Өткен жылы Теңіз кен орнының маңында 4 балдық жер сілкінісі орын алды. Жер дүмпуін сезінген ТШО қызметкерлерінен басқа халық бұл жаңалықты бұқаралық ақпарат құралдарынан біліп, алаңдап-ақ қалып еді. Мұнай-газ кең көлемде игеріліп жатқан аймақта техногендік әрекеттердің әсері жоғарылап келетіні шындық, бұл жер қойнауының жағдайын өзгеріске түсіретіні де белгілі. Тепе-теңдіктің бұзылуы салдарынан болатын техногендік апаттар қара алтынды Атырауды айналып өте ала ма? Рас, күні бүгінге дейін ошағы Атырау жерінде орналасқан жер сілкіністері тіркелген жоқ. Бірақ бұл –мұнайлы мекеннің сейсмикалық қауіпсіз аймақ санатында болуымен байланысты емес, аймаққа сейсмологиялық зерттеулердің жүргізілмегендігінде.
Қарт теңіз қаһарына мінбесін деңіз...
Еліміздегі кен орындарын алғашқы ашушы, жер қойнауының құрметті барлаушы геологі Мақаш Рахметов «Атырау облысы барлық бәленің ортасында тұр» дейді. Ардагер мұнайшының ойынша, мұнай кеніштерінен қысқа мерзім ішінде көп өнім өндіру салдарынан болатын техногендік жер сілкіністерінен қашып құтылуымыз қиын. Осындайда мұнай-газ кен орындарын қарқынды игеріп, әлемдік рекордқа қол жеткізуді арман қып жүрген алпауыт компаниялар қара халықтың қауіпсіздігі үшін қандай шаралар жасауда деген сауал да бас көтереді. Жер сілкіністерінің әлемдік тарихына көз жүгіртсек, олардың біразы мұнай мен газды қарқынды игерумен байланысты болғанын бағамдау қиын емес. Айталық, Атырау секілді қауіпсіз белдемелердің қатарына жататын Өзбекстандағы Газли кен орнын 15 жыл үзіліссіз игергеннен кейін, 1976, 1984 жылдары күші 9 балға жеткен алапат жер сілкіністері болды. Сондай-ақ Канададағы Shipe Like кеніші мұнай өндіре бастағанына – 7 жыл, Ресейдегі Старо Грозненс 8 жыл дегенде табиғи апаттың құрбанына айналды. Ал 600 млн тонналық қоры бар Ресейдегі Ромашкинское мұнай кенішінде 1987 жылдан 1997 жылға дейін 700-дей жер сілкінісі тіркеліпті. Оңтүстігі мен солтүстігінен: Теңіз кеніші, Қашаған, Құрманғазы, Қарашығанақ, Жаңа жол секілді ондаған мұнай-газ кеніші орын тепкен Атырауда, біз беті әрмен дегенімізбен, табиғи апаттың ықтималдығы теріске шығарылмайды.
«Теңіз кенішінде жерасты дүмпулері бұрыннан байқалып жүр. Мұнайды жер астынан есепсіз сору бүгін болмаса, бір күні апатқа әкелері сөзсіз. Қарт теңіз мінез көрсетсе, жағдайымыз өте қиын болады, осыны ойлануымыз керек». Бар өмірін мұнай саласына арнаған, көргені мен көңілге түйгені мол Мақаш мырза осылай дей отырып, техногендік жер сілкінісінің салдарынан АҚШ-тағы Willmingtоn мұнай кенішінде барлық ұңғымалардың 8 метрге төмен түсіп кетіп, алапат апатқа әкелгенін алға тартады. Шынында, мұндай жағдайлар Қашаған, Хвалынск, Құрманғазы кеніштерінде немесе келешекте іске қосылатын нысандарда болмасына кім кепіл?
Атыраудағы алғаш мұнай бұрқағы атқылаған Доссор кенішінің де төмендеп кеткені жайлы қарт мұнайшылар сөз қылып жүр. Бірақ әлі күнге бұл кеніштің жағдайы сараланған жоқ. Техногендік бақылау жүргізілмегендіктен, пәлен деп айту да қиын. Сондай-ақ Теңіздегі және Каспий қайраңындағы болашақ мұнай-газ кеніштерінің негізгі құрамы әктас болып табылады, ал әктастың техногендік жер сілкінісіне бейім келетіні ғылымда дәлелденген жайт.
Техногендік тексеру дегеннен шығады, Теңіз кенішінде ресейлік мамандар 1988-1992 жылдар аралығында арнайы мониторинг жүргізген еді. «Сол кездің өзінде олар Теңіздің оңтүстік жағында мұнай өндіруді өте сақтықпен, қатаң бақылау арқылы жүргізуді ұсынған болатын. Және бұрын-соңды болмаған қайғылы оқиғаның ықтималдығын да айтқан еді. Қазір бұл жұмысты 1999 жылдан бері «ЭкоГеоМұнай» ЖШС-і атқарып жатыр. Каспийдегі мұнай қоры қаншалықты көп болса, оның экологиялық қауіптілігі одан да зор», – дейді Мақаш Рахметов.
Кезінде КСРО-ның құрметті мұнайшысы атанған Мақаш Рахметов Каспийге техногендік жер сілкіністерінен бөлек, улану қаупі төніп тұрғанын да айтып қалды. Оның ойынша, енді 15-16 жылдың ішінде теңіз суы улы суға айналып үлгеруі әбден мүмкін. «Теңіз мұнай кенішін игерген кезде ұңғымалардың пайдалану құбырларында пайда болған ақаулар күкіртті сутегі аралас газдар пайдалану құбырының сыртына жоғары қысыммен жиналып қалады. Осының кесірінен юра, бор, су қабаттары улы қосындыларға толады. Аталған су қабаттары күкіртті сутегімен аралас сұйықтықтар мен газдарды жұтып, Каспийге қарай аға бастайды. Және бірнеше жүздеген жылдардан соң теңізге қосылып, су маржандарын қырып салғаны өз алдына, табиғаттың адамзатқа теңдессіз тартуындай болған теңізді уға бөктіруі ғажап емес», – дейді ол.
Солтүстік Каспийдегі қазу жұмыстарын жүргізу кезінде әсіресе Қазақстан мен Ресей елдері жауапкершілікті сезінулері тиіс, өйткені «теңіз тоқашының» басқа мемлекеттерге тиесілі үлесіндегі мұнай қабаттарында күкіртті сутегі жоқтың қасы. Не істеу керек? ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Мақаш Рахметовтің бұл турасындағы пікірлері жоқ емес. «Алдымен, – дейді ол, – өз тарапымыздан экологиялық бақылауды күшейту жұмыстарын қолға алуымыз керек. Және Каспий теңізінде, Теңіз кенішінде геодинамикалық бақылауды күшейткен дұрыс. Бұл техногендік апаттың қаншалықты жақын қалғанын біліп отыруымызға мүмкіндік береді. Сондай-ақ сейсмикалық байқау күн сайын жүргізіліп отырса деген ұсынысым бар».
Табиғи апат төніп тұр...
Кейінгі кездері әлемнің әр түкпірінде жер сілкіністері, цунами,торнадо, ауа райының аномалды құбылыстары көбейіп кетті. Бұрын 40 градус ыстықтың өзіне әзер шыдайтын атыраулықтар биылғы жазда 50 градус аптапқа амалсыздың күнімен шыдамдылық танытты. Ұлттық Ғылым академиясының академигі, геология-минерология ғылымдарының докторы Мұфтах Диаровтың айтуынша, Атырау аймағына төніп тұрған табиғи жер сілкінісінің қаупі зор. «Табиғи апаттардың Каспий бассейнінің аумағын айналып өтпесі анық. Ұлттық Ғылым академиясының сейсмологиялық институты Каспий айлағын қосқандағы Атырау облысының аумағы Рихтер бағаны бойынша магнитуды 6 баллдық жер сілкінісі болуы мүмкін жер қыртысы учаскелеріне жатқызылған. Орталық Каспий айлағы магнитуды 7 баллға дейінгі жер сілкінісі болуы мүмкін аймаққа жатады. Қашаған, Қайран, Ақтоты, Королевское және Теңіз тәрізді ірі тұз асты мұнай және газ кен орындары жер қыртысының тектоникалық белсенді учаскесінде орналасқан. Теңіз кеніші шеңберіндегі жер қыртысының жарылуының қазіргі қарқыны жылына 5 см-ді құрап отыр. 2000 жылы Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінің шығыс жағалауында жер бетінің үлкен көлемде шөгуі байқалды. Каспий теңізінің қазақстандық бөлігі тұз асты қабатындағы көмірсутегінің мол қорын үзіліссіз игеру табиғи геодинамикалық және техногендік факторлардың өзара әрекеті жағдайында жүзеге асып жатыр. Яғни төніп тұрған табиғи жер сілкінісінің қаупі де зор», – дейді академик өз болжамында.
Ғалымның сөзіне сүйенсек, табиғи жер сілкінісінен бөлек, техногендік сипаттағы апаттардың да қатері жоқ емес. Тектоникалық белсенді аймақтарда мұнай резервуарларынан мұнай мен газ өндіру кезінде қалпына келмейтін кеңістіктер пайда болады екен, ол өз кезегінде магнитуды 7 баллдан жоғары жер сілкінісіне әкеледі. «Техногендік жер сілкінісі барлық жерде болып жатыр», – делінеді академик Диаровтың дәлелдерінде. Бірақ «е-е, солай екен ғой» деп қол қусырып қарап отыруға болмайды. Жоғарыда айтылған Теңіз кенішінде 1993 жылдан бері көмірсутегі қоры ерекше қарқынмен игеріліп жатыр. Бірақ «босап қалған кеңістіктер мен жарықтар сумен немесе газбен толтырылмаған. Бұл – ондағы жер қойнауының статикалық жағдайы баяу болса да бұзылады деген сөз», – дейді ғалым.
Бар өмірін мұнай саласына арнаған геолог-маман да, экологияның білгірі – ғалым да, Атырауда табиғи және техногенді апаттардың болу ықтималдығын жоққа шығармайды. Мақаш мырза: «АҚШ-та жер қыртысының жарылуы кен орнын өңдеуді бастағаннан кейін 15-20 жылдан соң байқалды. Кен орнын 1991 жылы игеруді қолға алған біздің елде де жер сілкінісі кез келген сәтте болуы мүмкін. Қазір бізде жер қабатының қысымын бірқалыпты ұстап тұру үшін күкіртсутекті газды пайдаланады, оның орнына су қабатын айдаған әлдеқайда тиімді болар еді. Теңіз кен орнында қалпына келтіру жұмыстарын жеткілікті деңгейде жүргізбесек, экологиялық талаптарды сақтамасақ, 5-6 баллдық жер сілкінісінен қашып құтыла алмасымыз анық», – деп қорытты өз сөзін. Шынымен, сақтанған ғана сақтала алады. Қойнауы ел игілігін еселер байлық пен қазынаға толы Каспийді көзіміздің қарашығындай қорғасақ қана келер ұрпағымызға аманаттай аламыз. Ал әзірге таразының басына байлық пен адамзаттың қатерсіз, тыныш-тіршілігін тең тартқан теңіздің қаһарына мінбеуін тілеу ғана еншімізде.