Түркістан облысы Полиция департаментінің үлкен мәжіліс залында І-жартыжылдықта тәртіп сақшылары атқарған жедел-қызметтік жұмыстарының қорытындысы бойынша департамент бастығы Мұрат Қабденовтің төрағалығымен жиын өтті. Аталған жиында ПД бастығының орынбасарлары өздеріне қатысты құрылым бойынша баяндама жасап, есеп берді.
Статистикаға сүйенер болсақ, Түркістан облысында 2023 жылдың 6 айында 2612 құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде 2264 қылмыс тіркеліп, тіркелуі жағынан былтырғы жылдан 16,4%-ға төмендеген. Ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстардың тіркелімі 20,9%-ға азайған. Ал 10 мың тұрғынға шаққандағы құқық бұзушылық деңгейі 24-ті құрап, республикада ең төменгі орында тұр. Ауыр дәрежелі ұрлық қылмыстары 33,8%-ға азайған, ал ашылуы 75,2%-ға жоғарылаған.
Сондай-ақ жыл басынан бері облыста мал ұрлығымен айналысып жүрген 12 қылмыстық топ құрықталып, 30 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, олардың 40 дерек мал ұрлығына қатыстылығы анықталды.
Қоғамдық орындар мен көшелерде жасалған қылмыстар саны облыс бойынша -21,0% төмендеген. Жылдамдықты арттыру бойынша 40 494 әкімшілік құқық бұзушылық Патрульдік полиция батальонына бекітілген «Радар», «АРЕНА», «Кибер шериф» және «Кордон
Про-М» құралдарымен тіркелген. Автокөлікті мас халде басқарғаны үшін 532 құқық бұзушылық анықталған.
Ал «Цифрлық полицей» жобасы аясындағы ауқымды шаралар жалғасуда. Яғни сақшылар қызметке қажетті техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілуде.
Жиналыс барысында облыстың бас полицейі 17 қалалық және аудандық полиция басшыларының жұмысын біртіндеп талдап, тапсырмалар берді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі