«Нұр Отан» болашақ жолын айқындады

Мансұр ХАМИТ (фотолар)

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасыман «Нұр Отан» партиясы өзінің жаңа саяси доктринасын әзірлеген болатын. Маңызды саяси құжат екі ай бойы қалың бұқараның, түрлі сала ұжымдарының терең талқысынан өтіп, кеше кезектен тыс шақырылған партияның XV съезінде құпталды. Сөйтіп, билік партиясы дамудағы биік белесті, мәуелі межені нысанаға алды. Партия Төрағасы, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен алқалы жиын Әнұранмен ашылған болатын. Айтпақшы, басқосуда «Нұр Отан» атауынан «халықтық демократиялық» деген тіркесті алып тастаған делегаттар, «Елім менің аңсағанды» айтып тарқасты.
Бірден айтатын мәселе, «Нұр Отан. Нұрлы бола­шақтың жолында!» атты жаңа саяси доктрина «Қазақстан – 2050» стратегиясымен ұштастырыла әзірленген. Бұны съезд барысында айтылған пікір­лерден де, Елбасының түйінсөзінен де аңғарамыз. Сөйтіп, партияның ХХІ ғасырдағы миссиясы тұтастай Президент айқындаған сара жолмен қабысады. Сондықтан да, съезд барысында бір­қатар пікірлерді тыңдаған соң сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та жаңа доктрина қабыл­данатын күнді «Нұр Отанның» ғана емес, жалпы ел дамуының айрықша датасы ретінде атап өткен болатын. Партия лидерінің айтуынша, кешегі кезектен тыс съезд өткен 15 жылдың қорытын­дысын шығару тұрғысынан ғана емес, болашақ бағдар тұрғысынан да бөлекше күн. «Ең ұлы жолдың өзі шағын ғана қадамнан басталады. Осыдан 14 жыл бұрын партияның алғашқы съезіне небәрі 400-ге жуық делегат қатысқан еді. Аз ғана жылда «Нұр Отан» 250 филиалы, 6300 бастауыш ұйымы бар алып құры­лымға айналды. Атқарушы және өкілетті билік тар­мақтарында тізгінді берік ұстады. Елдік істердің бар­лығына белсене араласып келеді. Менің баста­маларыма әрдайым қызу қолдау білдіріп, идеяларымды құлшына іске асырып келеді.  Осы арқылы телегей тәжірибе жинақтады. Халық көздегіні ғана емес, көңілдегіні де көреді. «Нұр Отан» нақты нәтиженің, ілкімді істің пар­тиясы атанып, елдің көңілінен шыға білді. «Елің қуатты болса, бағың тұрақты болады» дейді халқымыз.

Күнімізді шуақты ете түсу үшін елімізді қуатты ету – барлығымыздың ортақ парызы­мыз», – деді кешегіні саралап, бүгінгіні сал­мақтаған Елбасы. Ал маңызды мәселе – жаңа саяси доктринаға келсек, оның көз­дейтіні «Қазақстан – 2050» стратегия­сында айқындалған. Сондықтан да пар­тия төрағасы әлемнің ең қуатты 30 елінің қатарына қосылу секілді ұлы мақсатты «Нұр Отанның» болашаққа жол сілтейтін темірқазығына теңеді. «Біз қоғамымыздың ерекшеліктерін артықшылыққа айналдыра білдік. Әралуандылығымыз – байлығымыз­ға, бірлігіміз табысымызға айналды. Осы­ны ұлт зиялылары үнемі есте ұстап, жас­тарға әрдайым ынтымақтың үлгісін көр­сет­кені жөн», – деді Н. Назарбаев.
2050 стратегиясы – Қазақстанның қуатты мемлекетке айналатын зор мүмкіндігі
Бұдан әрі сөзін Елбасы әлемдегі алма­ғайып құбылыстардан бастаған болатын. Ал осындай шапшаң құбылыстардың дүр­белеңіне еріп кетпеген Қазақстан өзінің болашақта басар тауын, барар жерін де айқын біледі. Бұл – еліміз үшін ең басты мәселе. «ХХІ ғасырдың ортасындағы та­ри­хи апогей нақты айқындалды. Бағдар­лама жан-жақты жасалды, біз не істеу ке­ректігін білеміз әрі оны қалай істеп, сол ар­қылы қандай мақсаттарға жететінімізді де болжап отырмыз. Әлбетте, өмір бір орын­да тұрмайды, тарих қашанда өзінің ар­гументтерін алға тартады. Құбылысты, бұ­ры­лысты кезеңге дайын болуымыз керек» – дей келе, Мемлекет басшысы «Қа­зақ­стан – 2050» стратегиясындағы басты ме­же­лерге тағы бір назар аудартты. Қазақ­стан халқының тарихында мұндай ауқым­ды әлеуметтік-экономикалық мақ­сат­тар қо­йылмағанын, ондай биік мақсат­тарға қол жеткізілмегенін де меңзеді, – Елбасы.
Тоқтала кететін жайт, «Қазақстан – 2050» стратегиясында Нұрсұлтан Әбішұлы ХХІ ғасырдың жаһандық 10 сыни қатерді бөле-жара болжаған еді. Сондай болжам өткен бір жыл ішінде-ақ дұрыстығын көр­сетті. Мәселен, жыл басында орын алған Кипр дағдарысы әрең толқыннан толқын тудырып барып, әрең ауыздықталғандай болды. Елбасы айтқан Еуроаймақтағы экономиканың ең төменгі макроэкономи­ка­лық көрсеткіші де күрделі күйінде қалып отыр. Осы аймақта әлеуметтік саяси дағ­да­рыстың өзектілігі күн тәртібінен түскен емес, жоғары деңгейдегі жұмыссыздық та жалғасып келеді. Сонымен қатар Мем­лекет басшысы БҰҰ сарапшылары­ның жақында жария еткен баяндамасына да тоқталды. «Ондағы мәліметтерге қара­ғанда, 2050 жылға қарай Жер шарының 50 пайызы судың тапшылығы жағдайында өмір сүреді. Бүгінгі күні ғаламшар азамат­тарының 80 миллионға жуығы кедейліктің шегінде өмір сүрсе, жыл сайын әлемде 40 миллионға жуық бала аштық салдарынан көз жұмады. Таяу Шығыс ендігі күні «араб­тың анти-көктемін» бастан кешіріп жа­тыр», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұдан бөлек, Елбасы әлемнің жақын кезеңдегі даму сатысы төтенше күрделі жағдайда болатынын болжайтынын жеткізді. Енде­ше, әлемдік алмағайыптың осындай жағ­да­йында барша қазақстандықтар даму­дағы қазақстандық тұрақтылықты бағала­уы керек. Айталық, жоғарыда сөз болған жаһандық дағдарыс қиындықтарына қа­ра­мастан, еліміздің ағымдағы дамуы ор­нықты. «Болжам бойынша еліміздің ағым­дағы экономикалық өсімі 6 пайыз шама­сында болмақ. Бұл – әлемдік дең­гейдегі бүгінгі күннің ең жоғары көрсет­кіштерінің бірі», – деді Н. Назарбаев.

Ортақ ұстаным біреу ғана – елдің бірлігі, қазақтың бірлігі
Алдағы межелер туралы айтылған тұс­та партия төрағасы елдегі қуатты саяси ұйым­ның ХХІ ғасырдағы маңызды міндет­тері­не де тоқталып өтті. Н. Назарбаевтың ай­туынша, «Нұр Отан» қоғамға төнетін кез келген қауіп-қатер мен тәуекелдерге шап­шаң әрі икемді ден қоюы шарт. Осы ор­ай­да Елбасы орнықты дамудың берік ке­пілі болып табылатын ұзақ мерзімді саяси лидерлік қамтылған жағдайда ғана халық та, қоғам да табысқа жететінін алға тартты. Яғни «Нұр Отан» өзінің көшбасшылық қа­сие­тін де, қабілетін де жоғалтпай, қайта оны жыл сайын жаңғырта, жандандыра беруі тиіс. Дәл осындай жолмен Түркия, Жапония, Сингапур, Малайзия, сондай-ақ Солтүстік Еуропаның Швеция, Норвегия, Финляндия мен Дания секілді елдері жүріп өткен. Ал көшбасшылықты уыстан шығар­мау үшін не істеу керек? «Біріншіден, «Нұр Отан» басты патриоттық күшке айналуы керек. Партияның маңызды миссиясы – Жаңа қазақстандық патриотизмді қалып­тас­тырудың жалпыұлттық орталығына айналу. Екіншіден, «Нұр Отан» жалпыұлт­тық бірліктің орталық буыны болуы шарт. «Нұр Отан» – бұл – халықтар бірлігі партия­сы», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұдан әрі Елбасы: «Біз бабаларымыз сан ғасыр бойы аңсаған арманға қол жеткізгенімізді мақ­тан ете білуіміз керек. Ұлтымыздың ұлы тарихының жаңа тарауы қуатты да табысты тәуелсіз мемлекеттің шежіресі болып жазылуда. Айтатын сөз біреу ғана – елдің бірлігі, қазақтың бірлігі. Алтай мен Аты­рау­дың, Алатау мен Қызылжардың ара­сындағы кең байтақ далада алаңсыз жат­қан еліміз осы жылдарда ерлік пен бір­ліктің үлгісін көрсетті. Соның арқасында осындай табыстарға жеттік. Тәуелсіздіктің қиыншылықпен келетінін, оны ұстап қалу­дың оңай болмайтынын халқымыз білді. Осыны түсініп отырған, бір жұдырықтай жұ­мылып отырған халқыма шын жүрегім­нен алғысымды айтамын. Барлығымыз қо­лымызға қонған алтын құс – бақыты­мыз­ды сақтай білейік», – деді.
Мемлекеттік тілге барынша ден қоятын кез келді
Елбасы партия алдындағы міндеттер­дің бірі ретінде мемлекеттік тілді нығайту, қазақтың дәстүрін, мәдениетін жаңғырту жұмыстарының тиімді жүйесін жасауды ерекше атап өтті. Айта кетерлігі, жаңа сая­си доктринада дәл осы мемлекеттік тіл мә­селесі ел бірлігінің факторы ретінде атал­ған болатын. «Қазақ тілін білу азамат­тық па­ры­зымыз ғана емес, ұлтқа деген құр­метті білдіру болып табылады» – дей келе, Президент «Қазақстан–2050» стра­те­гия­сын­да айтылған ойларын партия ал­дын­дағы міндеттермен сабақтастыра баян­да­ды. Айталық, елдің атын «Қазақ мем­ле­ке­ті» деп өзгерту туралы төте мәселені де был­тыр Мемлекет басшысы халыққа Жол­дауында өзі белгілеген, өзі жарияла­ған. Бұл жолы партияластарының алдында Пре­зидент мұны тағы да қуаттады. «Мұн­дай атауға да келетін заман болады. Ол алыс емес, стратегияда айтып кеттім. Жалпы, жағдайдың барлығын білемін. Келе жат­қан жолымыз дұрыс, бірте-бірте бар­лық жағдай түзеледі, барлық жағдай өз ше­шімін табады. Бәріміз қолымызға қонған алтын құсымызды, бақытымызды сақ­тай білуіміз керек. Айтайын дегенім, бүгінгі кезең – ана тіліміз бен ата дәс­тү­ріміздің, ұлттық мәдениетіміздің мәңгі жаң­ғыру дәуірі. Біз 2025 жылға дейін мек­тептегі балалар түгел қазақша оқып шық­қан кезде бәріміз қазақ тіліне көшеміз деп белгіледік», – деді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы. Сонымен қатар партия лидері Конс­ти­ту­циядағы екітілділік деген мәселенің бар екеніне де мән беріп, оның астарын, ама­лын ұғындырып өтті. «Бұл – елдің бір­лігі үш­ін, сыртымыз бен ішіміздің бүтіндігі­, ты­ныштығымыз үшін жасалып отыр­ған шар­уа, мәселе мен амал. Басқа жол бізге жоқ еді. Тәуелсіздік алған тұста хал­қымыз қанша болғанын баршаларыңыз білесіз­дер. Ал қазір қазақша сөйлейтін халқы 70 пайыздан асқан өңірлердің бар­лығы қазақ тіліне көшулері керек. Қазақ­шасы одан аз өңірлер де бар. Ол жерлерде қос­тілділікті сақтау керек. Дегенмен ондай облыстар­дың ішіндегі аудандар да бар, сол аудан­дар­дан бастап бәрін ептеп-еп­теп көшіре берсек, ел үйрене береді. Біз де алға қарай жылжи береміз. Аманшы­лық болса, бола­шақта барлық арманы­мыз­ға жетеміз. Қа­зақ­тың тілін үйрету үшін барлық әкімшілік­тер соған көңіл бөліп, оқытып, үйретіп жатыр», – деп ойын тү­йіндеді Елбасы.
Үш тілді білу қазір де, болашақта да ең дұрыс жол болып қала береді
Мұнымен қоса, Президент мемлекеттік тілдің мәртебесі мемлекетік қызметте де орнықты көрініс тауып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, «А» корпусына таңдал­ған­дар­дың барлығына бірінші парыз мемле­кеттік тілді білу болды. «Осындай қадам­мен бассақ, арман орындалады. «Нұр Отан» мемлекеттік тілді нығайтуда қазақ­тың дәстүрі мен мәдениетін жаңғыртуға бай­ланысты қоғамдық жұмыстардың тиім­ді жүйесін жасауы тиіс. «Біздің тіл, біз­дің дәстүр мен салтымыз» деп отыра бермей, өсіп, өркендеп бара жатқан дүниемен де бірге болуы керек», – деді Н. Назарбаев. Ал өркендеп бара жатқан жұрт деген кім, ол қай тілде сөйлейді? Осы жағы маңызды болуы керек. Бұл ретте, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы бірқатар елдердің жүріп өткен жолын да еске салды. «Сонау жылдары отарлау­шылардан тәуелсіздік алған Үндістан се­кіл­ді елдер өздерінің үнді тіліне көшіп ал­ды да, кейіннен үш жылдан кейін ағылшын тіліне қайтып оралды. Өйткені дүниедегі коммуникация, білім де осы тілде. Халық­аралық қарым-қатынас та сол тілде. Син­га­пур да, Малайзияда да солай болды. Сон­дық­тан да бәрін орын-орынымен жүр­гіз­ге­німіз абзал. Үш тілді білуге жастары­мыз­ды тәрбиелеу дұрыс деп санаймын. Қазір де, болашақта да бұл дұрыс үдеріс бол­мақ», – деп түсіндірді Н. Назарбаев. «Жағ­да­йымыз – солай, географиялық ор­ны­мыз – солай, заманымыз – солай. Тех­ни­ка мен тех­нологияның барлығы – солай. Ай­та­лық, келешекте әлемдік жаңалықтың бар­лығы Қытайдың уысында болса, онда қытай тіліне де басымдық берілуі мүмкін. Өйтке­ні бұл – сұраныс, бұл – заман талабы. Соны­мен бірге тың ғылым мен білім, озық тех­ни­ка мен технология орыс тілінде болса, орыс тіліне де басымдық беруіміз керек. Айта кетейін, дүниежүзінде жылына 10 млн кітап басылып шықса, соның 85 пайы­зы ағылшын тілінде. Біздің жастарымыз сол тілді білмесе, білімді қайдан алады. Ал орыс тілі – БҰҰ-ның аясындағы алты тілдің бірі. Одан неге ажырауымыз керек? Ұлы көршімізбен қарым-қатынас ешуақытта қал­майды. Оны тек дұрыстай беруге тиіс­піз. Адамға да, мемлекетке де көршіні Құ­дай береді, сұрап немесе қалап ала алмай­сың. Мәңгілікпен бірге келе жатқан досты­ғы­мыз бар, соны сақтап қалу – парызы­мыз».
«Нұр Отан» қашанда азаматтық қоғамның көшбасшысы болуы тиіс
Партия басымдықтарын айқындау ба­ры­сында Елбасы мемлекеттің жаңа өңірлік саясатына да мән берді. «Республиканың бар­лық өңірі бойынша ауыл әкімдерінің, аудандық маңызы бар қала әкімдерінің сай­лаулары өтті, жергілікті билік айтар­лық­тай жаңарды. Орталықтан өкілеттіктер жергілікті жерлерге берілді. Мемлекеттік қызметте көтерілу тек сіңірген еңбегіне қарай бағаланатын жүйе түбегейлі өзге­ріске ұшырады. Қазір басқарушыларды қа­был­даудың конкурсы айтарлықтай жа­ңарды. Бұл бағытта партия жұртшылықтың бөлігіндегі жершілдіктің көне формасын са­насынан еңсеруі керек», – деді Н. Назар­баев. Бұдан бөлек, Елбасы «Нұр Отанның» қашанда азаматтық қоғамда көшбасшы болуы тиістігін айрықша атап өтті.

Н. Назарбаевтың айтуынша, пар­тия­лық көшбасшылықтың және бір қыры – экономикалық және әлеуметтік жаңа­шылдықтың эпицентрі болуында. Бұл ретте Президент «Нұр Отанның» қоғам­дағы батыл инновациялық идея­ларды енгізуді қамтамасыз етуі керектігін айтты. «Бүгінгі таңда әлемдік экономика екі ма­ңызды проблемамен жұмыс істеп жатқаны белгілі, бұлар: инновациялық-индус­трия­лық жаңа кәсіпорындар құру арқылы экономика өсімі мен жаңа сападағы кәсіби мамандар даярлау. Екінші мәселе жұмыс орындарын құру. Осы екі мәселе бір-бірімен тығыз бай­ланысты. Сон­дықтан да, біздің индус­триялық даму бағдар­ламамыз дер кезінде қабылданып отыр. Бұны ел экономикасын серпілтетін негіз ретінде пайдалануымыз керек. Экономика өсімі мен жұмыс орындарын құру ин­новация арқылы қамтамасыз етілуі тиіс», – деді Н. Назар­баев. Елба­сының ай­туын­ша, ХХІ ғасырда ғылыми жаңа­лықтар ма­ңызды рөл атқарады. Осыған орай, болашақ энергиясымен, балама қуат көздерін ашумен жұмыс істеу қажеттігіне баса назар аударды.
ХХІ ғасырдағы көшбасшы партия - бұл жалпыхалықтық бақылаудың басты құралы
Сөз арасында «Қазақстан – 2050» стра­тегиясын жүзеге асыру мәселесіне мән бере отырып, Н. Назарбаев «Нұр Отан» партиясының ең алдымен парла­менттік және қоғамдық бақылауды кеңінен пайдалануы керектігін атап өтті. Ал қоғаммен біте-қайнасу дегеннің өзі қоғамның түйткілді мәселелерін тап басумен ұштасады. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлы «Нұр Отан» партиясы фрак­циясының салық салу мәселелеріне қа­тысты принципті ұстанымын ерекше атап өтті. «Партиялас депутаттардың орта буынға салық ауыртпалығын ұлғайтуға жол бермеу туралы ұстанымдары абсо­лют­ті дұрыс деп санаймын. Біз бұған әлі жеткен жоқпыз. Бізде 20 пайыздан астам өнімді шағын және орта бизнес өндіреді, ал дамыған елдерде ол 60-70 пайызды құрайды. Біздерге 50 пайыздық көрсет­кішке жету қажет», – деді Елбасы. Осы орайда Мемлекет басшысы сән-салтанат­тыққа, элиталы жылжымайтын мүлікке және темекі, алкоголь сынды басқа да теріс әуестіктерге жанама салық енгізу қа­жеттігін баса айтты. «Мұнда қызмет аясы кең. Бұл дұрыс, азаматтық әрі отансүй­гіштік ұстаным болады. Үкімет парла­ментарийлердің пікірлеріне құлақ асып, бұл міндетті бірлесіп шешу қажет», – деді Н.Назарбаев.
Жастар саясаты толыққанды орындалмай келеді
Жиын барысында « ХХІ ғасырда жас­тарды қолдаушы партия ғана көшбас­шылықты ұстап тұра алады» деп мәлім­деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет тарапынан осы бағытта атқарылып отыр­ған жұмысты сынға алды. Елбасы «Жас Отан» 200 мыңнан астам адамның басын біріктіріп отырғанын, бір жыл бұрынғы басқосуда жастармен жұмыс бойынша кешенді жоспарын ұсынғанын жеткізді. «Ашығын айтайын, менің тапсырмаларым жартылай ғана орындалып отыр. Мәсе­лен, Үкімет 2020 жылға дейінгі жастар сая­саты тұжырымдамасын бекітті. Алай­да оны жүзеге асыру іс-шаралары бойын­­ша қаржыландырудың көлемі анықталмаған. Барлығы бағдарла­малардың әкімшілік­теріне келісілген шек бойынша берілген. Ал бұл шекті қаражат тұтынушыға жете ме, жоқ па? Бұл белгісіз. Тағы бір мысал, менің тапсырмам бойынша Білім ми­нистр­­лігі «Жастар» ғылыми-зерттеу орта­лығын құрды. Алайда қаржы­лан­дырудың жоқтығынан бұл да толыққанды жұмыс істей алмай отыр», – деді Елбасы. Прези­дент сөз ара­сында өңірлерде жас­тар ре­сурстық орталық­тарын құру жұмысы созылып кеткенін, Астана, Алматы, Ақтө­бе қала­ларында, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қызыл­орда облыс­тарында бұл жұмыс мүлдем басталма­ғанын алға тартты.
«Тек қана алға, Қазақстан!» - біздің партиялық брендіміз
Партияластары алдында сөзін қоры­тындылаған Елбасы «Нұр Отанның» ал­дағы лидерлігіне сенімділігін шегелеп жеткізді. «Ешқашанда абстрактілі міндетті белгіліп, құрғақ уәде берген емеспіз. Біз өзіміздің әр сөзімізді нақты еңбегімізбен көрсетіп, нақты ісімізбен дәлелдеп келеміз. Бұл жалғаса береді деп сенемін сонда ғана халықтың кең қолдауына ие боламыз. Өйткені «Нұр Отан» – бұл көш­басшы партия, бұл – халықтың партиясы. Біздің басты брендіміз бен ұранымыз «Тек қана алға, Қазақстан!». «Қазақстан-2050» стратегиясын орындау барысында бұл ұранның мәні ашыла түседі деп ойлаймын. Жаңа индустриялық-инновациялық эко­номикада – тек қана алға! Жаңа өмір са­па­­сына қарай – алға! ХХІ ғасырдағы қар­қынды, жауапкершіл мемлекет ретін­дегі Қазақстанның халықаралық беделінің жаңа шыңдарына қарай – алға! Бұл біздің ХХІ ғасырдың ортасына дейінгі даму векторымыздың үштұғыры. Мұнда партия мен мемлекеттің алдағы жұмысының та­рихи мәні қамтылып отыр әрі ортақ қазақ­стандық арманның терең мәні жатыр. Алға Нұр Отан! Қазақстан тек қана алға!», – деп түйіндеді Мемлекет бас­шысы. «Алдымызда биік-биік белес бар. Оларды алқынбай асу, белестерді барлық­пай бағындыру – өз қолымызда. Мызғымас бірлік пен тыным­сыз еңбек, жасампаздық пен жаңашылдық, жауап­кер­шілік біздің ең басты құралымыз. Елімізді ұдайы қамшылап, алға ұмтыла білсек қана «Қазақстан – 2050» страте­гиясындағы биік мақсаттарға қол жеткізе аламыз. Партиямыз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын! Мәңгілік елді бірге жасайық. Алға, Нұр Отан! Алға, Қазақ­стан!», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Елбасы сөзінен соң «Нұр Отан» пар­тиясының 1200 делегаты жаңа саяси Доктринаны бірауыздан қабылдады. Айта кетейік, аталған құжатта «Нұр Отан» пар­тиясының XXI ғасырдағы негізгі миссиясы көрсетілген. Онда Қазақстанды өркендету басты идея болса, Тәуелсіздік еліміздің негізгі жетістігі ретінде қарас­тырылады. Ал адам, бостандық, бірлік, әділеттілік, заңның үстемдігі, болашаққа ұмтылыс, отбасы және дәстүр басты құндылықтар болып саналады. Сондай-ақ партияның жаңа Доктри­насында табысты дамудың жеті факторы бар. Бұдан соң, партия саяси бюросының құрамы жаңартылды. Сосын партия Төр­ағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Нұр Отан» партия­сының жаңа атауын ұсынып, нәтижесінде «халықтық-демо­кратиялық» деген тіркес алынып тасталды. Мұнымен қоса «Нұр Отанның» жаңа эмблемасы мақұлданды.

Пікірлер
Нұрлан ОРАЗАЛИН, cенатор:
– Бүгінде Батыс пен Шығыс дейтін ұғымдардың арасалмағы өзгерді. Жұмыр жердің төсінде жаңа дәуір өз ықпалын жүргізе бастады. Ол дәуір – қым-қуыт өзгерістердің жұмбағы мен сыры мол жаһанданудың дәуірі. Көзқарастар мен ұстанымдарға тікелей ықпал ету арқылы адам санасын белгілі бір бағытқа бұру, ғасырлар бойы сақталып келе жатқан ұлттық ойлау мен сөйлеу мәдениетінен бастап халықтық болмысты, елдік әдет-ғұрыптарды, тіл мен дінді жасанды өзгерту, бір сөзбен айтқанда, төл топырағы жаратқан құндылықтарды тежеу, адамзаттың бойына нигилистік тәрбиені байқатпай егу, өркениеттер қақтығысын қолдан жасау, мемлекеттердің ішіне жылыстап кіріп, шаңырағын шайқау, төрін тілгілеу секілді әрекеттерге бару – қазіргі кезде аса қиындық тудыра қоймайтын шаруаға айналып отыр. Бұл – уақыт шындығы. Ал партияның жаңа доктринасы ел өміріндегі осындай өзгерістердің түйінделер тұсы мен жаңа дәуір жағдайындағы әлемдік ахуалдың сұрақ-сауалы молайып тұрған кезімен тұспа-тұс келіп отыр. Аталған құжат адам ойы мен санасын тазартуға, ұлт болмысына қаупі бар өзгерістерден қорғануға, уақыт сынынан сүрінбей өткен саяси-экономикалық және рухани бағыттарымызды жетілдіруге шақырады. Доктрина жүргізіліп келе жатқан сара саясаттың жетістіктерін дәйектейтін әрекеттерге қанат бітіре отырып, әрбір қазақстандықты Тәуелсіздік атты киелі де қасиетті құндылығымызды қастерлеуге, төгіп-шашпай, болашақ ұрпаққа басы бүтін етіп жеткізуге міндеттейді. Ол үшін тәуелсіз қазақ ұлтының тағдырын ойлайтын күллі зиялы қауым, сол санатта еліміздегі барлық саяси күштер осы доктринаның тұсында «сыйысу және ұғысу» дейтін ұлт басын біріктірер уәжге жүгінеді деп ойлаймын. Бір тудың аясында жиналар, жинақталар нағыз кездің келгені анық.
Жұлдыз ОМАРБЕКОВА, «Бауыржан» қоғамдық қайырымдылық қорының президенті:
– Бүгінде баршамыз қол қусырып отырмай, өз өмірімізді жақсартуға ұмтылып, Қазақстанның өркендеуіне белсене атсалысуымыз қажет. Себебі мемлекеттің жетістігі оның әрбір азаматының жетістігімен өлшенеді. Осы орайда табысқа жеткен қазақстандық азаматтардың қайырымдылықтан ада еместігін ерекше атап өткім келеді. Соңғы он жылдың ішінде жаны жайсаң азаматтарымыз 100 млрд теңге көлемінде қайырымдылық жасап, көптеген әлеуметтік нысандар салды. Биылдың өзінде Ақтөбе облысының Қобда ауылында 150 орынды балабақша, Алматы облысының Жыланды ауылында 650 орны бар мектеп, спорт кешені мен мәдениет үйі бой көтерді. Бұл ел дамуына қосқан азғантай үлес болса да, игілікті істің үлкен-кішісі жоқ қой. Шынымды айтсам, соңғы жылдары мен бірқатар азаматтық бастамаларды іске асырамын деп, «Нұр Отаннан» бір рет емес, бірнеше рет көмек сұраған едім. Партия маған кез келген уақытта қолдау білдірді. Мәселен, биыл біз алғаш рет ата-анасыз қалған балалар арасында футболдан ел чемпионатын ұйымдастырдық. Оған республиканың түкпір-түкпірінен 115 бала қатысты. Ал жарыс жеңімпазы – Есіл қаласының балалар үйі чемпион атанып, Испанияның Барселона клубына жолдама ұтып алды. Балалар әлемге әйгілі футболшылармен кездесті. Міне, осындай жобалар жас жеткіншектерді болашаққа жетелеп, күш-жігер береді. Нәтижесі де жоқ емес. Қазірдің өзінде кейбір клубтар жас футболшыларға қызығушылық танытып отыр. Бәрі өзімізге байланысты ғой.
Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
 – Әрине, биылғы съездің басты мәселесі, ол – партияның жаңа саяси доктринасы. Оның болашақ бастамалар мен бағдарламаларға арқау болары сөзсіз. Сондай-ақ ол партия дамуындағы жаңа кезеңге жол ашады деп айтуға толық негіз бар. Мәселен, Қазақстанның алдында тағы бір үлкен әрі маңызды міндет тұр – бұл дамыған 30 елдің қатарына кіру. Оны жаһандық мақсат деп те айтуға болады. Оған жету үшін елдің барлық саяси-экономикалық күшін, сондай-ақ ресурстарды да жұмсау қажет. Алайда оның іске асуы адам факторына – халықтың күш-жігеріне, құлшынысы мен энергиясына тікелей байланысты. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жаһандық мақсат-міндеттерді тек мықты, белсенді және батыл ұлттар ғана орындай алады. Ондай халықтарды идея біріктіріп, алға жетелейді. Оған күш-қуат береді. Сондықтан қазақстандық қоғамда да ұлтты ұйыстыратын құндылықтардың дұрыс жүйесі қалыптасуы қажет. Партияның жаңа Доктринасы осы мақсатты көздейді. Оның бұған дейінгі құжаттардан басты айырмашылығы мынада, бұл – идеологиялық құжат, ал бағдарламалар мен тұғырнамалар, көбінесе, әлеуметтік-экономикалық сипатқа ие болған. Доктрина партияның басты құндылықтарын анықтайды. Олар бұған дейін де болған. Бірақ сан алуан құжаттарда үзік-үзік жазылған. Қазір біз сол бағыт-бағдарларымыздың барлығын жинап, бірыңғай құжат ретінде мақұлдап отырмыз. Осы орайда бүгінде көптеген мемлекеттерде моральдық-рухани құндылықтар «девальвациясының» болып жатқаны туралы айта кеткен жөн. Шынын айту керек, дәл сол мәселе қаржы дағдарысына түрткі болды. Сарапшылардың айтуынша, енді моральдық-рухани жағынан жинақы мемлекеттер ғана стратегиялық басымдыққа ие бола алады. Партияның жаңа Доктринада осы мәселе де ескерілген. Себебі барлық мемлекеттік маңызы бар мақсат-міндеттер идея негізінде орындалуы шарт. Құжат жастарға арнап жазылған. Сондықтан оны Қазақстанның ұзақмерзімді мақсаттарды іске асырудың идеологиялық тұғырнамасы деуге болады.
Фарида МЕРХАМИТҚЫЗЫ, «Ерке-Нұр» компаниясының президенті:
–Тәуелсіздік – бар бақыттың бастауы. Дүниежүзі қазақтарының жүрегі «Қазақстан!», – деп соғады. Мен өзім осыдан 20 жыл бұрын Қазақстанның бір уығы боламын деген тілекпен Қытайдан көшіп келген алғашқы қазақ жастарының бірі едім. Содан өз кәсібімді де аштым. Бас кезінде ұлттық киім өнеріне ден қойған біздің кәсіпорнымызда бес-ақ тігін машинасы болса, бүгінде өсіп-өніп, «Ерке-Нұр» атты үлкен компанияға айналды. Әрине, қиындықтар көп болды. Осының арқасында біраз тәжірибе де жинақтап алдық. Енді, соның негізінде жастарға жол сілтеп, жағдай жасауымыз қажет. Оны «Нұр Отан» партиясының жаңа Доктринасы арқылы жүзеге асыра аламыз деп сенемін. Онда экономикалық саясат барлық азаматтарымыздың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін бағытталуға, сонымен қатар өзара жауапкершілік пен әріптестік, мемлекет пен бизнес қарым-қатынасының маңызды қағидаты болуы тиіс делінген. Сондықтан мен бүкіл кәсіпкерлер атынан Доктринада көрсетілеген бағыт-бағдарды толығымен қолдаймын.
Татьяна НОВИКОВА, Қостанай облысы балалар және жастар ұйымдары қауымдастығының жетекшісі:
 – Бұл жыл мен үшін ерекше болды.
23 жасымда мен Қостанай қалалық мәслихатына депутат болып сайландым. Мен білемін, бұл тек өзім және отбасым алдындағы жауапкершілік қана емес, ол – маған дауыс берген мыңдаған азаматтардың маған артқан сенімі. Оны ақтау қажет. Өзім сайланған учаскеде 9 мыңдай адам тұрады. Олардың әрбіреуінің өзіндік мәселелері бар. Сондықтан күн сайын партияның жергілікті қоғамдық қабылдауына ондаған азаматтар келіп, арыз-өтініштерін айтып жатады. Біреуінің ауласын абаттандыру қажет, екіншісінде газ жоқ. Меніңше, кез келген мәслихаттың жұмысы нақты іспен өлшенуі шарт. Ал «нақты адамға – нақты көмек» қағидаты әрбір депутаттың ұранына айналса екен деймін. Халық мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін көруі тиіс. Осы орайда партияның әрбір сала бойынша кураторлық қызметті жүргізу тәжірибесі дұрыс деп білемін. Мен өзім жастар саясатына жауапты болғаннан кейін қазіргі жастардың мәселелерін жақсы білемін. Біріншіден, сапалы білім, екіншіден, тұрақты жүмыс, үшіншіден, қолжетімді баспана. Біз осы жағынан барлық жаңалықтарды жеткізуге тырысамыз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста