Кербез Көкшенің көркі мен келбеті қазақ баласымен қатар, тұтас дүниежүзін талайдан тамсандырып келеді десек, қателеспейміз. Тұмса табиғат баурайының жағасындағы сауықтыру орындары да әлемдік талаптарға сай. Оның айқын дәлелі жақында Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы медициналық орталығына қарасты «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені «Еуропалық сапа» халықаралық марапатына лайық деп танылды.
Бурабай көлінің жағасында орналасқан «Оқжетпес» шипажайына осыған дейін де Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сумен және климатпен емдеу федерациясы Бас ассамблеясының шешімімен «Әлемнің үздік шипажайы» деген жоғары атақ берілген болатын. Бұдан кейін де еліміздегі туризм кластерін дамытуға баса көңіл бөлініп, әсіресе Қазақстанның Швейцариясы атанған Бурабай өлкесін әлемдік талаптарға сай ету жобалары күн тәртібіне қойылған.
Ертай Сәрсебеков, «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені» АҚ президенті:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүктеген тапсырмасы негізінде Бурабай-Щучинск курортты аймағын дамыту міндеттелген болатын-ды. Осыған орай мемлекеттік бағдарлама шеңберінде біздегі демалыс орындары мен емдеу-сауықтыру орындарындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілді. Әрине, мұндай биік марапат осы ұжымның тізе қосып, бірлесе жұмыс істеуінің арқасында мүмкін болды.
Бурабай өлкесіндегі мұндай жағымды жаңалық тұтас қазақ елінің абыройын асқақтата түсері анық. Дегенмен осы өлкедегі сауықтыру кешендерімен қатар, табиғат экологиясы да еуропалық талапқа сай деп танылса, нағыз қуаныш сонда болар еді!
Оқжетпес Еуропаға танылды
Последние статьи автора