Нұр-Сұлтандық азаматтар өзенге түсіп кеткен балаларды аман алып қалды
Нұр-Сұлтанда үш бала Сарыбұлақ өзеніне түсіп кеткен. Абырой болғанда, олардың дауысын естіген үш азамат балаларды құтқарып алған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 
Бұл туралы қаланың ПД мәлімдеді. 
 
Полиция мәліметінше, үйлеріне сабақтан қайтып бара жатқан үш жеткіншек, Сарыбұлақ көшесімен өтпекші болған. 8 жастағы бала қоршаудан өтіп, өзендегі құбырдың үстіне шыққан, алайда аяғы тайып өзен бетіндегі қардың үйіндісіне барып құлайды. Баланың 10 жастағы және 12 жастағы әпкелері оған көмектеспек болып, оқушының артынан түскен. Дегенмен үшеуі де өз беттерінше шыға алмай қалған. 
Балалар жарты сағат бойы көмек күтіпті. Сол маңда өтіп бара жатқан үш ер азамат олардың дауыстарын естіп, оқушыларды құтқарып алады. 
"Балаларды біртіндеп құтқарып, көлікке отырғызып, үйлеріне жеткізген. Артынша ол жақтан жеткіншектерді аурухана алып кетті. Қазір балалардың жағдайы жақсы", - деді ПД өкілдері. 
Балаларды құтқарғандар - Бауыржан Мұқұшев, Секен Нариман мен Ержан Шекеновты Сарыарқа аудандық ПБ басшысы Қуаныш Орынбетов өз қолымен марапаттады. Марапаттау сәтінде балалардың әкесі алғысын білдіріп, көз жасын тия алмапты.