Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына – 80 жыл!
Мұқағали әдебиетке жасындай жарқ етіп келді. Ақынның жырлары өткен ғасырдың 60-70-жылдарындағы қазақ поэзиясының ең жарқын беттерін түзді. Ол сүйініш пен күйінішке, арман-мұратқа толы қызу тірлік кешті. Әдетте Мұқағали жайлы сөз болғанда «ақынды ортасы түсінбеді, дер кезінде бағаламады, ол соған күйінді, жаны жабырқады, әділетсіздікке ашынды, сөйтіп, басын тауға да, тасқа да ұрды» деген сияқты әңгімелер айтылады, айтылып та жүр. Бірақ мұның бәрі – мәселенің бетін қалқу ғана. Яғни ақын жөнінде бәрі белгілі, тайға таңба басқандай анық іспетті болып көрінгенімен, бізге Мұқағалидың ақын, адам, азамат ретіндегі шынайы тағдырын, өлеңдерінің табиғатын, қоғаммен қарым-қатынасын, қарама-қайшылығын зерттеп, зерделеу жетіспейді.
Бір анығы, баспасөз бетінде алғаш жариялана бастаған кезінен-ақ әдеби орта да, оқырман қауым да Мұқағалиды бірден мойындаған. Бірақ соншама бай қоржыны бола тұра, Мұқағали даралануға, кимелеп барып көптің алдына түсуге асықпаған. Сөйтіп, 50-жылдардың басында-ақ үлкен ақын ретінде танылғанына қарамастан, тұңғыш жыр жинағын тек 33 жасында ғана шығарған. Әдебиетке шын мәнісінде ардың ісі деп қараған ақынның өзгелерден дара осы бір сипатын жары Лашын «Мен кейде шыдамсызданып: «Өлеңдеріңді газет-журналдарға беріп, ел-жұртыңа таныла бермейсің бе?» – десем, ол: «Жақсы жазу үшін мол білім керек.
Ол үшін жатпай-тұрмай оқуым керек» деп кітаптан бас алмайтын», – деп еске алғаны бар. Десе-дегендей-ақ, Мұқағали – шаршамай, талмай іздену арқылы өзін-өзі үздіксіз жетілдірген ұлан-ғайыр білім иесі болды да. Әйтпесе қарапайым қазақ ауылында туып, қазақ мектебінде оқыған ақынның мектепте орыс тілінен сабақ беретіндей, кейінірек тіпті У.Уитмен, Данте, Шекспир, Пушкин, Некрасов, Блок тәрізді әлемдік деңгейдегі классиктердің шығармаларын ана тілінде шеберлікпен сөйлетердей мүмкіндігі болмас еді. Бұл ретте, М.Қабанбаев айтпақшы, «миында ұлттың коды жазылған» Мұқағали – кейбіреулердің «Ақынға білім қажет емес, табиғи талант болса жеткілікті» деген жаңсақ пікірін терістеген бірден-бір ұлы тұлға.
Алғашқы жинағы жарық көргеннен кейін небәрі 12 жыл өмір сүрген Мұқағали сол аралықта сегіз жыр жинағын шығарған, «Райымбек! Райымбек!», «Ильич», «Аққулар ұйықтағанда», «Мавр», «Моцарт. Жан азасы» тәрізді басқа да бірқатар поэма-толғаулар, көркем аудармалар қалдырған, мыңнан астам өлеңдер жазған. Алайда қаламы құрғамай жазып-сызғанына және қыруар әдеби мұра түзгеніне қарамастан, ақынның сол тұста жарық көрген жинақтарының көлемі де, таралымы да өзгелермен салыстырғанда әлдеқайда аз болған. Бұл туралы жазушы, баспагер Бексұлтан Нұржекеұлының: «Мұқаң көзі тірісінде жыл сайын не жылара шығып тұрған кілең жұп-жұқа жинақтардан-ақ шаршап біткен болуы керек деп ойлаймын. Қатарластары том-томдап кітап шығарып, қомақты қаламақы алып, шалқақтап жүргенде о жарықтық өлерінде көрген «Өмір-дастаннан» өзге қалың кітап шығарып көрген жоқ. Өйткені сөзін сөйлейтін адамы – «крышасы» болған жоқ. Мардымды қызметі де болмады. Оның үстіне «ішеді» дегенді жауы да, досы да сыбырлап алға тартты да отырды. Соның бәрі оған кесір болды. 1979 жылы Нұрлан, Баққожа үшеуміз қолжазбаларынан жинақтаған «Өмір-өзен» кітабының көлемі ақынның көзі тірісінде шыққан «Армысыңдар, достарым!», «Қарлығашым, келдің бе?», «Мавр», «Дариға жүрек», «Шуағым менің» деген бес кітабының көлемімен бірдей екен. Мұны қазақ шөміштен қағу дейді», – деп қынжыла еске алғаны бар. Бір айта кетерлік жайт – Мұқағалидың 70 жылдығына орай «Жалын» баспасы ақынның төрт томдығын шығарды және оның үш томына ақынның бұрын-соңды жарияланбаған шығармалары енді. Бексұлтан аға айтқандай, «Өлген адам өлең жазбайды ғой. Демек, соның бәрі тірі күнінде-ақ жазылған, бірақ әртүрлі себеп-сылтаулармен жарық көрмей қала берген. Соның бәрі Мұқаңның жүрегін жараламады, көңілін жүдетпеді деп кім кепілдік бере алады?»
Ең бір кереметі, Мұқағали поэзия жанрына ғана емес, проза, драма, сын саласына да қалам тартып, «Құлпытас», «Әже», «Өзгермепті», «Марусяның тауы» әңгімелері мен «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестерін, «Қош, махаббат» пьесасын жазды. Өкінішке қарай, ақынның прозалық шығармалары күні бүгінге дейін әдебиетші қауымның зерттеу аясынан мүлде тыс қалып келеді. Ол түгіл, жан-жақты зерттелініп жүрген тәрізді болып көрінетін поэзиялық шығармаларының өзіне байыпты талдау жетіспейді. Біздің сыншыларымыздың, мұқағалитанушыларымыздың ақын өлеңдерін таразылауы көбінесе соның мазмұнын қара сөзбен қайтадан баяндап берумен ғана шектеледі. Ал қарапайым оқырман ретінде, мысалы, мені Мұқағалидың не себепті «Біздерде монастырь жоқ, Мен оған барар едім» деп ағынан жарылғаны болмаса «Қайтеміз енді... ұлы бола алмай ішеміз» дегенде нені меңзегені, сол сияқты «Жапырақ жүрек жас қайың, Жанымды айырбастайын...» деп неліктен мұң төккені, «Қылышың емес пе едім қынаптағы, Жоғалттың неге мені, пайғамбарым?!» деп неге күрсінгені ойлантады.
Өкінішке қарай, біздің әдебиеттанушылар ақынның адами болмысы мен өзіндік ұстанымын, әлдебір жағдайларға байланысты тың да тосын көзқарастарын өз деңгейінде, өз дәрежесінде түсінуге тырыспайды. Мұқағали туралы әңгімелердің дені не біржақты мақтау, мадақтау, не болмаса бірыңғай кінәлау, жамандау сипатында болып келеді. Мақтайтындар «мықты ақын еді, әттең, қоғамнан, ортасынан теперіш көрумен өтті» десе, келесі біреулер «оған тәп-тәуір қызметтер де, үй де берілді, өлеңдері жарияланып жатты, атақ-даңқты өзі көтере алмады» деп сөгеді. Бәлкім, екі пікірдің де жаны бар шығар. Бірақ ендігі мақсат – ақынды не ақтау, не даттау болмауы тиіс. Бүгінгі қауымға ақын өмірінің шындығы қажет. Осы орайда ақын Зайда Елғондинованың: «Біз тұлғаларымыздың бейнесін қолдан салынған, күллі жұрт табынып, сыйынатын сурет түрінде жасауға құмармыз. Әрине, біреудің жеке өмірін қазбалаудың қажеті жоқ. Әйтсе де ешкім періште емес, ақын да – адам. Оның да қателескен тұстары, кемшін мінездері, жеке тағдыры бар. Осы тұрғыдан алғанда, бізге Мұқағалиды адам ретінде зерделеу жетіспейді», – деген пікірі көңілге қонады. Қалай дегенмен де, кезінде ақынның:
Жазылар естеліктер нешелеген,
Көрерміз оның бәрін пешенеден.
Әйтеуір, білетінім бір-ақ нәрсе –
Көшеді өлең немесе өшеді өлең!
Қулары «таудың қызыл түлкісі» дер,
Момындар «біздің үйдің кірпіші» дер.
Мәңгілікке өзіммен ала кеткен,
Менің нәзік жанымды кім түсінер?.. –
деп қалайша дәл айтып кеткеніне еріксіз таңғаласыз.
Рас, ақынның таңдамалылары да, ол туралы естеліктер де жарияланып жатыр. Ендігі кезекте Мұқағали жайында деректі фильмдер түсіру жағы ескерілсе деген тілегіміз бар. Өйткені ол туралы режиссер Серік Жармұхамедов түсірген «Қыранның қанатынан қуат алған» атты фильмнен басқа тұшымды дүниенің бар екендігін осыған дейін көрген де, естіген де емеспіз. Мұқағалидың жанды бейнесі сол фильмнің кадрынан ғана көрініс тапқан. Оның өзі Мұқаңның бір топ ақын-жазушылармен бірге 1969 жылы Талдықорған облысы, қазіргі Көксу ауданы шаруашылықтарын аралап, жергілікті жұртшылықпен болған кездесулерге қатысқан кезінде түсірілген киножурналдан алынса керек. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, Мұқағалидың бейнесі сақталған жалғыз киноқұжат әзірге тек осы ғана. Кім біледі, егерде мұқият іздестірсек, Жазушылар одағының съездерінен, өзге де жиындардан түсірілген, Мұқағалидың бейнесі бар әлдебір құнды кадрлар, мүмкін, мемлекеттік мұрағаттың кино-фото және дыбыс жазбалары бөлімінен табылатын да шығар. Тек соның соңына түсіп, ақын жөніндегі құнды құжаттарды жиыстыратын, мазмұнды, мағыналы фильм жасайтын ынталы топ қажет.
Мұқағалитану бағытындағы бірқатар олқылықтарға орай зиялы қауымға, қаламгерлерге өкпе артқанымызбен, қарапайым халыққа иненің жасуындай мін таға алмасымыз анық. «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін», «бір сөзге бір ғасырдың жүгін артып», жарық күнді, өмірді, туған елін, туған жерін жырлап өткен Мұқағалиын ел-жұрты шын құрметтейді, шын қадірлейді. Жырларын жатқа айтады, жер-жерде «Мұқағали оқуларын», еске алу кештерін өткізіп, ақын рухына тағзым етеді. Жоғарғы жақтың ешбір нұсқауынсыз, бұйрығынсыз-ақ жалпыхалықтық көлемде мерекеленетін бірден-бір той – Мұқағали тойы. Әзірге осыған қуанамыз.