17 миллион халқы бар Қазақстанда 4 мыңнан аса адам түрлі дене мүшелерінің кезегінде тұр. Жыл сайын шамамен 150 адамның жүрегін ауыстыру керек. Ағза мүшелері істен шыққан 1200 адамға – бауыр, 2 мың адамға бүйрек салу қажет. Күн санап көбейген бұл сандардың астары – нақты адамның өмірі.
Қатал дерттің қарауылына тағдыры ілінген талай жан аңсаған ағза мүшесіне қол жеткізе алмай, көз жұмды. Енді бірі отандық орталықтардан үмітін үзіп, шетел асқан. Пәкістан мен Қытайдан операция жасатып, жаңа орган орнатып келгендер көбейіп жатыр. Дегенмен «әр адамның ағзасы – өз алдына қайталанбас бір әлем. Сондықтан жаңа мүшені жатсынбай қабылдап кетуі екіталай. Қабылдаған жағдайда әрі қарай ғұмыр бойы қорғаныш қабілетін бір қалыпта ұстайтын дәрі-дәрумендердің көмегіне жүгіну керек» дейді мамандар. Бұл – мәселенің медициналық жағы. Ал, жалпы, қазақ қоғамы донор болу деген ұғымның өзіне үрке қарайды. Қарапайым қан беруден қашатын адам күні ертең бөгде біреуге бүйрегін немесе бауырын бере қоя ма? Жүректің жайы тіпті ерекше. Жалғыз жүректі тірі адамнан ешкімнің алуға құқы жоқ. Олай болса, жазатайым көз жұмған немесе апаттан қаза болған жандардың жүрегін науқастарға трансплантациялау – ұтымды ұсыныс. Әрине, өзінің көзі тірісіндегі келісімі немесе марқұмның тума-туыстарының мақұлдауымен жүзеге асуы шарт.
«Өмірден өткен адамды мәйіт ретінде пайдалануды көпшілік арасында кеңінен насихаттаған дұрыс. Өйткені бұған жұртшылық арасында үрке қарайтындар көп. Ал бұл – адамгершілік жағынан алғанда маңызы зор игі іс. Ағза мүшелерін саудалайды деген мәселеге келетін болсақ, оқта-текте ондай жарнамалар шығатыны рас. Бірақ бұл жерде ескеретін жағдай – «дене мүшемді беремін» деген кез келген адамның бүйрегі не бауыры жарай бермейді. Мәселен, жүрек қайтыс болған адамнан ғана алынады және ол донордан рецепиентке 4 сағаттың ішінде ауыстырылып үлгерілуі керек. Әрі донор мен рецепиенттің арасында қан тобының, типтік анализдерінің нәтижесі сәйкес келуі міндетті. Сәйкес келмеген донорлық мүшені рецепиенттің ағзасы қабылдамайтыны өзінен-өзі түсінікті. Тағы бір айтайын дегенім, еліміздегі «Трансплантология туралы» заңды жетілдіру керек. Одан бөлек, донорлыққа қатысты ислам дінінің өзіндік қағидаттары бар.
Оның үстіне бізде осы мәселеге қатысты заңдар да нақты айтылып, көрсетілмеген.
Мысалы, апатқа ұшыраған адамның сау ағзасын ол қайтыс болғаннан кейін тез арада пайдаға асырмаса, кейін ол жарамсыз болып қалады. Ал қазіргі заң бойынша, қайтыс болған адамның ағзасын алу үшін оның өзі өлер алдында жазбаша түрде рұқсатын беруі тиіс немесе ол қайтыс болғаннан кейін оның жақын-жуықтарынан жазбаша рұқсат алу керек. Біріншіден, қайғыдан қажып тұрған кісіден оны сұрау қиын. Екіншіден, оның рұқсаты болған күннің өзінде тиісті құжатын нотариус арқылы рәсімдеп алғанша, ағзаның пайдалану мерзімі өтіп кетеді. Міне, ағза ауыстыру жөніндегі заңда осы сияқты уақ-түйек нәрсенің бәрі ескерілуі тиіс. Айтуға оңай болғанымен, адам өмірін сақтауда осындай уақ-түйектің өзі маңызды екенін естен шығаруға болмайды», – дейді БҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Мәншүк Құдайбергенова.
Сабырғали ШӘКІМОВ, дінтанушы:
– Негізі, ата дініміз адамның дене мүшесін сатуға үзілді-кесілді қарсы. Бірақ адам көз жұмар алдында өз ағзасының бір мүшесін екінші біреуді ажалдан арашалап қалу үшін беремін деп өсиет қылса, онда жөн басқа. Онда да тек адамның өз рұқсаты мен ықтияры болуы тиіс.
Жалпы, көп жағдай қоғам мен заңға, моральға да байланысты. Қазіргі таңдағы трансплантологиядағы күрделі жағдай дін өкілдерін де ойландыруда. Кейбірі, тіпті, донор болып жатыр. Христиандар мен католиктер бұл мәселеге түсіністікпен қарауға қарсы емес.
Қазір облыс бойынша 86 адам бүйрек ауыстырып салу операциясын қажет етеді. Бәрі де донор проблемасын бастан кешіріп отыр. Ол шешілмегендіктен, адамдардың өмірін ұзарту үшін медицина амалдары қолданылады. Мәселен, біздің облыстағы созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен ауыратын науқастар жасанды бүйрек аппаратына тәуелді. Ондай аппараттың қызметі облыстық клиникалық ауруханада көрсетіледі. Науқастар аптасына үш мәрте жасанды бүйректің қызметіне жүгіну арқылы ағзасын тазалатады. Бұл — гемодиализ әдісі.
Любовь АГЕЕВА, БҚО облыстық ауруханасы ревматология-нефрология бөлімшесінің меңгерушісі:
– Адамның жұмыс істеуге қабілетсіз ағза мүшесін ауыстыру – өте күрделі мәселе. Біз, облыстық клиниканың дәрігерлері есепте тұрған науқастарды денсаулығына қарай емдейміз, бақылауда ұстаймыз. Қажетті донор таба алмағандықтан, бұл науқастар әзірге бүйректерін жасанды қондырғы арқылы тазартып (гемодиализ) алып жүр. Ауыстыратын ағзаны, негізінен, науқастың өз туысынан алғаны дұрыс. Себебі ағзасын беретін адам мен ағзаны қабылдап алатын адамның қан тобы мен резус-факторы және басқа да жағдайлары сәйкес келуі керек. Ал мұндай сәйкестіктер ілуде бір кездеседі. Мысалы, Белоруссияға барып, өз ақшасына ауыстырғысы келген бір науқасымыз өзіне сәйкес келетін бүйрек таба алмай, екі жылдан бері қиналып жүр. Оған бүйрек ауыстырудың сәті қашан түседі, ол жағы да белгісіз...
Соған қарамастан, Жайық өңірінде бүйректерін сәтті ауыстырған сегіз адам бар екен. Біреуі мұндай күрделі операцияны Ресейдің Саратов қаласында жасатса, қалған жетеуі бүйректерін Қытайға барып ауыстырыпты. Бұлардың ағзаны арзан қаққа ұсынып жүрген «делдалдарға» қатысы жоқ. Қазіргі таңда олардың денсаулықтары жақсы, ауруханада арнайы есепте тұр. Белгіленген мерзімде дәрігерлік бақылаудан өтіп, тиісті ем-домдарын алуда.
Марат НҰРҒАЛИЕВ, гемодиализ бөлімінің дәрігері:
– Облыстық клиникалық ауруханада гемодиализ бөлімінің жұмыс істей бастағанына он жылдан астам уақыт өтті. 19 аппарат бар. Гемодиализ кезінде аталмыш аппараттың сүзгілеу жүйесі арқылы адам қаны тазартылып, тазарған қан науқас ағзасына қайта барады. Бұл адам өмірінің ұзаруына едәуір себепші. Бүгінгі таңда бүйрек қызметі бұзылған 86 адам осында келіп, ем-домын алып жүр. Қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген палаталарда науқастар аптасына үш реттен гемодиализ алады. Төрт сағатқа созылатын бұл сеанстың әрқайсысы шамамен 26-28 мың теңге тұрады. Бағасы удай қымбат сеансты 86 адам аптасына үш мәрте келіп алғанда, бір айда бір науқасқа мемлекет тарапынан қанша қаржы жұмсалатынын өздеріңіз есептеп көріңіздер. Адами құндылықты жоғары бағалайтын мемлекет қана осындай шығындарға барады деп есептеймін.
Гемодиализ бөлмесінен шыққан соң, бір айда бір науқасқа жұмсалатын қаржы көлемін есептеп көрдік. Егер бір сеанс 26-28 мың теңге тұрса, оны үшке көбейткенде әр науқасқа аптасына 78-84 мың теңге шамасында қаржы жұмсалады екен. Ал бір айда төрт апта бар десек, жаңағы санды төртке тағы көбейтеміз. Сонда әр науқасқа бір айда жұмсалатын қаржы көлемі шамамен 336 мың теңгені құрайтын болғаны. Осыған қарап облыстық клиникалық ауруханада гемодиализ алып жүрген 86 науқасқа қанша қаржы бөлініп отырғанын есептеп шығаруға болады. Біз бұл жерде, әрине, кеткен шығынды есептеуді мақсат тұтпадық. Тек қыруар қаржы науқасты толық сауықтырмай, өмірін сәл де болса ұзартатыны өкінішті. Дәрігерлер жарамсыз ағзаны емдегеннен гөрі оны ауыстырған тиімді екенін алға тартты. Олай болса, бауырына бауырын немесе бүйрегін беруге біздің қоғам әзір ме?
Көз жұмған жанның жүрегін тіріге беруге неге үрке қараймыз?
Последние статьи автора