Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындай емес, бүгінгі күні сырт елден келетін қандастарымыздың көші саябырсып қалды. Мамандардың сөзіне қарағанда, мұндай жағдайдың орын алуына бірден-бір себеп – Қазақстандағы орыс тілінің басымдығы, орыс психологиясының кесе-көлденең тұратындығы. Әрине, әр мекеменің ең басты жұмысы – өзіне жүктелген міндетті атқару. Бірақ өз Отаным, өз жерім деп келген ағайынға кеңселеріміз «білсең біл, білмесең қой» деп жауап беретіні қалай?
Туған тілді білу – әркімнің парызы, ал ресми тілді білмеу қай заңға қарсы келеді? Қазір сырттан келген әр қандасымыздың ойында осы сұрақ жүр. Себебі олар елдегі қай кеңсе, қай мекемеге барса да, алдарынан орыс тілі көлденең шығып тұрады. Осыдан кейін бауырларымыздың салы суға кетіп, өзі қаламаған ресми тілді үйренуге немесе келген елдеріне қайта көшіп кетуге мәжбүр болуда. Атамекеніне өкпелеп, туған еліне налып кеткен талай қандастар біздің көз алдымызда. Сөзіміз дәлелді болу үшін енді ресми тілдің өктемдігін көрген азаматтарымыздың пікірін тыңдап көрейік. «Осыдан бірнеше күн бұрын Алматыдағы бір мектепке бас сұқтым. Алдыма орыс тілінде жазылған құжатты тастады. Аталған құжат Білім және ғылым министрлігінен келген екен. Ұстаздар қазақша нұсқасының жоқ екенін айтты. Міне, бізде министрліктерден келетін құжаттардың өзі осындай. Ал бұл сырттан келетін біз сияқты қазақтардың маңдайынан шоқпармен ұрғанмен бірдей»,– дейді редакциямызға бізді арнайы іздеп келген тағы бір оралман. Былтырғы жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының босқын мәртебесін алған бірнеше шетел азаматы Алматы қалалық әкімдігі жанындағы тіл оқу-әдістемелік орталығынан сабақ алды. Ал сырттан келген қандастырымыз бұл орталықтан өтуі үшін «әлеуметтік жағынан қорғалмаған» деген құжат алуы керек екен. Онсыз да құжатбастылықтан құтыла алмай жүрген ағайындар үшін бұл мәселені айналып өту жолдары неге қарастырылмаған?
Амангелді МОМЫШЕВ, Мәжіліс депутаты:
– Сырттағы қандастардың Қазақстанға келгенде тіл жағынан қиындық көретіні бәрімізге белгілі. Мәселен, Қытай, Моңғолиядан оралған бауырлар орыс тілін білмейді. Ал Қазақстанда әлі де болса ресми тілдің басымдығы бар. Мұндай мәселені болдырмау үшін біз оларды арнайы дайындық курстарынан өткізуіміз керек. Мұндай тәжірибе кейбір елдерде қолданылады. Екінші бір мәселе – сырттағы қандастарымыз түрлі әліпбиде жазады. Мәселен, Өзбекстан, Әзірбайжанда тұратын қазақтар латын әліпбиін меңгерген. Олар да біздің елге келгенде, өз алдына қиындық көреді.
Осы мәселеге белгілі жазушы Жанат Ахмади де өз үнін қосуды жөн көрді. «Жуырда маған Түркиядан келген Жандос деген бір азамат хабарласты. Жандостың сөзіне қарағанда, оны Алматы қалалық ішкі істер басқармасы елден шығып кетуге мәжбүрлеген екен. Қарсылыққа қарамай, ол барлық қажетті құжаттарды толтырып, аталған мекемеге қайта барады. Бірақ ондағы қызметкерлер қазақша білмейтіндіктерін алға тартып, құжаттарды қайта ресми тілде толтыруын талап еткен. Жалпы, Қазақстанда шеттен келген қазақтарға деген дұрыс пейілдің жоқтығы, қазақ тілін білуге деген бейілдің аздығы үлкен қасіретке айналды. Іштегі қазақ пен сырттағы қазақ қан тамырларының бірге соқпауы ұлттың сорына ұласты. Бұл – Қазақстандағы заңның әлсіздігі, солқылдақтығы дер едім»,– дейді жазушы. Осы жерде біз екі бірдей азаматтың беделді үш мекеменің атына айтқан уәжін байқадық. Ал мемлекеттік мекеме деп айдар таққан құзырлы орындарымыз осындай жағдайда болғанда, жекеменшік мекемелер туралы айтудың өзі артық шығар.
Қайсар, Германиядан келген қазақ:
– Мен өз аты-жөнімді толық айтпаймын. Себебі ертең елдегі мекемелер жұмыстарымды орындап беруден бас тартуы мүмкін. Бірақ өзімді таңғалдырған мәселені айтып бергім келеді. Осыдан бірнеше уақыт бұрын қалалық көші-қон полициясына бардым. Біріншіден, онда тұрғындарға қажетті ақпарат дұрыс берілмейді. Қойған сұрақтарыма ешкім тура жауап қайтармады. Екіншіден, мен Германиядан келгендіктен, орыс тілін түсінбеймін. Білетінім – тек ана тілі ғана. Ал аталған кеңседегілер маған орыс тілінде жауап қайырады. Осы мәселе мені қатты алаңдатты. Қазақстанда болғаннан кейін, оның үстіне мемлекеттік мекеме болғаннан соң, онда қызмет ететін әрбір азамат қазақша білуге міндетті емес пе? Сондай-ақ Қазақстанда банк салаларынан да қазақ тілінің иісі шықпайды. Қай банкке барсаң да, құжатпен орыс тілінде танысасың. Тіпті көп мекеменің сайты қазақшаланбаған.
Азаматтарымыздың пікірлерінен байқағанымыз, тілге қатысты заңдарымыз тым әлсіз. Сондықтан заңда шеттен келген қандас бауырлардың мәселесі бөлек жазылуы керек. Мәселен, жуырда Алматы қалалық прокуратурасы тұрақты тіркеуде тұрмаған, ата-анасы азаматтық алмаған балаларды анықтау мақсатында аудандық білім беру басқармаларына, мектептерге тексеру жүргізді. Оның нәтижесінде сырттан келген бірнеше қазақ баласы оқудан шығарылды. Мамандардың айтуынша, осындай мәселені болдырмау үшін «Көші-қон туралы» Заңымызға «ұлты қазақ өкілдері үшін» деген арнайы бөлімді де енгізу қажет.
Мамай Ахет, Алматы қаласының тілдерді дамыту басқармасының бастығы:
–Бүгінгі күні елдегі барлық мемлекеттік мекемелер қазақ тілін үйрену үстінде. Тілді оқыту үшін Алматы қалалық әкімдігінің жанынан тіл оқу-әдістемелік орталығы құрылды. Қазіргі уақытта орталықта 500-ге жуық мемлекеттік қызметкер бастауыш, жалғастырушы, тереңдетілген бөлімдер бойынша 120 сағаттық курстарда оқып жатыр. Оқу аяқталғаннан кейін, оларға арнайы сертификаттар мен куәліктер беріледі. Куәліктер арқылы кез келген қызметкер қазақ тілін білетіндігін дәлелдейді. Сондай-ақ курстардың арасында біз мемлекеттік қызметкерлерді тестілеуден өткіземіз. Егер де қандай да бір азамат тіл жағынан қысым көретін болса, біздің мекемеге хабарласуына болады. Біз аталған мәселені тексеріп, қажет болса істі прокуратураға дейін жеткіземіз.
Дерек
1991 жылдан бері бүгінгі есеп бойынша елімізге 1 млн-ға жуық этникалық қандастарымыз келген. Бұлардың 790 мыңы Көші-қон комитетінің тізіміне еніп, тіркеуден өтіп, оралман мәртебесін алды. Ал қалған 200 мыңдайы – өз күшімен көшіп келгендер. Жалпы, комитеттің деректеріне қарағанда, 2010 жылғы қаңтардың 1-індегі мәліметтер бойынша, Қазақстанда 201 309 оралмандар отбасы немесе
789 339 этникалық қазақтар өмір сүріп жатыр.