Ақмола облысында жоғалған жасөспірім қыз Көкшетаудан 200 шақырым жерде Ақкөл қаласында табылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ақмола облысында 13 жасар Аяшева Элеонора Рафаиловнаны іздеу сәтті аяқталды. Полицейлер жоғалған қызды 15 ақпанда Ақкөл қаласында қала көшелерін патрульдеу кезінде тауып алды.
Учаскелік инспекторлар Мақсад Жаппаров пен Айдос Жанабаев қызметтік автокөлікпен жүріп келе жатып, полиция көлігін көргенде жақын маңдағы дүкенге тез жүгіріп бара жатқан қызды байқады. Жасөспірімнің бұл әрекеті тәртіп сақшыларына күдікті болып көрінді және олар тоқтауға шешім қабылдады. Қызды көріп олар іздеуде жүрген Э.Р.Аяшеваны таныған.
Қыздың айтуынша, ол Ақкөлге 14 ақпанда кешке индрайвер таксиімен келіп, досының үйінде түнеген. 2022 жылдың желтоқсанында Э.Р.Аяшеваның ата-анасы өз құқықтарынан айырылғаны белгілі болды және ол «Сандықтау ауылының өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау облыстық орталығы» КММ-де болған.
Естеріңізге сала кетсек, 14 ақпанда Көкшетау полициясына көпсалалы облыстық балалар ауруханасынан кәмелетке толмаған науқас – 13 жастағы Элеонора Аяшеваның жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түскен болатын. Қызды полиция мен еріктілер іздеді.