Биыл туғанына 110 жыл толған қазақтың біртуар қайраткері
Амал қанша, аймақтағы мәдениет саласының басшылары әнші Майра Уәлиқызының қабіріне белгітас орнатуға он миллион теңгені таба алмай он жыл жүр. Ал биыл Керекуден шыққан орыс ақыны Павел Васильевтің мерейтойын өткізуге жетпіс миллиондай қаражат бөліпті. Ол тұрмақ, былтырғы жылы қалада қаңғып жүрген ит-мысықтарды атуға тоғыз миллион алты жүз мың теңге ақша жұмсады. Оның қаншасының «қалтаға» кеткенін құдай білсін. Өйткені кезбе иттер азайғанның орнына көбейіп барады.
Жақында Кереку қаласында Иван Качериди деген біреуге ескерткіш-тақта орнатылып, жергілікті билік оның ашылуына кішігірім тілеу жасап, шала бүлінді де қалды. Енді «Иван Качериди кім» дегенге келер болсақ...
Ертістің Кереку өңірінде бірқатар құрылыс нысандарының салынуына атсалысыпты. Сол қызметі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» деген атаққа ие болған. Дұрыс-ақ! Алайда ұлы ғұлама ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш геолог Қаныш Сәтбаевтың қолына су құюға да жарамайтындардың парқын өлшеуге қаншалықты өре қажет болғаны.
Сайып келгенде, әлем таныған Сәтбаевтың туған жері Керекуде оның ескерткіші жоқ деп айтудың өзі ұят. Керісінше, көрші облыстар осынша дана мен данышпанға бесік болған Керекуді шаң қаптырып барады. Айталық, Шығыс Қазақстан облысына әкім болып тағайындалғанына аз ғана уақыт өтсе де, Бердібек Сапарбаев Өскеменнің төріне Абай ескерткішін қондырса, бүгін Қалбатау жақта Ер Жәнібектің ескерткішін ашпақшы...