Өзбек керек қылмаған генералды қазақтың өзі лайықты ұлықтаса игі

Өзбек керек қылмаған генералды қазақтың өзі лайықты ұлықтаса игі

Бұдан бұрын да Өзбекстандағы қазақ қандастарымыздың көрген қорлығын айтып, Мәжілістің мінберінен бірнеше мәрте мәселе көтерген депутат Амангелді Момышев «ала тақиялы ағайынға» тағы да ашынды. Кеше Мәжілістің отырысында депутат генерал Сабыр Рақымовтың ескерт­кішін сүріп тастаған өзбек билігінің әрекетіне наразылық білдіріп, соған қатысты үкіметтік деңгейде тиісті шешім қабылдануын сұрады.
«Жақында Өзбекстан астанасында Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Сабыр Рақымов­тың төрт метрлік ескерткіш-монументі шынжыр та­банды трактормен сүріліп тасталды. Бұл – өзбек билігінің қорлығы, оны басқаша атау мүмкін емес», – деп бастады ашынған депутат Үкіметбасының атына жолдаған сауалын.
Аңдап бақсақ, Амангелді Аршабайұлының жа­нына өзбектің қорлығынан гөрі, қазақтың көнбістігі бата­тын тәрізді. «Грузияда ҰОС батырларына ар­налған «Даңқ мемориалы» талқандалып еді, Ресей сырт­қы істер министрлігі әлгі әрекетті «қорлаушылық не­месе мемлекеттік вандализм актісі» деп бағалады. Пу­тин дәл Грузиядағыдай ескерткішті Мәскеуде ор­нату туралы ұсыныс жасап, ол жүзеге асты. Ендеше «өз­бек билігінің әрекетіне біздің Сыртқы істер ми­нистрлігі неге үнсіз қалды» деген сауал көлде­нең­дейді. Неге мұндай вандализмге қарсылық нотасын жі­бер­мейміз?! 2 миллионға тарта қазақ тұратын Өз­бек­станда этникалық қазақ болып табылатын ге­нерал Рақымовтың ескерткішін бұзу сол ұлтты сый­ламау фактісі деп қабылданып, ұлтаралық қаты­нас­қа да кірбің түсіретінін ұмытпауымыз керек.
Бұл – бір ғана факті емес, генерал Ра­қымовтың құрметіне берілген көшелер, мектептер атаулары қазір өзгертіліп бітті. Бұл не? Шығыс халықтарының арасында тұңғыш генерал атанған даңқты қолбасшы С.Рақымовтың ұлты қазақ болса да, Өзбекстанның азаматы еді ғой», – деп кейіді депутат. Оның айтуынша, Ресей дума­сындағы бір топ депутат «ала тақия­лылардың» күпірлік әрекетін вандализмге санап, С.Рақымовтың ескерткішінің нақты көшірмесін Ресейде орнату туралы бастама жасап жатқанға ұқсайды. Ал қазақ билігі әлі үнсіз. «Біз түбі туыс, бауырлас елміз, мәдениетіміз ортақ халықпыз. Қазақ пен өзбек туыстығының тамыры тереңде болғандықтан да «өзбек – өз ағам» деген сөз қалмап па еді. Ал мынадай оқиғадан кейін «мұндай ағаң бар болсын!» дегің келеді екен», – дейді А. Аршабайұлы.
 Ашуға мінген депутат өзбек тарапынан әр кез халықтар арасына іріткі салып отыратын «түсініксіз» фактілерді тізбектеп шықты. Мәселен, Өзбекстанға туысшылап барған оңтүстіктің қазақ бойжеткені тапа-тал түсте қаза тапқан, Нүкісте ақтөбелік жүргізушіні ұстап алған өзбекстандық ше­кара қызметі кейіннен оның мәйітін ғана қайтарыпты, Құрбан айт мерекесі қарсаңында бүтін бір қазақ отбасы, оның ішінде бір жасар баласымен бауыздалғаны туралы әңгімелер баспасөзде жазылды. «Бұндай біз естіп һәм бізге жетпей жатқан фактілер жалғаса береді. Ташкент метропо­литенінен генералдың есімін алып тастап еді, кейін Рақымов атындағы аудан да өзгер­тілді. Түптамырымен батырдың есімін «өшіру» дәстүрі әлі де жалғаса түсе­тін тәрізді. Осы фактілерді жағалай келсек, өзбектер барып отырған ондай күпірліктің тамыры генерал С. Рақым­овтың этникалық негізіне барып тірелетіні айқын», – дейді А. Момышев.
Расында, бұған дейін ұзақ жылдар бойы «генерал – біздікі, ол – өзбек» деп тал­май күресіп келе жатқан «өз-ағала­рымыздың» кейінгі әрекетіне көпшілігіміз түсінбей қалғандаймыз. Мұны С.Рақымов­тың қазақ екендігін өзбектер ақыры мо­йын­даған екен деп те қабылдауға болар. Алайда генералдың Ташкентте өскендігі ақиқат, ендеше батырға өзбек ағайын­­­­дардың барынша құрмет көрсетуі орынды деп санап келіп едік. Дегенмен «ала та­қиялының» осы әрекеті ғана ендігі мәсе­ленің барлығы ұлттың даңқты ұланын ұмыттырмау өзбектің емес, қазақтың еншісіндегі жұмысы екендігін көрсетіп отыр. Әйтпесе бұған дейін көшесіне де, мектебіне де, ауданына, метрополитеніне де есімін беріп ардақтап келіп, кілт бұрылған өзбектің батырды ұлықтаған үлгісін қазақ жасай алды ма?! Өйткені осыған дейін өзбек ағайындар жармасып келген ұлттық батырымыздың ерліктері туралы кейінгі ұрпақ не біледі? Жалпы, бүгінгі күні батыр бабамыздың атын өскелең ұрпақтың жадында қалдыру шаралары қаншалықты деңгейде атқарылып жатыр? Осы мәселелердің өзі баспасөзде дүркін-дүркін көтерілгеніне қарамастан, батыр даңқына әлі де тереңінен ден қою, рухына құрмет көрсету мен ілтипат ишарасы кемшін секілді. Осы сұрақ депутатты ғана емес, қоғамды да мазалайтыны ақиқат.

   Мансұр ХАМИТ (фото)

Батырдың жолын балалар біле жүрсін
Батырдың ғұмырбаянына келсек, Оңтүстiк Қазақстан облысындағы Қазығұрт тауының баурайында туып-өскен Сабыр Рақымов жастайынан әке-шешеден жетім қалып, Ташкенттегі балалар үйінде тәрбиеленген. Батырдың «өзбектен шыққан генерал» атанғаны да сондықтан. Кейін Ташкент қаласындағы әскери академияны бітірген С.Рақымов атты әскерде взвод, эскадрон командирі болады. 1927 жылы басмашыларға қарсы күрестегі ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. ҰОС жылдарында алдымен полк, кейіннен дивизияны басқарған. Солтүстiк Кавказды басқыншылардан азат етудегi генерал
С.Рақымовтың ерлiгi мен әскери шеберлiгiн сұсты Сталиннiң өзi де мойындаған екен. Әскери қимылдағы қазақ генералының ілкімділігі кезінде маршал Рокоссовскийдiң де ерекше назарын аудартады. Ол бірінші Беларусь майданының жаңа қолбасшысы Жуковтан генерал Сабыр Рақымовты майдандағы жағдайдың тым ауырлығына байланысты, екінші Беларусь майданына жiберуiн өтiніпті. Қазақтан шыққан генерал С.Рақымов тура сол майданда қаза тапқан. Батыр ерлігі туралы «Генерал Рақымов» атты фильм де түсірілген. Мінеки, осын­шама ерлікке үлгі болған қазақ батырының ұлтын өзбекке айналдыруға, өздеріне сіңіруге «өз ағаларымыз» біршама жылдар бойы ұмтылған секілді еді. Енді бас тартып жатқандай.
Айтпақшы, депутат А.Момышев сауалының соңында С.Рақымовтың жеке тұлғалығына қатысты ескерткіштердің жойылуына жол бермеу мәселесін үкіметтік деңгейде шешу, патриоттық тәрбие мақсатында «темір генералды» ұлықтай түсу мәселелерін де алға тартады. «Астана мен Алматы қалаларында ескерткіштерін орнатып, аудандарға, мектептер мен көшелерге атын беру қарастырылса екен. Генерал С.Рақымовтың өзбек елінде құлатылған ескерткішін қайта түлету үшін, Қазақстанның һәм шетелдегі қандаста­рымыздың осы мәселені қолдауы үшін арнайы шот ашып, қаражат аудару мәселесі қарастырылса да игі», – деді А.Мо­мышев.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста