Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны полицейге тонаушыны ұстауға көмектесті. Күндіз Ғабдулин көшесінде ер адам 61 жастағы әйелдің әмиянын тартып алған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.
Оқиғаға куә болған 37 жастағы елорда тұрғыны Қанағат Хасенов жәбірленушінің тоналғанын бірден түсініп, қарақшыға қарай жүгірген.
"Әйелдің көмек сұраған айқайын естідім. Артқа бұрылып қарасам, Отырар көшесіне қарай жүгіріп бара жатқан адамды көрсетіп тұр екен. Бірден соңынан жүгірдім", - деді Қанағат.
Ол күдіктіні қуып жетіп, оны жерге құлатқан. Алайда ол қарсылық көрсеткен.
Осы уақытта "Байқоңыр" ауданының учаскелік полиция инспекторы Руслан Әбілқайыров өзінің әкімшілік учаскесін аралап жүрген. Көшедегі төбелес оның назарын аударады. Осылайша полиция қызметкері жанжалға араласып, соңында күдіктіні ұстады.
Қазір күдікті Нұр-Сұлтан полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында күдікті жәбірленушіні бақылап, кейін әйелдің айырбастау пунктінде ақша ауыстырғанын көргені анықталды.
Сондай-ақ 31 жастағы ер адамның бұрын сотталғаны белгілі болды.