Кез келген қазақ баласының бір арманы ғарышкер болу екені рас. Бұл турасында әйгілі балалар жазушысы, біртуар азамат Бердібек Соқпақбаев «Менің атым — Қожа» повесінде жасөспірімдердің негізгі арманын дөп басып, әдемі суреттеген. Балалардың ғарышкерлікке деген қызығушылығы әлі де төмендеген жоқ. Қазір де мектеп оқушыларына «болашақта кім болғың келеді?» десеңіз, олардың басым көбі аспанды шарлағанды аңсайтыны сөзсіз. Тіпті ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің ресми сайтына кіргенімізде, жастардың басым көпшілігі «Мен қалай космонавт боламын? Бізде ғарышкерлерді дайындайтын арнайы жоғары оқу орындары бар ма?» – деп агенттік төрағасы Талғат Мұсабаевқа сұрақтар жаудырғанын көрдік. Демек, жастардың ғарышты бағындырамын деген арманы әлі басылған жоқ. Үміт бар. Бірақ сол үмітті еліміздің шенеуніктері қаншалықты ақтай алып отыр?
Бір қуанарлығы, әлемдегі елдердің кез келгеніне бұйырмаған космодром Қазақстанда тұр. Оның үстіне, ең бірінші космонавт ғарышқа қазақ жерінен ұшты. Бірақ солай бола тұра, елімізде осы уақытқа дейін ғарыштық білімді меңгерген төрт-ақ қазақ бар екен. Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, одан кейін Ресейде білім алған қос жас ғарышкерлеріміз – Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймаханов. Оның екеуі қазір Қазақстанның ғарыш саласында қызмет етсе, (Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов), тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров бұл саладан сырт қалды. Ал төртінші жас ғарышкеріміз Мұхтар Аймаханов ғарышқа ұшу үшін Ресей азаматтығын алды. Міне, біз айналдырған төрт ғарышкерге лайықты жұмыс тауып бере алмай тұрып, олардың потенциалын пайдалана алмай тұрып, ғарыштық саланы қалай меңгермекпіз? Оның қыр-сырын болашақ жастарға қалай үйретпекпіз?
Тоқтар ӘУБӘКІРОВ, қазақтың тұңғыш ғарышкері:
– Мен бұл туралы ештеңе айта алмаймын. Ол үшін Талғат Мұсабаевқа шығыңдар. Себебі ол кісі қазір билікте отыр. Мен өзім жастарға ғарыш саласын үйретпек түгіл, оларды бүгінге дейін жетектеп жүрмін (Айдын мен Мұхтарды айтады. – Авт.). Тіпті Мұхтарға көмектесіп жатырмын. Шенеуніктеріміз жас ғарышкерлеріміздің ұшуына тиісті деңгейде жағдай жасай алмады. Бұл дұрыс емес. Өте өкінішті жағдай. Бұдан басқа мен ештеңе айтпаймын.
ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың басылымдарға берген сұхбатын оқысаңыз, «елімізде ғарыш саласы дамып жатыр, шетелдік әріптестерімізбен стратегиялық қарым-қатынасымыз нығаюда, жастар да «Болашақпен» осы сала бойынша шетелдерде білім алуда» дейді. Әрине, Талғат ағамыз өзі басшылық жасайтын сала төңірегінде сыни пікір айта қоймайтыны белгілі. Десек те, ол «еліміздің бірқатар ұлттық университеттерінде аэроғарыш мамандарын дайындайтын оқу бөлімдерін ашамыз» деген болатын. Тіпті ғарышкер ағамыздың аузынан Оралдағы агро-техникалық білім ордасында Самара мемлекеттік университеті аэроғарыш факультетінің бөлімшесі де ашылатынын естіген едік. Алайда аталмыш оқу орнының сайтына кіріп, факультеттері мен кафедраларына назар аударғанымызда, бірде-бір аэроғарыш мамандарын даярламайтынына көз жеткіздік.
Тіпті Т.Мұсабаев мырза: «Азаматтық авиация академиясы да ғарыш саласының мамандарын дайындайтын болады», – деген еді. Алайда академия ғарышкерлерді дайындамақ түгіл, өздерінің болашақ ұшқыштарының да толық білім алуына жағдай жасай алмай отыр. Студенттерін тәжірибеден өткізетін жаңа ұшақтары да жоқ. Енді олар өздері осындай жағдайда тұрып, болашақ ғарышкерлерді қалай дайындамақ?! «Біз аэроғарыш мамандарын дайындамаймыз. Біздікі – тек авиация саласы», – дейді Авиация академиясының проректоры Айжан Жиенбаева. Кез келген ЖОО-дан арнайы факультет немесе кафедра ашу үшін оның арнайы бөлмелері, зертханалары, оқулықтары, осы салада білім беретін мамандары болуы тиіс емес пе? Неге біз осы ғарыш саласындағы түрлі мамандықтарды әр университеттердің бөлімшелеріне тықпалап, көтере алмайтын жүкті арта береміз? Әлде Қазақстанның ғарыш саласында арнайы университет, колледждер ашуға шамасы келмей ме?
Мейірбек МОЛДАБЕКОВ, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары:
— Елімізде ғарыш саласының мамандарын даярлайтын арнайы жоғары оқу орны жоқ. Бірақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да, Гумилев атындағы Еуразиялық университетте, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да, Алматы энергетика және байланыс институтында, Азаматтық авиация академиясында ғарыш саласында білім беруге болады деген тоқтамға келген болатынбыз. Бірақ Авиация академиясының аэроғарыш саласында неге мамандар даярламай отырғанын мен білмеймін. Дегенмен бізде мынадай жүйе қалыптасқан. Егер студент Үкімет бөлген грантты иеленсе, ол өзінің таңдаған университетіне барып білім алады. Міне, осы бөлінген гранттарды ұтып алған студенттер бес ЖОО-ның барлығына бірдей бармаған. Менің білетінім, қазір ғарыштық саланың студенттері Алматы энергетика және байланыс институты мен Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да білім алып жатыр. Әрине, олардың зертханалық базасы, оқытатын мамандары, оқулықтары – барлығы жақсы деңгейде деп айта алмаймын. Сондықтан ғарыш саласына арнайы жабдықталған дербес университет керек-ақ. Бірақ олардың барлығы бір күнде келе салмайды. Уақыт өте келе шешімін табады деп ойлаймын.
Түйін
Қалай десек те, ғарыш саласын меңгеруді ертерек қолға алуымыз керек. Өйткені оның экономикалық тұрғыдан да, ғылым жағынан да елімізге тиімділігі зор. Қазір дамыған елдердің барлығы да ғарыш саласын меңгеру үстінде. Тіпті көрші Ресейдің өзі өзге елдің бір азаматын ғарышқа ұшырғаны үшін ел бюджетіне 30 миллион доллардан аса қаржы түсіреді екен. Тіпті олар қазір Қиыр Шығыстан Байқоңырға балама болатын ғарыш айлағын салып жатқан көрінеді. Осылайша олардың Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алуды бірте-бірте доғаратыны сөзсіз. Сондықтан келешекте космодромымызды сақтап қалу үшін, оны дамыту үшін ғарышкер мамандарды дайындауды бүгіннен бастап қолға алғанымыз дұрыс шығар...