Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Ұлы адам туралы ұлағатты кітап» атты жаңа туындының тұсаукесері өтті. Бұл шараға Астанадағы Оқушылар сарайына мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал қаламгерлер, оқушылар мен ата-аналар қатысты.
Кітап авторы, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, тарихшы, жазушы, публицист, танымал тұлғалар туралы жазылған 60-тан астам кітаптың авторы Николай Александрович өз тізіміне Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы болып енгенін айтты. Тұсаукесер барысында кітапты шығару идеясы мен Елбасының өміріндегі сюжеттік желіге арқау болған негізгі оқиғалар туралы баяндады.
Автордың айтуынша, кітапта суреттелген Елбасының жалынды өмірі оқырманды өзіне еріксіз баурап алады. «Мен бұл кітапты 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейiн жаза бастадым. Содан бері Нұрсұлтан Назарбаев туралы оғаш пікір айтылғанын естіген емеспін. Қоғамдық пікір деген осы. Нұрсұлтан Назарбаев туралы қоғам ойының өзгергенін де көрмедім. Ол халқының, ал халқы Мемлекет басшысының қадірін біледі. Бұл кітап 12 жастан асқан оқырмандарға арналған. Басты идеясы – қол қусырып отырсаң, ешқашан ұлы тұлға бола алмайсың», дейді Николай Александрович.
«Нұрсұлтан Назарбаев тарих үшін маңызды оқиғалардың басы-қасында жүріп қана қоймай, қиын кездері жағдайды өз қолына ала білді. Бұл үшін ерлік, білім және тәжірибе керек. Президенттің өмірі Отанымен, халқымен бірге өрбіді. Ең бастысы – Отан үшін еңбектену. Соның арқасында оны тек Қазақстанда емес, шетелде де ерекше бағалайды», дей келе, кітап авторы жастар Н.Назарбаевқа ұқсаса деген тілегін айтты.
Ресейлік жазушының кітабын қазақ тіліне белгілі журналист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай аударып шыққан. Қайнар Олжай да кітаптың аударуы кезінде ешқандай қиындық туындамағанын айтады. Себебі, Елбасымыздың кейбір іссапарларында аудармашының да сапарлас болған кездері кітапта баяндалыпты. Сонымен қатар, аудармашы кітапты қазақы жатық тілмен, мақал-мәтелдер қолданып, қазақ оқырмандарына барыншы түсінікті болуы үшін аз тер төкпепті. Оны тұсаукесер барысында кітапты оқыған оқырмандардың жылы лебіздерінен байқадық. Туынды қазақ және орыс тілінде де екі мың тиражбен жарыққа шыққан. Автордың айтуынша, егер халық тарапынан сұраныс болып жатса, бұл тираж көбейтілмек екен.
Қайнар Олжай кітаптың стилін Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасына ұқсатты. «Елбасының саяси тұлға ретіндегі еңбектері көп дүниеге арқау болды. Бірақ оның жастық шағы туралы фильмнен басқа ештеңе жоқ. Тоқсаныншы жылдардың басында Бейбіт Сапаралының Президенттің балалық шағы туралы кітабы шыққан болатын. Бірақ жоғары сынып оқушыларына, студенттерге арналған кітап жоқ еді. Осы кітап сол бос орынға кірпіш болып қаланды», деді аудармашы.
Назарбаевтың Қазақстан мұнайын қалай игереміз деген мәселемен «Шевронға» барып, екі апта бойы тәжірибеден өткенін біреу білсе, біреу білмейді. Сонымен қатар, кітапта біз білмейтін деректер де пайдаланылған. Аудармашының айтуынша, кітапта тарихи деректер көптеп қамтылған.
Кітап тілінің жатықтығын ерекше атап өткен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова «Кітаптың оқушылар мен жастарға қажетті дүние екені көрініп тұр. Мұнда ұлттық тәрбие алған, салтымыздан сусындаған баланың Елбасы болғанға дейінгі өсу жолы құнарлы тілмен жеткізілген. Бұл жастар үшін, ұстаздар үшін де пайдалы болмақ. », деді. Алдағы уақытта Назарбаев зияткерлік мектептері оқу процесінде оны міндетті түрде пайдаланатынын айта кетті.
Елбасының өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі ететін кітап екі бөлімнен құралған. Бірінші бөлімі: «Үшқоңырдан шыққан ұлан» Президенттің балалық шағын, жастық жылдарын сөз етеді. Екінші бөлімі: "Мәртебелі Президент" Елбасының әлемге танымал тұлғалар қатарына қалай қосылғаны туралы сыр шертеді.
А.Әбдібек