Қазақстандық полицейлер алып қашудың құрбаны болған қыз туралы видеороликте бейнеленген адамдарды іздестіріп жатыр, - деп хабарлайды "31 арна". Айта кетейік, бұл видеоны көрген қолданушылар наразылық танытты. Видеода әбден шаршаған қыз есінен танып қалады.
Телеарна тілшілерінің мәліметінше, тәртіп сақшылары бұл видеоның қайда түсірілгенін және оқиғаның қай жақта болғанын зерттеп жатыр. Және осындай видеолардың көпшілігінің елдің оңтүстік өңірлерінде түсірілетіні айтылады. Сонымен қатар, тілші ажырасу санының да дәл осы оңтүстікте артып жатқанын айтады.
ОҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзованың айтуынша, қалыңдық ұрлаудың 18 дерегі тіркеліпті. "Алайда оның ешқайсысы сотқа дейін жетпеді. Себебі тараптар соңында татуласады", - деді ол. Сонымен қатар, тәртіп сақшыларының жәбірленуші тараптан шағым күтетіні белгілі болды.
Еске салайық, Интернетте қыз алып қашқандардың видеосы пайда болған еді. Видеоға қарағанда, қыздың есімі Арай. Оны күштеп алып келген ер адамдар мен әйелдер оның басына орамал салуға тырысады. Бірақ қыз айқайлап, шыңғырып, балағат сөздер айтып, қарсылығын білдіреді.