бойынша 1 гектардан 30 тонна өнім алынса, тамшылатып суару арқылы 60-100 тоннаға дейін көкөністі қамбаға жинап алуға болады екен. Шыны керек, суды ернеуінен асырып күні-түні суарып отырсақ та, біз әлі күнге өз елімізді өзіміз толықтай көкөніспен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Ал Израиль елі табиғатының нашар болғанына қарамастан, тамшылатып суару әдісі арқылы мол өнім жинап, өнімдерін алыс-жақын шетелдерге шығаруда. Бір ғана Израиль елінде ғана емес, аталмыш әдіс дүниежүзінде көптеген елдерде қолданылып, тиімді нәтиже беруде. Әйтсе де әлі күнге еліміз суды ысырап қолданудан гөрі үнемдеп пайдаланылатын мақтаулы әдіске толық бет бұра алмай отыр. Жалпы, бүгінде әлем бойынша «Судың да сұрауы бар» екенін ұғынып, түрлі үнемдеу жолдарын қарастырып жатыр.
Жақыпбай ДОСТАЙҰЛЫ, География институты су мәселелері бөлімінің меңгерушісі, география ғылымының докторы, профессор:
– Бүгінде әлем елдері суды үнемді пайдалануға аса көңіл бөліп отыр. Ал біз үйіміздегі шүмектен аққан су өмірбойы солай ағып тұра беретіндей көреміз. Бұған дейін де айтқан бір жағдайды тағы есіме алғым келіп отыр. 2002 жылы болуы керек, Германияның бір университетіне лекция оқуға бардым. Содан орналасқан қонақүйде суды ағызып қойып, сақалымды алып жатсам, қасымдағы басқа елдерден келген профессорлардың таңғалғаннан көздері шарасынан шығып кетті. Олар бір стаканға су құйып алып, тісін де сол суға жуып, сақалын да сол бір стакан сумен алады екен. Не деген үнемділік! Басқа елдерде пайдалануына қарай техникалық су мен ауызсу екіге бөлінген. Ал біз барлық мақсатқа таза ауызсуды пайдаланып жатырмыз. Бұл бетімізбен кете берсек, судың зардабын қатты тартатын кез келеді. Еліміздегі су қорының да күрт азаюына суды қалай болса солай қолдануымыз себеп болып отыр. Бұған дейін су ресурстарының көлемі 126 текше шақырымды құраса, қазір 100 текше шақырымға дейін азайған. Аз уақытта осынша су құртуымыздан-ақ суды қалай пайдаланатынымызды ұғуға болады. Су қорымыздың өзін осылай қолданып отырғанымызда, жаңбыр суы мен қар суын жинап, тиімді пайдалану туралы сөз қозғаудың өзі артық шығар. Бүгінде заман ағымына сай, суды сүзгіден өткізетін құрылғылар пайда болуда. Ендеше, қар суы мен жаңбырды жинап, сүзгіден өткізу арқылы ең болмаса бір жолғы тазартудан өткізіп, техникалық су ретінде көлік жуу орындарын қамтамасыз етуге болар еді. Су да – бір тілсіз жау. Оның тілін тауып, тиімді пайдаланудың жолын қарастырмасақ, зардабын тартып, келер шығын көлемі арта берері сөзсіз. Сондықтан жыл сайын беталды аққан судың шығынын көре бермей, өзіміз басқарып кәдемізге жаратуды меңгеруіміз керек. Дәл қазіргі таңда еліміздің ішкі су саясатындағы басты қағида суды үнемді әрі тиімді пайдалану болуы керек.
Шыны керек, суқоймалар салып, еріген қар суы мен жауын-шашынды жинау түгіл, бүгінде қала ішіндегі арықтарды уақтылы тазалап, судың қала ішінде сақталмай ағып кетуіне жағдай жасай алмай отырғанымыз рас. Мамандар «суға деген осы көзқарасымызды өзгертпесек, су бағасы мұнаймен тең болатын күн де алыс емес» дейді. Еліміздің кейбір өңірлерінде қыста кісі бойы қар түсетінін ескерсек, оны Құдайдың өзі берген несібесі ретінде кәдемізге жаратуды ескеретін кез жеткен секілді. Сондықтан алдағы уақытта шетелдердің тиімді тәжірибесін өз тәжірибемізге енгізіп, көктемгі мезгілде еріген қар суының әбігерін емес, рақатын көрсек ұтылмасымыз анық.