Жуырда еліміздің «Зияткер» баспасынан кәсіпқой сөздік түзуші Сүлеймен қажы Рақымжанұлы Тоқсанбайдың экономикалық орысша-қазақша сөздігі жарыққа шықты. Бұл еңбек – осыдан 10 жыл бұрын жарық көрген «Толық экономикалық орысша-қазақша сөздіктің» түгелдей жаңартылып, толықтырылған нұсқасы.
Аталмыш кітап мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің бағдарламасына орай дайындалған. Редакциялық алқаның құрамына көрнекті экономист-ғалымдар, қаржыгерлер енген. Жаңа сөздікте қазіргі заманғы экономиканың барлық саласында, атап айтқанда: нарықтық экономика, қаржы-несие, бюджет, банк, салық, кеден, сақтандыру, биржа, менеджмент, басқару, аудит, бақылау-тексеру, жоспарлау, инвестиция тағы басқа салаларда қолданып жүрген 85 000-нан астам термин қамтылған. Сөздік ТМД елдерінде, алыс-жақын шетелдерде шыққан уақыт сынынан өткен сөздіктер мен анықтамалықтар негізінде әзірленген. Сөздікті құрастыру барысында елімізде соңғы жылдары қабылданған, республикамыздың нарықтық қатынастарға көшуінің заңнамалық негізіне арналған заңдары да зерделенген.
Автор бүгінгі тілшілердің айтыс, пікірталастарына арқау боп жүрген мәселенің көбіне тәжірибелі аудармашы ретінде қараған. Дүдамал атаулардың нақты атауын ұсынған. Сөздіктің сегіз бөлімнен тұратын қосымшаларында халықаралық қысқарған аталымдардың орысша-қазақша толық атаулары, сондай-ақ әлем елдері валюталарының атаулары мен кодтары, жеткізілім шарттарының коммерциялық аталымдары, бейметрикалық және метрикалық өлшем бірліктерінің атаулары және олардың арақатынасы, биржадағы шара нышандары тұңғыш рет беріліп отыр. Жалпы, мамандар бұл сөздіктің мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосатынына, сала мамандарына айтарлықтай көмекші құрал болатынына сенім артуда.
Экономикалық сөздік жарық көрді
Последние статьи автора