Тараз қаласында елді елең еткізерліктей егіздер шеруі болып өтті. Қалалық мәдениет бөлімінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған шараға елуден астам егіздер қатысты.
Театрландырылған көрініс қою аясында мәдениет мамандары тараздықтарға тосын сый әзірлепті. Әртүрлі салада қызмет атқарып жүрген өнер адамдарының басын қосып ақылдаса келе ерекше идея туындапты. Расында тараздық тұрғындар егіздердің мұншалықты көп екенін көрмеген-ді. Табиғаттың сирек кездесетін сыйы егіздердің бір жерге жиналып өнер көрсетуі, расында да, қызық көрінгені рас. Биыл қаланың өзінде 75 егіз дүниеге келген. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда екі есе көп. Бір-бірінен айырғысыз сыңарлардың шеруіне тек кәмелеттік жасқа толмағандары ғана қатысты. Қалалық мәдениет бөлімі бастығының орынбасары Кәмила Абашова егіздер шеруіне осыншалықты қызығушылық танытатындар көп болады деп ойламағандығын айтады. Бұл шеруге үшемдер қатыстырылған жоқ.