Мәжіліс сайлауында бір округтен сайлауға мажоритарлық жүйе бойынша Арман Шораев пен Мұхамеджан Тазабеков депутаттыққа түсуі мүмкін. Қаңтар оқиғасынан кейін Түркияға кетіп қалған Бекболат Тілеуханның Қазақстанға келуі де осы жағдайға байланысты болуы мүмкін, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Оrda.kz-ке сілтеме жасап.
Мәжіліс сайлауында бір округтен сайлауға мажоритарлық жүйе бойынша Арман Шораев пен Мұхамеджан Тазабеков депутаттыққа түсуі мүмкін. Қаңтар оқиғасынан кейін Түркияға кетіп қалған Бекболат Тілеуханның Қазақстанға келуі де осы жағдайға байланысты болуы мүмкін.
Соңғы бірнеше күнде әлеуметтік желі қолданушылары экс-депутат Бекболат Тілеухан мен «Тәлім тв» арнасының бұрынғы директоры Мұхамеджан Тазабектің Түркиядан Қазақстанға қайта оралғанын жарыса жазып жатыр. Ораз Әлімбеков есімді қолданушы қаңтар бірі оқиғасына дейін, екіншісі одан кейін Түркияға жылыстап кеткен қос тұлғаның елге оралуында саясат барын бірнеше деректерді келтірді.
– Мүфтият ішінде жүрген құпия дереккөздің (лақап аты «Сахаба») айтуынша, Мұхамеджан Тазабеков Мәжіліс сайлауы додасына қатысады. Ол «украиншыл» Арман Шораев немесе «батысшыл» көзқарастағы Мұхтар Тайжан түсетін бір мандатты сайлау округіне тіркеліп, күшті бәсеке туғызады, – деп жазды Ораз Әлімбеков
Автор дереккөздің Бекболат Тілеухан жөнінде кесімді ештеңе айтпағанын еске салды.
– Қазір ол діндарларға сырын шашпайтын біртоға, тұйық адам болып алған. Мүмкін Тілеухан өзінің жақын туысы Тазабековті сайлауда қолдау үшін келген шығар, – деді «Сахаба».
Мұхамеджан Тазабековтің Мәжіліс сайлауының «тартысты» додасына қатысатыны жөніндегі мәліметті Ақ орда маңын торуылдап жүрген дереккөз де қуаттаса керек. Ораз Әлімбек дереккөзге сүйене отырып, электоралды науқанды бастан-аяқ мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жеке дара басқарып отырғанын және жоғарғы биліктегі кадр саясатында «соңғы сөзді» сол айтатынын жеткізді.
– Ақ орда маңындағы дереккөздің айтуынша, Қарин «сексеуілді сексеуілге ұрып сындыруды» саяси технологияның әдістемесі ретінде қабылдады. Заңға енгізілген өзгерістерден кейін, бір мандатты округте бұрынғыдай ешбір кандидат 50%+1 дауыс жинамаса да ең көп дауыс жинаған екі кандидат арасында қайта сайлау өткізілмейді. Үш-төрт үміткердің ішінен ең көп дауыс жинаған кандидат сайлауда автоматты түрде «жеңді» деп есептелінеді. Ақ орда маңындағы дереккөз Шораев пен Тазабеков бір округте тіресе қалған жағдайдың Қарин сызып қойған сценарийінің қандай нәтиже көздейтінін де айтып берді. Бірінші сценарий бойынша, Шораев, Тазабеков және тағы бір (немесе бірнеше) кандидат бәсекелеседі. Негізгі текетірес Шораев пен Тазабеков арасында болады. Мақсат – Шораевты депутаттыққа өткізбеу. Нәтижесінде, дауыс бірнеше адамға бөлінеді де, Қарин ставка қойған үшінші кандидат жеңіске жетіп, Мәжілістің депутаты деген мандатты иеленеді. Ал Шораев Тазабековті аз ғана дауыспен ұтып кетеді, – дейді жазба авторы.
Сондай-ақ, ол Шораевтың жақтастары үшін «командасы мықты, әнші-биші, діндарлар ұйып тыңдайтын» Тазабековті жеңіп кеткені жақсы жетістік, мәртебе болып көрінетінін, танымал Тазабековті жеңіп кеткенін місе тұтып, соған масаттану мүмкіндігін де алға тартқан.
– Екінші сценарий бойынша, Шораев жеңіледі, Тазабеков жеңіп, Мәжіліс депутаты болады. Ол бұған дейін өзінің матруди ақидасына, Ханафи мазхабына қайта оралғанын мәлімдеп, өзін тура жолға салғаны үшін Бас мүфти Наурызбай Өтпеновке алғысын білдірген. Оның сайлауалды үгіт насихатының тақырыбы ЛГБТ-ға тыйым салу, «іріп-шіріген» батыс идеологиясынан бас тартып, ұлттық дәстүрге қайта оралу» болуы мүмкін, – деп отыр Ораз Әлімбеков.
Автор осында пікірлерді айта келе, Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабеков сайлауда жеңіліп, депутат болмаса да, ұтылмайтынын мысалға алады. Бір-біріне күйеу бала мен қайын аға болып келетін бұл екеудің алдағы сайлауға қатысуы Қаңтар оқиғасы кезінде «шапанына» жағылған қара дақты жуу және қоғамдық пікір алдында ақталу, яғни саяси реабилитация үшін керек болып отырса керек. Әрі әккі екеу Қариннің Қазақстанда биліктің «қайнар көзі» екенін біліп отыр…
Бекболат Тілеухан Қаңтар оқиғасынан бірнеше күн бұрын Мәжіліс депутаты мандатып тапсырып, қызметімен қош айтысқан. Оның себебін дүниежүзілік этно ойындар қауымдастығына жауапты қызметке ауысумен түсіндірді. Алайда ол қаңтар оқиғасынан кейін пікір білдіріп, артынша Түркияға тайып отырды. Ара-тұра өзін айыптағандарға желі арқылы жауап беріп, бір рет сұхбат та берген.
Ал Мұхамеджан Тазабек қаңтар оқиғасынан кейін Ақорда маңында жүрген бірнеше суретін жариялаған. Қаралы оқиғадан кейін қызметке тұрғандарды құттықтағанын желіде жазды. Алайда ол Қайрат Сатыбалды қамауға алынған соң елде көрінбеді. Желі қолданушылары оның Түркияда Бекболат Тілеуханның қасында жүргенін бірнеше рет байқаған.