Облыстық көпсалалы клиникаға Кюри институтының мамандары келді
Францияның Кюри институтының мамандары сүт безі обырын ерте диагностикалауды және Қазақстанда маммографиялық скринингтің нәтижелігін арттыру жөніндегі жобаны жоспарлау және іске асыру жөніндегі меморандум аясында Жетісу облысындағы Облыстық көпсалалы клиникаға келіп, онкологиялық көмек көрсету барысымен танысты.
Бұл сапар Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мен Францияның Кюри институты арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандум шеңберінде өткізілді.
Кюри институтының халықаралық даму бөлімінің басшысы Ж.Сустье, скрининг жөніндегі маман А. Лезур, медициналық менеджмент жөніндегі кеңесші Л. Монтевекки және алғашқы көмек жөніндегі маман Л. Кислинг аталған клиниканың сүт безі қатерлі дертінің алдын алу, скрининг жүргізу жұмыстарын бақылап, маммограф, ультра дыбыстық зерттеу мен маммолог кабинеттерінің жұмыстарын көрді. Сонымен қатар маммографиялық скрининг кезеңдерін жүргізудің құрылымы мен диагностикаға және ерте емдеуге арналған қолданыстағы аппараттармен егжей-тегжейлі танысты.
Облыстық көпсалалы клиниканың директоры Умирбаев Мадияр Аманкелдыұлы Жетісу облысы онкологиялық көмек көрсету, сондай-ақ скринингтік бағдарламаларды ұйымдастыру бойынша республика бойынша көшбасшы облыс екенін атап өтті.
-Бүгінгі таңда Франциядан келген мамандар сүт безі обыры бойынша скрининг жүргізу кезеңдерімен танысып, тәжірибе алмасумен қатар, кеңес беру мақсатында келді. Алдағы уақытта Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мен Кюри институты арасында келісім шартқа қол қойылса, еуропаның онколог дәрігерлерімен жиі тәжірибе алмасуға мүмкіндік туады, - деді клиника директоры.
Сондай-ақ Франциядан келген мамандар Көксу орталық аудандық ауруханасына барып, емхана шеңберінде, аудандық деңгейдегі скринингтік бағдарламаның ұйымдастырылуымен және қатерлі ісіктердің алдын алуға бағытталған әйел және ерлерді қарау, дәрігерге дейінгі кабинеттер жұмысымен тереңірек танысты. Ауруханада Франциядан келген делегация өкілдеріне сүт безі қатерлі дертінің скринингінің барлық кезеңдері, соның ішінде тіркеу, тексеру кабинеттері, маммологтар кабинеттері, маммография кабинеттері, ультрадыбыстық кабинеттер көрсетілді.
Кюри институтының халықаралық даму бөлімінің басшысы Ж.Сустье скринингке қатысты біраз мәліметтер алғанын айтты.
- Біз скрингке қатысты біраз мәлімет алдық. Екі мемлекеттің алға қойып отырған мақсаты бір – маммографиядан өткізу және скрининг арқылы ауруды ерте сатысында анықтау және көп уақыт жоғалтпай емді бастау. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды бірге жалғастырамыз, - деді Ж.Сустье.
Облыстық көпсалалы клиниканың басшылығы Денсаулық сақтау басқармасына және ҚазОРҒЗИ мен халықаралық әріптестеріне сүт безі қатерлі дертінің профилактикалық іс-шаралары мен емдеу сапасын арттыруға жәрдемдескені үшін үлкен алғысын білдіреді.
2022 жылы Жетісу облысында сүт безі қатерлі дертіне шалдыққан 159 жаңа жағдай тіркеліп, жалпы өңірде 1368 әйел өңірде есепте тұр.
Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылы өңірде онкологиялық ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін жасанды интеллектпен "PACS жүйесін енгізу" ауқымды жобасы іске асырылған болатын.