Елімізде «Балалар әлемі» мемлекеттік порталы ашылады. Қазір бұл бағытта тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Бұл туралы бүгін Жоғарғы сотта өткен «Рухани жаңғыру – мәңгілік ел болудың кепілі» атты дөңгелек үстелде ҚР МСМ Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Бүгінде балалар мультфильміне, балалар әдебиетіне қатысты бірқатар шара көзделген. Біздің министрлікке де тапсырма берілген екен. Осыған байланысты қазір біз «Балалар әлемі» атты еліміздегі алғаш мемлекеттік портал ашу бағытында жұмыс істеп жатырмыз», - деді Е.Тілешов дөңгелек үстел барысында.
Орталық директорының айтуынша, біздегі көп оқулықтың сапасы еш сын көтермейді. Сондықтан мақалада айтылған 100 оқулықтың кем дегенде он-он бесі әдістеме жөнінде болуы тиіс.
«Біз бәлкім экономика, география, биологиядан оқулық аударып алармыз. Ал Қазақстан тарихын, қазақ әдебиеті мен тілін, қазақ философиясын қайтеміз? Осы тұрғыдан келгенде, бізге шетел ғалымдарының әдістемесі, оқулық жазудың тәсілдері мен құрылымы, жолдары керек. Әсіресе осы 100 оқулықтың кем дегенде он-он бесі жалпы ғылымның методологиясына арналса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені біз методологияны игермей, оның негізгі теориясы мен қисынын білмей тұрып, сапалы оқулық жаза алмаймыз. Сондықтан әдістемеге үлкен мән берген жөн, бұл да науқаншылдыққа айналмауы керек», - дейді Е.Тілешов.
Нұргүл Әубәкірова