Бұл туралы "Ең алғашқы" бағдарламасында айтылды.
Қайрат Әділгерей бүгінде танымал актер, әзілкеш. Оқушы күнінен елгезек, қуақы, жеңіл мінезді болып өскен. Бала күні ауыр жағдайда өткенімен балалық шағын аңсайды. Анасын сағынышпен еске алады.
"Бала күнімізде анам жұмыс істеді. Ол қиын-қыстау кездер. Жалақы орнына киім, тағам, азық-түлік береді. Бір күні 50 келі мөшекпен 8 мөшек қарақұмық алып келді. Соны кейінге дейін тауыса алмадық. Көршілерге тараттық. Саттық. Сыйға бердік. Өзіміз әбден жеп шығып қалдық. Әлі күнге дейін осы тамақты жей алмаймын.
Бірақ дәмі есте. Анам тігінші болып, тағы басқа жұмыстарды қатар атқарды. Киім-кешектер беретін. Сол кезде жалақы бермейді. Берген киімдерін біз киіп жүрдік. Анам ақша жетпеген соң 4 бөлмелі үйдің екі бөлмесін жалға беретін. Солай мені оқытты. Ол үшін мен намыстанатын едім. Тіпті мектеп бітіру кешіне беретін 5 мың теңге таппай қалып, бармай қалғанмын. Сондай күндер бастан өтті", - дейді актер.
Қайрат Әділгерей Алматыда өнер академиясында оқып жүріп, ауыр апатқа ұшырады. Осы міні театрдан да, талай кино картиналардан да қалдырған.
"Академияда жүргенде дайындақ залында нота дәптерлер тұратын. Бәрі пайдаланады. Бір күні соның ішінен 200 доллар тауып алдым. Студент кезім. Ақшаны алып алдым. Еркебұлан деген досыма айттым. Бірге тұратын едік. Солай пәтерімізді ауыстырдық. Керек-жарағымызды алдық. Бір апта өткенде жол апатына түстім. Аяғымды кесті. Күйзелісте болдым. Кейін ойланып жатып, сол ақшаның иесінің көз жасы емес пе екен деп ойладым. Ақшаға мұқтаж адамның ақысын жедім бе деп әлі күнг дейін ойланам. Аяғымның кемістігі үшін театрлар алмады. Кино кастингтерден өтсем де, аяғым ақсақ болғаны үшін шақырмады. Сондай кедергілер болды. Өз орнымды дубляждан таптым ба деп ойлаймын. Дубляжда ақсақ болсаң да, басқа болсаң да бәрібір. Даусың жақсы болса, шеберлігің болса болды", - деді актер.
Бұл Қайрат мырзаның еш жерде айтпаған сыры.
Актер туралы мектеп мұғалімдері де, сыныптастары да, топтастары да күле еске алады. Оның күлегеш, көңілді, ерке бала болғанын айтады. Жақын достары Қайраттың жымысқы әрекеттерін айтып, күліп алды.
"Қайрат академияда ең кенжесі еді. 16 жаста еді. Бәрі еркелетеді. Бәрін күлдіреді, балағаттайды. Онысын бәрі көтереді. Ешкім ренжімейтін. Дүкеннен заттарды байқатпай ұрлайтын еді. Біз нан аламыз да, майонезді сен ұрлап шық дейміз. Оның бәрін қатырам дейді. Үлкен нанның өзін ұрлап кетеді. Шеберлігі сонша - үлкен затты білдіртпей алып кетеді. Бір күні кафедегі үлкен вазаны алып кетіпті. Сыртқа шыққанда қойнынан шығарып тұр", - деп күледі досы, актер Бақытжан Жармұхамбетов.