Қазақстанда 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты зейнетақы мөлшері 7%-ға, базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 5%-ға ұлғайды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
«2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 7% - ға, яғни инфляция деңгейінен 2% - ға ілгерілеп арттырылды. Бұл ретте жасы бойынша ең төменгі зейнетақы мөлшері 46 302 теңгені құрады.
Базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 5% - ға арттырылды. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап оның ең төменгі мөлшері 19 450 теңгені құрайды.
Нәтижесінде базалық зейнетақы төлемін ескере отырып, ең төменгі зейнетақы мөлшері 1 қаңтардан бастап 65 752 теңгені құрайды», - делінген хабарламада.
Бұл өсім 2,2 млн зейнеткерге қатысты.
Бұдан басқа, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының өзгеруіне байланысты жәрдемақылардың мынадай түрлері 5% - ға арттырылды:
мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар;
мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы;
I топтағы мүгедекке күтім жасайтын отбасыларға (адамдарға) берілетін мемлекеттік жәрдемақы;
Айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің ұлғаюына байланысты 1 қаңтардан бастап келесі жәрдемақылардың мөлшері 5% - ға артты:
№1 және №2 тізімдер бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақылар;
бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақылар;
бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы;
арнайы мемлекеттік жәрдемақылар;
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға арнайы мемлекеттік жәрдемақылар;
бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар;
Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға және жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағайындалған, бірақ төленбеген біржолғы ақшалай өтемақылар.
«Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңға сәйкес МӘСҚ-дан еңбек ету қабілетінен айрылу және асыраушысынан айрылу жағдайларына төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері де 5%-ға арттырылды.