Өскемен қаласында Күршім ауданының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Өскемендегі «Фрешмаркет» гастрономында Күршім ауданынан келген шаруалардың ұйымдастыруымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Онда аудан кәсіпкерлері қала тұрғындарына өз өнімдерін ұсынды. Жәрмеңкеге облыс әкімі Даниал Ахметов келді.
«Жәрмеңкеде Күршім ауданындағы шаруа қожалық иелері өз өнімдерін нарықтағыдан біршама төмен бағада ұсынды. Өскемендіктер ет, балық, көкөністер, жемістер мен ұлттық тағамдарымызды сатып алды. Мерекелік бағдарлама да дайындалған. Дәстүрлі жәрмеңкелерді өткізіп отырудың тиімділігі зор. Ауылдың таза өнімдері облыс орталығының тұрғындары арасында сұранысқа ие», - деді аймақ басшысы.
Күршім аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, жәрмеңкеге 12 ауылдық округтен үш тоннаға жуық сиыр еті, екі тоннаға жуық жылқы еті, 850 келі қой еті, екі тонна балық және балық өнімдері әкелінген. Сиыр еті мен қой еті 2 100 теңгеден, жылқы еті 2 300 теңгеден, балдың келісі 1 700 теңгеден сатылды. Салыстырмалы түрде айтсақ, Өскемендегі базарларда сиыр мен қой етінің бағасы осыдан әлдеқайда жоғары.