Қазақстан Магниткасы атанған Елбасының жастық шағы өткен Теміртау жұртшылығының құлағы бүгінде түрік. Мұнда Президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы кино түсіріледі деген жағымды жаңалық жұртты елең еткізді.
Елбасы туралы алғашқы кино өткен жылы «Менің балалық шағымның аспаны» деген атпен экранға шыққан еді. Мұның заңды жалғасы ретінде кино «Отты өзен» және «Теміртау» деген атпен Н.Назарбаевтың комсомолдық жолдамамен комбинатқа келген 1959-1965 жылдар аралығын қамтиды. Алғашқыда Украинаға барып, мамандық алғаны, зауытқа келіп домна цехында білікті горновой болғаны туралы әңгімеленеді.
Фильмнің режиссері Рүстем Әбдірашев Теміртауды тегін таңдамағанын айтқан болатын. Сценарийде көрсетілген барлық оқиғалар шын мәнінде осында болған және сол кездегі көріністер де қалада әлі күнге дейін жақсы сақталған. Президент еңбек еткен металлургия зауыты, көшелер, сол уақыттағы сәулет, бәрі-бәрі дайын декорация. Тіпті Елбасы Н.Назарбаев еңбек жолын бастаған домна пеші де сол қалпында сақтаулы. Фильм желісінің 80 пайызы Теміртауда түсірілетіндігі сондықтан болса керек. Киноға түсіру барысында осы күнге дейін сонау 60-жылдардың конструкциясын өзгертпеген Теміртау қаласының Ескі қала атанған бөлігіндегі «Энергетиктер» мәдениет сарайы, балалар мен жасөспірімдер театры, ҚарГРЭС ғимараты, жергілікті яхтклуб, судан құтқару стансысы бәрі қамтылатын болады. Сондай-ақ кинода пайдалану үшін 50-жылдары жұмыс істеген екі паровоз Шығыс Қазақстаннан жеткізіледі. Жаңа фильмнің сценарийі бойынша оған кеңес заманында қолданылған тұрмыстық заттар да керек екен. Мамандар қала тұрғындарына сондай көне заттарға да сұрау салған-ды.
Елбасы туралы фильмнің тұғыры – Теміртау
Последние статьи автора