"Қазгидромет" синоптиктері 2020 жылдың маусым айында ауа райы қандай болатынын болжады.
Маусым айының бірінші онкүндігінде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты республиканың басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады – күн күркіреп, екпінді жел тұрып, өткінші жаңбыр, бұршақ жауады деп болжанып отыр.
"Бірінші онкүндіктің ортасында Қазақстанның солтүстік жартысында, кезеңнің соңында шығысында ауа температурасы түнде +12+20°С-тан +8+13°С-қа дейін, күндіз +27+35°С-тан +17+25°С-қа дейін төмендейді", - делінген хабарламада.
Елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында бірінші онкүндіктің ортасында ыстық түнде +17+25°С-тан 12+17°С-қа дейін, күндіз +35+44°С-тан +30+35°С-қа дейін бәсеңдейді. Осыған ұқсас жағдай айдың екінші және үшінші онкүндігінде қайталанады.
Республиканың батысында ауа температурасы түнде +13+18°С-тан +5+13°С-қа дейін, күндіз +23+33°С-тан +30+38°С-қа дейін құбылады.
Бір ай бойы циклондар мен антициклондардың жиі ауысуынан жауын-шашынсыз ыстық күндер жауын-шашынды және найзағайлы салқын ауа райына ауысады.
Алдағы уақытта республиканың оңтүстік-батыс бөлігінде ең жылы күндер айдың ортасында болады, түнде ауа температурасы + 17 + 28 ° С, күндіз + 36 + 43 ° С.
"Солтүстік-шығыс жартысында екінші онкүндіктің соңы мен және үшінші онкүндіктің басына тура келеді, ауа температурасы түнде +15+20°С, күндіз +33+39°С болады", - деп хабарлады синоптиктер.
Бір ай ішінде орташа ауа температурасы Қазақстанның басым бөлігінде нормадан 1-2°С жоғары, Солтүстік Қазақстан облысында, Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстарының солтүстік жартысында норма шамасында болады деп болжанды.
Жауын-шашын мөлшері Қазақстанның басым бөлігінде норма шамасында, оңтүстік-батыс жартысында нормадан төмен болады.
Айта кетерлігі, бір айға консультативтік болжам синоптикалық жағдайдың өзгеруіне қарай түзетілуі мүмкін және онкүндік болжамдармен нақтыланады.