Кеше түнде Ақтөбе облысы Темір аудандық ішкі істер бөлімінің екі қызметкерін белгісіз біреулер атып кетті. Оқиға Шұбарши елді мекенінде болған. Екі полицей де оқиға орнында жан тапсырды.
Патрульдік полиция қызметінің сержанттары Нұрлан Алпысбай мен Айдос Боранбаев қызметтік «УАЗ» көліктерімен кезекшілікке шыққан. Түнгі 00.00-лер шамасында полиция бекетіне Mitsubishi Delica көлігімен келген белгісіз біреулер қарудан оқ жаудырыпты. Артынша оқиға орнынан іздерін суытқан. Тәртіп сақшылары атыс болған жерде жан тапсырды. Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Алмат Иманғалиевтің айтуынша, қазір аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 96-2 «Екі немесе одан да көп адамды өлтіру» бабы бойынша іс қозғалды. Оқиға болған жерді тексеру барысында оқ-дәрілер табылған. Қазір Шұбаршиде жедел-іздестіру топтары жұмыс істеп жатыр. Ел ішінде «тәртіп сақшыларын теріс діннің өкілдері өлтіруі мүмкін» деген қауесет гу етті. Белгісіздердің қолынан көз жұмған полиция сержанты Нұрлан Алпысбай 1980 жылы туылған. Ішкі істер саласында қызмет еткеніне тоғыз жыл болған. Марқұмның артында жұбайы мен екі баласы қалды. Ал әріптесі Айдос Боранбаев 39 жаста болатын. 2005 жылдан бері құқық қорғау органдарына қызмет еткен. Айдос Боранбаев та отбасылы болған. Екі баласы бар. Бүгін облыс әкімі Елеусін Сағындықов қызмет барысында көз жұмған полиция қызметкерлерінің туған-туыстарына көңіл айтты. Әрқайсысының отбасына 1 млн теңгеден материалдық көмек көрсетілетін болды. Құқық қорғау органдары басшыларымен кездескен облыс басшысы кісі өліміне қатысы барлар табылып, қатаң жазалануы тиіс екендігін айтты.
Екі полицейді атып кетті
Последние статьи автора