Балалар мүгедектігі Қазақстандағы өзекті мәселенің бірі. Бүгінгі таңда олардың саны 94 мыңға жуықтайды. Оның 19 мыңға жуығына церебралды сал ауруы немесе ДЦП диагнозы қойылған.
Балалардың церабралды сал ауруын толық емдеп жазу қиын дейді мамандар. Дегенмен дәрігерлер орталық жүйке жүйесіндегі ақау салдарын сапалы реабилитацияның көмегімен төмендетуге тырысады. Сондай-ақ, дертке шалдыққан баланың қимыл-қозғалысын ширатып, қабілетін күн сайын шыңдап, қарапайым дүниелерге баулып отыру қажет.
Реабилитация сақтандыру пакетіне кіреді
2020 жылдан бастап реабилитация мен қалпына келтіруге бағытталған ем-дом шаралары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне енгізілді. Мемлекет тарапынан сақтандырылатын 15 санатқа жататын балалар медициналық көмекті тегін пайдалана алады. Мәселен, бір ғана 2020 жылы балаларға арнап еліміз бойынша 58 мың оңалту шарасы жүргізілген.
Жаңа реформаның нәтижесінде мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге құлшыныс білдіріп отырған медицина ұйымдарының саны да бірнеше есе артты. Олардың қатарында «Мүгедек балалардың ата-аналары қауымдастығы» реабилитация орталығы да бар. АРДИ сал ауруымен ауыратын балаларды үшінші кезеңдік реабилитациядан өткізеді.
«Мүгедек балалардың ата-аналары қауымдастығы» 1991 жылы желтоқсан айында өз балаларына көмек қолын созуға құлшынған ата-аналардың бастамасымен құрылған. Отыз жылға жық уақыттан бері олар мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған 745 отбасына қолдау көрсетіпті. 2004 жылы реабилитация орталығы болып қайта құрылған АРДИ бүгінде сал ауруына шалдыққан балаларды кешенді оңалтумен айналысып келеді.
«Біздің орталық мамандары ерекше балаларды физикалық жағынан оңалтып қана қоймай, психологиялық-педагогикалық көмек те көрсетеді. Невролог, педиатр, реабилитолог психотерапевт, емдік шынықтыру маманы, массажист, ортопед, психолог, эрготерапевт, дефектолог, логопед, әлеуметтік қызметкерден тұратын мультидисциплинарлық команда жұмыс істейді. Біз бәріміз мүгедек балалар мен олардың ата-аналарына жан-жақты қолдау көрсетуге тырысамыз», - дейді орталықтың бас дәрігері Айсұлу Қожанова.
Сондай-ақ, орталықта эрготерапия бөлімшесі, Монтессори кабинеті, сенсорлық бөлмелер бар. Кинезиотерапия және механотерапия кабинеттері саусақтың ұсақ моторикасын дамытуға арналған заманауи қондырғылармен жабдықталған. Ең бастысы – мұнда әрдайым ерекше балаларды дұрыс дамытуға қолұшын созуға дайын тұратын қайырымды жандар жұмыс істейді.
«Ата-ана баласын алып келген кезде біз 3 түрлі нәрсеге мән береміз. Ең алдымен қимыл-қозғалысы әлі қалыпқа түспеген балаға көңіл бөлеміз. Мамандар бірден оны жан-жақты дамытуға кіріседі. Екінші – баланың отбасы. Өйткені, кемтар бала сол отбасында өмір сүреді, сондықтан олар да біздің команданың бір мүшесіне айналуы тиіс. Мамандар балаға үйде де қолайлы атмосфера қалыптастыруға көмектеседі. Үшінші – қоршаған орта. Баланың өміріне мұның да тигізетін әсері мол», - дейді орталық қызметкерлері.
МӘМС енгізілгелі бері орталықта 200-ден астам бала оңалтылды
Орталыққа қолдан келгенше көмектесетін қайырымды жандар да аз емес. Соның арқасында олар мүгедек балаларға жан-жақты көмек көрсетуге мүмкіндік алып отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгелі бері орталықтың мүмкіндігі еселене түскен. МӘМС енгізілген 2020 жылдан бастап АРДИ емхананың жолдамасымен келген мүгедек балаларға оңалту қызметін көрсету туралы бастама көтерді. Соңғы бір жылдан астам уақыт ішінде орталықта 200-ден астам бала реабилитациядан өтті.
Айта кетерлігі, АРДИ орталығында білім беру орталығы да жұмыс істейді. Онда Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген мамандар шетелдік тәлімгерлердің тренингтеріне қатысып, ерекше балалармен жұмыстың қыр-сырына қанығады.