Бүгінгі БАҚ-та әбден ақжемденген тақырыптың бірі – тариф. Қанша айтылса да, пайдасынан шығыны көп, қарапайым халыққа қайыр бермей тұрған сала. Мұны зерттеулер де растап отыр. ҚР Статистика жөніндегі агенттіктің деректері бойынша, 2005–2011 жылдар аралығында Қазақстан бойынша тариф: жылуға – 43%, электр – 118%, ыстық су – 54%, суық су – 59%, газ – 57%, стационарлық телефон 91%-ға қымбаттаған. Жыл сайын теңгелеп өскен тариф бұл күні де беті бері қарар түрі жоқ. Қайырымынан гөрі қайыр сұрауы басым коммуналдық саладағы құбыр-құтыларының тозып тұрғандығы тағы бар. Оны өздері де жоққа шығармайды. Тарифтері қымбаттар кезде әншейінде сырға берік олар жұртқа «70-80 пайыз тозығы жеткен» деп ағынан жарылады. Сонда осы уақытқа дейін тариф арқылы жыртығын жамай алмай келе жатқан олардың араны әлі де ашыла бермек пе?
Коммуналдық қызмет атаулының құны қымбаттаған сайын қарапайым жұрт құлындай шырқырағанымен, әзірге халықтың мұңын тыңдар ешкім болмай тұр. Қаңтар туысымен тарифтерін көтеріп алған бірқатар монополистердің қашан жағдайы түзеліп, жұрттың қалтасына қол салуы тыйылады? Ол әзірге беймәлім болып тұр.
Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің дерегіне үңілсек, биылдан бастап республиканың 8 өңірінде суық суға тариф көтерілді. Атап айтқанда, «ол суды есепке алу аспаптары бар тұрғындар үшін 1000 литрге 3-тен 25 теңгеге дейін (мысалы, Жамбыл және Ақтөбе облыстарында), суды есепке алу аспаптары жоқ тұрғындар үшін 1000 литрге 7 - ден 77 теңгеге дейін (мысалы, Павлодар және Жамбыл облыстары) өзгеріп отырады» дейді агенттік басшылары.
Сонымен қатар еліміздің өңірлерінде халықтың жылу энергиясына ақы төлеуі де өсті. Дәлірек айтсақ, Ақтөбеде – 12%, Қарағандыда – 10%, Павлодарда – 15,9%, Жамбылда – 12,8%, Шығыс Қазақстан облысында – 13%, Қызылордада – 18,8%, Ақмолада – 17%, Қостанайда – 19,4%, Батыс Қазақстан облысында –25%, Астанада – 30,4%, Алматыда – 32%, Атырауда 48 пайызға артқан. Себеп – отын құнының өсуі.
Құзырлы орындардың деректері бойынша, көмір – 80%-ға дейін (СҚО, 2010 жылдан бастап көмір бағасы қайта қаралған жоқ), газ – 13%-ға дейін (БҚО), мазут 25%-ға дейін (Алматы) қымбаттаған. Жылуға тариф құрылымына отын үлесі 50-ден 70%-ға дейінгі мөлшерді алады екен.
Ал енді Құдайдың қара суына жердегі қожайындарының тарифті өсіруіне келейік. Агенттіктің айтуынша, «сумен жабдықтау қызметіне тарифтердің өсу негізі себептері өзіндік құны 30%-дан астамды құрайтын электр энергиясы құнының өсуі, химреагенттер, материалдар, жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған шығыстар құнының өсуі, толық көлемде негізгі құралдарды қайта бағалау нәтижелерін енгізу, инвестициялық бағдарламалар мен т.б. іске асыру болып табылады-мыс».
Бір-бірімен өте тығыз байланысты коммуналдық салалардың бірі өссе, екіншісі қарап қалмайтыны бесенеден белгілі. Электр энергиясының өсуіне не түрткі дегенге үңілейік. «Электр энергиясы бағасының өзгеруінің басты себебі электр энергиясын өндіруге тарифтердің ұлғаюы болып табылады. Осы өндіру тарифіне инвестициялық құрамдас салынған. 2009 жылдан бастап ел Үкіметі энергия өндіруші ұйымдарға қатысты «тарифтерді инвестицияға айырбастау» ұзақмерзімді саясатын жүзеге асырып отыр. Стансылар үшін электр энергиясының шекті тарифтері белгіленеді. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Электр энергетикасы туралы заңға сәйкес, стансылармен тарифтің шекті деңгейіне және инвестициялық құрамдастарға арналған келісімдерге жыл сайын қол қояды», – дейтін де агенттік. Ал «Рейтинг.kz» агенттігінің 2005-2011 жылдарға жүргізген электр қуаты бойынша тариф ең көп өскен қалалардың тізімін келтіреді. Олар: Қызылорда – 171%, Көкшетау – 170%, Алматы – 168%, Тараз – 162%, Талдықорған – 157%, Шымкент – 157%!!! Бұл деректерге қарасаңыз, монополистердің бұл жалғанда шекті тарифі жоқтығын көресіз. Оларда шекті түсінігі шексіздікпен ұласып кеткен...
Коммуналдық салада әр өңір, аймақта жалғыз-жарым монополистердің болуы, бәсекелестіктің жоқтығы да оларға қолайлы. «Өзі бай, өзі құдайдың» күйін кешкен олар сондықтан нарықта өз бағаларын қойып, «көнсең – қолыңнан, көнбесең – жолыңнан» деп отыр. Оған қоса, «Казпотребнадзор» ҚБ пікірінше, «тұтынушылардың көбінің сенімсіз азаматтардың қарызын біз төлейтіндігіміз туралы түсініктері жоқ. Әрине, жеке бағанында «көршінің қарызы» деп көрсетілген түбіртек келмейді. Олар үшін төлем тарифтерді көтеру арқылы жүргізіледі.
Тағы бір мәселе, тарифтің өсуіне тікелей әсер ететін – тұтынушыға дейін сол немесе өзге игілікті «жеткізу» жолы. Мысалы, Қазақстан бойынша электр қуатын бөлу кезінде орташа ысырап, Википедия деректері бойынша, 21,5%-ды құрайды, ал жеткенінше нақты 30%. Оларды екі топқа бөлуге болады: қолданыстағы инфрақұрылым сапасының төмендігі нәтижесіндегі ысырап; тұтынушылар тарапынан заңсыз қоршаулар. Екі жағдайда ысырап болған литрлер немесе ұрланған киловаттар үшін төлем тарифтерге салынады. Нәтижесінде, жеткізушілерде қызметтерді жеткізу және тарату кезінде ысыраптарды азайтуға мүдделілік жоқ».
Бүгінде коммуналдық саланың құлағын ұстағандардың алдында жылдар бойы жинақталған шешімін күткен проблема шаш етектен. Рас, желілердің жағдайы кісі жылайтындай. Мұны монополистердің өздері де жоққа шығармайды. Бірақ әрекеті аз...
Сондықтан «коммуналдық салада тек баюды көздейтіндер ғана көп» («Рейтинг.kz») деген пікірлерімен толық келісуге негіз бар.
Қайтпек керек мұндайда?!.
Монополистердің араны неге ашыла береді?
Последние статьи автора