Өз елімізде тұрып, өрендеріміздің өзбекше оқығаны қалай?
Тіл – ұлттың бітім-болмысын қалыптастыратын басты құрал. Және бала қай ұлттың тілінде білім алса, сол ұлттың тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін бойына сіңіріп өседі. Сондықтан қазақ баласы өз ана тілінде сауат ашып, білім алуы тиіс.
«Ресейде қазақ мектептері жоқ, сол себепті ондағы қазақ балалары орыс тілінде дәріс алып жүр. Қытайда қазақ мектептері жабылып жатыр, Өзбекстандағы қазақ балаларының жартысы өзбек мектептерінде оқыса, қазақ мектептерінде оқығандары «қазақ тарихының» орнына «өзбек тарихын», «қазақ әдебиетінің» орнына «өзбек әдебиетін», тағы да басқа пәндерді де солай игеріп жатыр» деп шекараның аржағындағылар шерін айтып жүріп, өзіміздегі шерменде жағдайды көзден таса қалдырыппыз.
Қазақ балалары өз елінде өзбек тілінде оқып жатса, шерменде емей немене?! Орыс, қытай, өзбек балаларының өз елінде қазақ тілінде оқып жатқанын естігеніңіз бар ма? Біз де естіген емеспіз. Егеменді ел болғанымызға 21 жылдан асса да, қазақ балаларының өз елінде өзбек тілінде оқып жатқанын қандай объективті, субъективті себептермен ақтап алуға болады?!
Оңтүстік Қазақстан облысында өзбек ұлтының өкілдері көптеп тұратыны белгілі. Тіпті екі-үш қана қазақ отбасы қоныстанған ауылдар да бар. Бірақ бұл қазақ балаларының өзге тілде білім алуына сылтау бола алмайды. Қолдағы дерекке сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданындағы сегіз ауылдық округте 120 қазақтың қара домалағы өзбек тілінде оқып жүр. Ондағы атқамінерлер «қазақ мектебін ашуға бала саны жетпейді» дегенді алға тартады. Шындығында, еліміздің әр қиырында мұндай мысалдар жетерлік. Оңтүстік Қазақстан облысында қаракөз қазақтың балалары өзбек тілінде білім алса, Солтүстік, Шығыс Қазақстан облыстарында да талай қарадомалақ қазақ баласы орысша тіл сындырып, білім алып жүр. Олардың құқығын қорғауға бүгінгі күні жергілікті басқару органдары мен ҚР Білім және ғылым министрлігі де мойын бұрып қарар емес. Тәуелсіздікке қол жеткізіп, тәуелсіз ел атанғанымызға 20 жылдан астам уақыт өтсе де, болашағымыз саналатын балалардың бұл мәселесіне бас ауыртып отырғанымыз жоқ. Қаншама орыстанып, өзбектеніп бара жатқан қазақ баласының мәселесі тікелей ұлт мәселесі екені сөзсіз.
Ал ата-ана болса баласын шалғай ауылдағы қазақтілді мектепке берудің жөнін таппайды. «Қалауын тапса, қар жанар» демекші, егер шынымен ұлты үшін жаны ауыратын ұлтжанды бір атқамінер азамат табылса, бұл мәселені шешуге болар еді.
Динара АЙКӨЗОВА, Сайрам аудандық білім бөлімінің бастығы:
– Алдағы уақытта мектептерді бір-біріне қосу арқылы қазақ сыныптарын ашуды ойластырып жатырмыз. Сондай-ақ балаларды тасымалдауға қосымша көліктер ұйымдастыру үшін аудандық бюджеттен қаржы сұрап отырмыз.
Енді жоғарыда мәселенің мән-жайын ұғып, қолдау жасайтын көкірегі ояу шенді табылсын делік. Әйтпесе, бізде мәселені шешу жолын іздеуден гөрі, «бұл мақсатта бюджеттен ақша қарастырылмаған» деп қарап отыра беретін басшылар да табылып жатады.
Болашақта барлық іс-құжаттар қазақ тіліне көшетіні анық. Сол кезде басқа тілде сауат ашып, білім алған балаға қазақ тілінде жазу қиын болары сөзсіз. Ондай мәселе өзге тілде мектеп бітірген мамандардың алдынан бүгінгі күні-ақ шығып отыр.
Бибіайша ИМАНӘЛИЕВА, Көлкент ауылының тұрғыны:
– Мен медбике болып жұмыс істеймін. Ауылда қазақ мектебі болмағандықтан, өзбек мектебінде оқыдым. Қазақша құжат толтыруда біраз қиындықтар болды. Әріптерді шатастырып, қазақша қате жазамын. Жұмысқа кірген соң, қазақ тілін қолға алып, үйрене бастадым. Қазір қазақ тілінде жазуды 100 пайыз меңгеріп кете алмаспын, дегенмен қазір аздап, сауатты жаза аламын.
Осындайда еріксіз «реформашыл Білім және ғылым министрлігі шетелге қарап мойын созып, әуелей бермей, жерге түсіп, ауылға да бір сәт көз салса екен» дейсің еріксіз. Әлемдік деңгейге көтерілу дұрыс-ақ, алайда биікке көтерілмес бұрын артқа да қараған жөн болар. Өткен бір жиында Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева ханым білім саласының басшыларына көрпеге қарап көсілу керектігін ескертіп, шетелдің тиімді-тиімсіз дүниелерін елге әкелуден ештеңе ұтпайтындарын ескерткен болатын. Сондай-ақ мәжілісмен шетелдік тиімді деген тәжірибені де айнытпай көшіріп алмай, ішкі жағдайымызды, ұлттық менталитетімізді ескере отырып енгізу керек екенін жеткізді. Иә, біздің кейбір шенділер ұзақтағыға көз тігіп, табан астындағыны көрмей, көрсе де ескермей жататын кездері болып жатады.
Асылы ОСМАН, «Мемлекеттік тілге – құрмет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
– Қазақ балаларының өз елінде өзбек мектептерінде оқып жатуы қазаққа жасалған қиянат деп білем. Жергілікті басшылар қайда қарап отыр. Менің білетінім, Оңтүстік Қазақстан облысында өзбек мектептері көп. Алайда ондағы өзбек ағайындар балаларын қазақ мектептеріне бергісі келетінін Мәжіліс депутаты Розақұл Халмурадовпен кездесіп, тіл мәселесі төңірегінде сөйлескенімізде, өз аузынан естігем. Ол азамат ұлты өзге болса да, мемлекеттік тілді бірінші орынға қоятын адам. Демек, өзбегі көп оңтүстік өңірде қазақ мектебін ашуға өзбек ағайындар да мүдделі. Негізі, қазақ мектебін ашуға, қазақ мектептерінің санын көбейтуге ешкім қарсы емес. Меніңше, бұл мәселеге жергілікті билік өкілдері мән бермей отыр. Қиянат деп қатты айтты демеңіздер. Шынымен де, 120 баланың болашағына үстірт қарау қиянат емес пе?!
Расында да, қоғамда орын алып жатқан әрбір мәселеге ұлттық мүдде тұрғысынан қарасақ ұтылмасымыз анық. Әсіресе еліміздің ертеңі саналатын жас ұрпақтың тілін, ділін, ұлттық құндылықтарын бүгіннен түгендесек ұпайымыз түгенделер еді. Сондықтан бұл жағдайға жай білім саласының бір мәселесі ретінде емес, ұлттық мүдде, болашағымызға төніп тұрған ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қарау қажет. Осы орайда айдың-күннің аманында өз елінде қазақ баласының тілі мен ділі өзбектеніп жатса, бұл ұлт үшін қауіп емес пе?!