«Массагет» порталы үздік деп танылды
Қазнетте «Массагет» порталының интерфейсі мен логотипі үздік деп танылды. Таңдау 22-23 желтоқсан аралығында Астанада өткен «Астана Интернет Форум – 2012» шарасында белгілі болды.
Интернет форумды «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы «Нұр Отан» ХДП, «Болашақ» ассоциациясы, WikiBilim қоғамдық қорының қолдауымен ұйымдастырған болатын.
Форумға қатысушылардың арасында Қазақстанның әр түкпірінен өз жаңалықтарымен келген қазақтілді IT саласының мамандарымен қатар, қарапайым интернет қолданушылар да болды. Олардың жалпы саны 160-тай адамды құрады. «Астана Интернет Форумына» құрметті қонақтар ретінде ҚР білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов, «Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин және «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының президенті Есенгүл Кәпқызы қатысып, жастармен тәжірибе бөлісті.