Еліміздегі заңнамаларға жүгінсек, кәсіпкерлік саласы үшін қазақстандық қамту талаптарын орындаушыларға барынша басымдық беріліп, түрлі жеңілдіктер ұсынылып жатқаны анық. Алайда, өкінішке қарай, бізде екі жеп биге шыққысы келетіндер мемлекеттің берген бұл мүмкіндігін де пайдаланып, сонымен қатар нарықтың да ұтымды тұсын игеруде арсыз әрекетке жол беріп жатады. Тарқатып айтсақ, жеңілдікке ие болу үшін оның талаптарын қағаз жүзінде орындаған мемлекеттік тапсырысты алушы нақтысында базардағы ең арзан баға ұсынысын қабыл алады. Сөйтіп, «отандық шикізаттан өнім жасап жатырмыз» дегендердің кейбірі тендер тауарын, мысалы, көрші жатқан Қытайдан алдырта салғанды жөн көреді. Әрине, оған себеп жоқ емес. Қоғамда сынға алынып, ресми құзырлы органдар мойындап жүргендей, мемлекеттік тапсырыстың бәс саудасындағы парақорлық өнім бағасын қолдан қымбаттататындығы тағы белгілі. Осы жағынан алғанда, «Салт атты, сабау қамшылы» демекші, түрлі ұсақ фирманың күмәнді ұсынысына жүгінгенше әрі тендерді саудаға айналдырмас үшін бір мемлекеттік немесе мемлекеттік және жекеменшік әріптестігі негізінде ірі кәсіпорын құрып, оған елдегі бүтін тапсырысты неге бермеске» деген заңды сауал санада кесе-көлденеңдейді...
Кәсіпкерліктің жолын айқындаушы басты фактор – тұтынушы мен тапсырыс берушінің көлемділігі. Ал біздегі ірі тапсырыс беруші мемлекет болып табылады. Сондықтан мемлекеттік тапсырысқа деген қызығушылық зор-ақ. Мемлекеттің көлемді тапсырыс бәйгесі қанталапай өткенмен, оның орындалу жағы бізде көбіне сын көтермейді. Бұл ретте бір саланы мысалға алалық. Мәселен, еліміздің Қорғаныс Күштері. Біле-білсек, аталған салаға мемлекет қазанынан орасан қаржы бөлінеді. Оған мына цифрлар куә: Қазақстанның әскери шығыны 1,5-2 млрд долларды құрайды, ол Тәжікстанның әскери бюджетінен 20 есеге, Қырғыз Республикасынікінен 45 есеге көп. Техникалық жағын сөз етпей-ақ қоялық. Ал отандық әскерилердің киетін киім-кешегін, жейтін тамағын бүгіндері жергілікті түрлі ұсақ фирмалар қамтамасыз етіп жатыр. Бірақ оны кеңес өкіметіндегідей сапалы да қалтқысыз деп айтуға ауыз бармайды. Бір мысал. Қазақстандық қамтуды 100 пайыз орындап отырған Оралдағы ет консервісін шығаратын «Кублей» ЖШС осы артықшылығы арқасында әскерилерге де белгілі бір деңгейде өз өнімін тасымалдаған. Демек, 100 пайыз деген сөз бұл фирма өз өнімі өндірісіне қажетті шикізатты және барлық керек-жарақты жергіліктілерден тұтынады.
Алайда кейіннен белгілі болғандай, олар етті Оңтүстік Америкадан алдыртатын болып шыққан. Оған себеп жергілік нарықтағы шикізаттың тапшылығы болса бірсәрі, олар бағаны жаратпапты. Осы фирма басшысының өңір басылымына берген сұхбатынан қысқаша үзінді келтіре кетейік: «2002 жылға дейін біз өндірісте жергілікті аумақтың етін ғана пайдаландық. Кейіннен мал ұстау қиындап, ет қымбаттай бастады. Сондықтан біз еріксіз шикізатты сырттан алдыртатын болдық: Аргентинадан, Бразилиядан, Австралиядан. Оңтүстікамерикалық еттің бір келісі – 600 теңге, яғни еліміздегіден екі есе арзан». Тізбектесек, мұндай мысал алдымыздан шыға берері анық. Осыған дейін бір-екі жуғаннан кейін өңі оңып кететін әскери жейдеміздің де Қытайдан әкелініп отыратындығы бірқатар баспасөзден айтылған. Тіпті Ресейдің қадағалаушы органдары бізге соңғы кездері нарығында «Қазақстанда жасалған» деген таңбамен Қытай заттарының қаптап кеткендігі жөнінде базынасын жеткізіп отыр. Бұл Қытай тауарының Қазақстанға жеткізіліп, осындағы күмәнді фирмалар арқылы таңбаланып отыратындығынан хабар берсе керек. Ел дамуы үшін өте маңызды қазақстандық қамту талабын бұлайша көзбояушылықпен орындау, әрине, ұят және қаншама зиян?!
Сондай-ақ таяудағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында да Елбасы Беларусьтан кәрі сиыр еті тасымалданып жатқанын, оның мысыққа ғана беруге жарамды екенін құзырлы орган басшылығының бетіне басып айтты. Жеке тұтынушы кәрі малдың етін ала қоймасы белгілі. Демек, ол да әскери сала секілді көлемді тапсырыс беруші салаға бағытталып жатпасына кім кепіл?
Жоғарыда атағанымыздай, өткенге оралуға толықтай негізіміз бар. Өйткені кезінде Қазақ КСР бүтін Кеңес армиясын шинельмен, әскери баскиімдермен қамтамасыз еткен, ал Алматы мен Қарағанды фабрикаларынан шыққан күпәйкелер мен қысқа тондарға Сібірдегілердің өзі разылығын білдірген. Бір Семей ет комбинаты да бүтін Одақ әскерін паекпен қамтамасыз етіп тұрды. Қазақтың мұндай ірі комбинаттар тауарының сапасына кеңес өкіметінің өзі сын таға алмаған. Өкінішке қарай, мұның басым бөлігі сол заманмен тарих қойнауына кете барды. Тәуелсіздік алған кезде ірі өндірістің желілерін жойып, іргесін бұзып алдық. Есесіне, шикізат өндірісін дамытуға басымдық берілді. Расында, бастапқыда «мұнайдан орасан мол табыс табамыз, сол ақшаға өзімізде жоқты өзгеден сатып аламыз» деген саясаттың болғаны рас. Сөйтіп, жоғымызды сырттан түгендеп асып-тасимыз дестік. Алайда бұлайша аса алмадық, керісінше, жаси түстік. «Өзін-өзі асырай алмаған – жасық» деген аталы сөзді уақыт тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Сондықтан өз қолымызбен жойған өндірістерді қайта жаңғырту өзектілік танытты. Ақыры Үкімет бірнеше кезеңді қамтитын Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі стратегиялық бағдарламаны қабылдады. Әзірге бой көтерген ірі өндіріс қатарынан қайта өңдеуші сала қомақты үлес ала алмай келеді. Сол себепті нарықта ұсақ кәсіпорындардың қолы жүріп тұр. Бізде кәсіпкерліктің іріленуіне жағдай жасалып жатқан жоқ деп айтуға болмайды. Мысалы, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасында нақ ірі кәсіпорын құрушыларға барынша мүмкіндіктер қарастырылған. Өнімінің 50 пайызы экспортқа бағытталған кәсіпорындар 3, тіпті нөл пайызбен несиелендіреді. Ал ірілердің тауарын сыртқа жеткізу, шетелдік әріптестермен байланыс орнату рөлін орындауды да мемлекет өз мойнына алып отыр. Бұл іспен бізде Kaznex Invest ұлттық агенттігі айналысады. Осы негізде біз аталған бағдарлама аясында несиелендіруге қол жеткізген, сондай-ақ еліміздегі ірі 100 кәсіпорын тізбегіне көз салдық, сөйтіп, ондағының 95 пайызы шикізат игеруші, шикізатты өңдеуші салалар екенін байқадық. Арасында «Рахат» кондитерлік фабрикасы, дәрі-дәрмек шығаратын және тағы бір құрылыс материалдары зауытының сұлбасы байқалады. Болды. Мүмкін, бұл уақыт талабы шығар. Индустриаландырудың ендігі кезеңінің жобаларында агросекторға, жеңіл өнеркәсіпке көбірек үлес берілетін болар деген үміт бар. Қалай дегенмен де, соңғы аталған салалар бойынша ірі кәсіпорындардың қажеттігін уақыттың өзі дәлелдеп беріп отыр.
КӨЗҚАРАС
Любовь Худова, Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының төрайымы:
– Әрине, ірі өнеркәсіптің болғаны жақсы. Бірақ бізде оны шикізатпен қамтамасыз ететін дайын тетіктер жоқ. Сондықтан кәсіпкерліктің басты қағидасы – аздан бастауды дұрыс көремін. Бастысы, сол ұсақ және орта кәсіпкерлікті ірілендіруге жағдай жасау керек. Алайда мемлекет оны ірілендіруге бұйрық беріп, жағдай жасауға тырысып жатқанымен, оның орындалуында көп қателік бар. Мысалы, мемлекеттік тапсырыс. Оны сол тапсырысты орындай алатын фирма жеңіп алса, бізде проблема болмас еді. Сапалы өнім шығаратын, бәсекеге қабілетті отандық фирмаларымыз бар. Бірақ оларға мемлекет беріп отырған мүмкіндікті пайдаланғызбайды, тендерден шеттетеді. Ал тендерді жалған фирма ұтып алады. Әрине, оның өзіндік өндірісі жоқ, сондықтан ол Қытайдан арзанға тауар алдыртады. Содан ел біздегі отандық фирмалар еш нәрсе шығара алмайды деп қате ой түйеді. Шындығында, өндірісі бір жолға қойылған жап-жақсы кәсіпорындар бізде баршылық. Мәселе – солардың аяғынан шалатындар көп. Сол секілді мемлекеттік бағдарламалардағы әкімшілік кедергілерді жойып, процедура уақытын жеңілдетіп, қысқартса дейміз. Оған көп уақыт кетеді. Сондықтан жергілікті шын кәсіпкерлер ол мүмкіндікті пайдаланбайды. Одан көбіне «жалғандар» есебін түгендеп жатады. Бір сөзбен айтқанда, қолда барды қанағат етіп, соның жайын түзеп алсақ жақсы болар еді деймін.
Ғани Қалиев, «Ауыл» партиясының төрағасы:
– Әрине, мемлекеттік тапсырысты орындайтын ірі комбинаттар құруға болады. Егер Үкімет мұны жасаймын деп ниет білдірсе, ол қолында тұр. Алайда ... Осыған дейін, мәселен, мал шаруашылығын ірілендіру жайын қозғап келеміз. Мысалы, біздің нарықты мал өнімдерімен қамтамасыз етуші , негізінен, жекеменшік ұсақ шаруа қожалықтары. Ал жеке қолдағы малмен алысқа бара алмаймыз. Сондықтан оларды ерікті түрде бір бірлестікке шоғырландырып, мал өнімдері кластерін дамытуымыз керек деп айтып келе жатқанымызға талай жыл болды. Мұндай жағдайда сүтті де, басқа да малдан алынатын өнімді де, қайтадан өңдеу арқылы шығаратын тауар басын да арттыруға болады. Ол үшін мемлекет агросекторға көлемді қаражат құюы керек. Қазіргіден екі есе. Бұл қаржы бүгінгідей тек ірі шаруашылықтарға ғана емес, ұсағына да бағытталуы тиіс, яғни шағынды тұншықтырмай, керісінше, оның іріленуіне жол ашылуы шарт.
Тимур Назханов, Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы:
– Қазіргі жағдайда ірі кәсіпорын құру өте қиын. Мысалы, ет өндірісін алалық. Кезінде Семейдің ет комбинаты бүкіл КСРО-ның сұранысын қанағаттандырып, өндіріс көлемі бойынша оқ бойы озық тұрды. Мұндайды бүгіндері арман етіп қалдық. Өйткені қолда барды жойып алдық. Ол кезеңде ет комбинатын шикізатпен қамтамасыз ететін мал шаруашылығымен шұғылданатын үлкен колхоз-совхоздар болды. Қазір оны ыдыратып алдық, бізде ірі мал шаруашылығы жоқ. Нарықты етпен қаматамасыз етіп отырғанның 90 пайызы – ұсақ шаруа қожалықтары мен қосалқы үй шаруашылығындағылар. Мал басын көбейту мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Сондықтан еттің өзіндік құны да қымбат. Ал мұндай жағдайда ірі ет өндіретін кәсіпорын құрсақ, оның рентабельділігі жайы күмәнді болып қалады. Демек, қандай да бір ірі кәсіпорын құрмастан бұрын сол саланың мәселесін кешенді түрде қарастырып, мемлекеттік бағдарлама аясында қолдап, ірілендіру бағытында жұмыстар жасалуы тиіс. Ал бізде мұндай жұмыстар қағаз жүзінде болмаса, нақты өмірде жүргізіліп жатқан жоқ. Сондықтан қолда барды қанағат етуге мәжбүрміз. Сөз еткен мал шаруашылығын ірілендіру жайын ғалымдар қозғап жүр. Бірақ қоғамның бір парасы бұған қарсы. Меніңше, мал шаруашылығын ірілендіру қажет деп ойлаймын.