Жаркент өңірі екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, еңбек майданының майталманы Николай Головацкийдің ғасырлық мерейтойын атап өтті.
Украинаның Житомир қаласында дүниеге келсе де, бүкіл саналы ғұмырын еліміздің оңтүстік-шығыс шебіндегі Жаркент өңірінде өткізген қайраткер тұлға көзі тірісінде-ақ «Дала академигі» атанған еді. Білікті басшы ең ірі шаруашылықтың бірі «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы колхозды ондаған жылдар ішінде республика ғана емес, Одаққа әйгілі агрофирма дәрежесіне жеткізіп, тастақты жерге «Жастар» қалашығын тұрғызды. Жаркент жеріне жүгері өсіруде ғылым мен өндірісті ұштастыра отырып, үлкен жетістіктерге жеткізген де осы Головацкий болатын.
Осыдан он жыл бұрын тойланған 90 жылдығы қарсаңында қайраткердің есімі беріліп, бүгінде Жаркент ауылдық округінің орталығына айналған ауыл ғасырлық мерейтойға жиналған қонақтарды құшақ жая қарсы алды. Мерейтойлық шаралар шеңберінде ауылда дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Көпшілік Головацкий мұражайын, Еңбек Ері жайындағы фильм мен театрландырылған көріністерді тамашалады. Сол күні Николай Головацкийді еске алу құрметіне арнап ас берілді.
Өткен ғасырдың 80-жылдарының өзінде Н.Головацкийдің басшылығымен озық үлгіде салынған, инфрақұрылымы толық жасалған көрікті елді мекеннің бүгінгі күні де ажары тайған жоқ. Облыстағы ең абатты ауылдардың алдыңғы қатарында тұр. Мұндағы «Тәуелсіздік тұғыры» монументі мен Головацкий ескерткіші – ауыл тұрғындарының тәу етер қастерлі орындарының бірі. «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық орталығының кеңсесі де осында орналасқан.
Ең ажарлы ауыл – Головацкий ауылы
Последние статьи автора