Швейцарияда көптен күткен АҚШ - Ресей саммиті өтті. Ақ үй басшысы мен Ресей президенті жоспарланған уақытта кездесуге келді. Бірақ тараптардың жүздесуі белгіленген уақыттан әлдеқайда ерте аяқталды, деп жазады BBC-дің орыс қызметі.
Сәрсенбі күні өткен екіжақты кездесуде Джо Байден мен Владимир Путин екі сағатқа жуық әңгімелесті. Мәскеу уақыты бойынша кешкі сағат 17:00-де тараптар үзіліске шықты. Одан кейін екі елдің делегациялары кеңейтілген құрамда жиын өткізді. АҚШ президентінің протокол қызметі қос державаның басшылары бес сағаттан астам уақыт келіссөздер жүргізеді деп жоспарлаған. Бұл кездесуге бастамашы АҚШ Ақ үйінің әкімшілігі болатын.
БӘРІНІҢ БЕТІН АШЫП СӨЙЛЕСТІК - ПУТИН
БАҚ өкілдерінің қатысуынсыз өткен жүздесуден соң журналистер алдына шыққан Джо Байден екіжақты келіссөздер барысында қозғалған тақырыптарды атап өтті. Олар-киберқауіпсіздік, адам құқығы (оның ішінде Алексей Навальныйдың тағдыры), стратегиялық тұрақтылық, Украина қауіпсіздігі, Беларусьтегі жағдай және сотталғандарды өзара айырбастау мәселелері.
Саммитте АҚШ президентінің басты мақсаты Путинмен екіжаққа да қатысы бар және халықаралық қатынастарға кері әсерін тигізіп отырған маңызды сұрақтардың бетін ашу болатын. Оның ішінде АҚШ мемлекетінің құндылықтары мен барлық бағыттағы басымдылықтарын түсіндіру еді, деді Байден.
Бұл - Байденнің АҚШ президенті ретіндегі Путинмен алғаш кездесуі. Ал 2018 жылы Ресей лидері сол кездегі президент Дональд Трамппен Хельсинкиде кездескен еді. Сарапшылар АҚШ пен РФ президенттерінің сәрсенбідегі кездесуінен Америка да, Ресей де, Еуропа саясаткерлері де таңдай қағарлық ерекше жаңалық күтпегендерін айтып жатыр. Ресей басшылығы соңғы жылдары сыртқы саясатта ұжымдасқан Батыс елдері, соның ішінде АҚШ-қа қарсы текетіресу позициясын ұстанып келеді.
Джо Байден билікті қолына алған соң, Қытай мен Ресейге байланысты Дональд Трамптың саясатын жалғастыратынын айтқанымен, таққа мықтап жайғасқан соң, бәсекелестерімен саясатта жылымықты қалайтынын байқатты. Женевадағы кездесу осы бағытта жасалған бір қадам, деген болатын қазақстандық сарапшылар.
Владимир Путин мен Джо Байден президент болмай тұрғанда бір рет жұмыс бабымен кездескен. Екі саясаткер 2011 жылы Путин - РФ үкімет басшысы, ал Байден – АҚШ вице-президенті ретінде жүздескен.
БАЙДЕН: «БІЗДЕ ЖАУЛАСУ КӨЗҚАРАСЫ ЖОҚ»
Ла - Гранж вилласындағы кешегі кездесуде АҚШ тарапы Путиннен қарулану процестерін бақылауға алуды сұрады. Осы кездесу алдында Джо Байден мен оның әкімшілігі Кремль қожайынымен қарусыздану саясатына қатысты сөйлесеміз деп мәлімдеген еді. Бұл - державалар арасындағы ең ауыр тақырып. Оның үстіне соңғы жылдары Ресей Украинаға басқыншылық жасап, Таяу Шығыс елдеріне де қару-жарақ сату және сынау процестерін үдетіп отыр, деп жазады РБК басылымы.
Кездесуде талқыланған ең өзекті тақырыптың бірі - кибершабуылдар. АҚШ-тың киберқауіпсіздігіне төнген қауіптің ізі Ресейге және оның жекелеген инстиуттарына жетелеп әкелген. АҚШ осы тақырыпты қозғаса, Путин бұған бізді араластырмаңдар деп, ат тонын ала қашады. Кешегі басқосудан соң БАҚ өкілдерінің алдына шыққан Владимир Путинге америкалық журналистер осы сұрақты қойды.
Вашингтон хаккерлік шабуылдарға, соның ішінде АҚШ-тағы ірі құбыр желісіне бағытталған кибершабуылдарға Ресейді кінәлаған еді. Оның кесірінен Америкада отын тапшлығы пайда болып, елдің шығыс жағалауындағы қалаларында жанармай азайып кетті. Президент Путин мұндай жаңалықты оқыдық, бірақ оған біздің ешқандай қатысымыз жоқ, деп қысқа жауап қайтарды. Бірақ Женевадағы кездесуде тараптар киберқауіпсіздік сұрақтары бойынша кеңескені белгілі болды.
Ресей президенті Байденмен өткен кездесу сындарлы болғанын атап өтті. Оның айтуынша, тараптар бір-бірін барынша түсінуге тырысты. Қандай да бір жауласу көзқарасы мен пиғыл байқалған жоқ. АҚШ пен Ресей елшілері өз жұмыс орындарына оралады. Яғни АҚШ елшісі Мәскеуге, РФ елшісі Вашингтонға қайтады, деді Путин.
ТАРАПТАР КИБЕРШАБУЫЛ, ДИПЛОМАТИЯ ЖӘНЕ ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ БОЙЫНША КЕЛІСТІ
Қазақстандық сарапшы Жұмабек Сарабеков Байден-Путин кездесуінен соң үш мәселеге ерекше тоқталуға болады, дейді. Олар: ядролық қауіпсіздікке байланысты келіссөздер, киберқауіпсіздік және дипломатиялық байланысты жандандыру. Саясаттанушы саммит қортындысы бойынша жаһандық қауіпсіздік тұрғысынан алып қарағанда, тараптар жетістікке қол созды деп пайымдайды.
«Саммиттің ең бір айтарлық қортындысы және нәтижесі - Ресей мен АҚШ арасындағы қауіпсіздікке байланысты салалар бойынша диалогтың жандануы. Екі ел президенті де стратегиялық қауіпсіздікпен байланысты келіссөздер қайта жалғасатыны туралы мәлімдемелер жасады. Бұл әрине ядролық қару, оны жеткізетін зымырандар бойынша келісімдер. Бұл ретте АҚШ пен Ресейге әлемдегі ядролық қарудың 90 пайызы тиеселі екенін білеміз.
Жалпы бұл жаһандық қауіпсіздік тұрғысынан алып қарағанда жақсы жаңалық. Себебі екі ең ірі ядролық держава арасында қауіпсіздік бойынша байланыстар үзілуге шақ тұрған еді. Бұған дейін зымырандар туралы келісімдер болған. Ол күшін жойды. Мысалы Трамп қырып-жою қаруларына байланысты стратегиялық қауіпсіздік құжаттарына қол қоймай келген еді. Бірақ Байден келген соң бұл келісімді жалғастыруға мүдделі екенін айтты. Жалпы ядролық державалар арасында байланыстар күшейеді. Бұл жақсы жаңалық»,- дейді Ж.Сарабеков.
Кездесулер жабық форматта өткендіктен, айтылған мәселелерге қатысты нақты қандай келісімдерге қол жеткенін білу қиын. Екі ел басшыларының баспасөз мәслихатында айтылған мәлімдемелеріне сүйенсек, тағы бір маңызды мәселе киберқауіпсіздік жағдайы талқыланған. Киберкеңістікте соңғы уақыттары екі ел арасында бір-біріне деген шабуылдар күшейіп кеткен болатын. Ол АҚШ аумағында үлкен дағдарыстарға соқтырды, дейді саясаттанушы.
«Америка барлау қызметі бұған Ресейді кінәлайды. Өз кезегінде Ресей оны мойындамайды. Сондықтан бұл салада екі ел арасында қақтығыстар ушығып келе жатқан еді. Путин мен Байденнің мәлімдемелерінен ұққанымыз кибербайланыс бойынша тараптар ортақ бір келісімдерге ұмтылып отыр. Бұл да қауіпсіздік тұрғысынан қарағанда жақсы жаңалық. Алдағы уақытта кибер қауіпсіздіктер толыққанды әскери операциялармен теңесіп қалуы мүмкін. Бұл жерде екі мемлекет арасында кибершайқас қалыптасса, Қазақстанға да әсерін тигізеді. Бізге жанама зардаптары болады деп ойлаймын»,- дейді маман.
Осы саммитте белгілі болған тағы бір жаңалық - АҚШ пен Ресей дипломатиялық қарым-қатынастарды қалпына келтіре бастайды. Себебі Байден президентке келгелі бері тараптар бірнеше рет дипломатиялық өкілдіктегі қызметкерлер санын қысқартқан болатын. Бүгінгі күнге дейін екі ел бір-бірінің елшілерін шақыртып та алды. Кеше саммиттен соң олар орындарына қайтатын болды. «Дипломатия жоқ жерде қару сөйлейді» деген қағида бар. Сондықтан дипломатиялық қарым-қатынастардың жандануы , АҚШ елшісінің Мәскеуге оралуы, ал керісінше Ресей елшісінің Вашингтонға қайтуы жақсы бастама, дейді сарапшы.
«Қортындылайтын болсақ, Ресей және АҚШ сияқты ірі ойыншылардың келіссөздерге келуі, тіпті онда айтылған мәселелер жария болмаса да, осы фактінің өзі жағымды үрдіс. Себебі соңғы уақытта екі держава арасындағы қарым-қатынастар үзілуге шақ тұрған болатын. Ресей мен АҚШ қарым-қатынасының ең төменгі нүктесіне жақындап немесе қызыл сызықты басуға тақап қалғанда, Байденнің кездесуге бастама көтеруі барлық тарапқа абырой әкелді. Сондықтан Женева саммиті қауіптерді толық сейілтіп жібермесе де тұрақтылықтың артуына жәрдемдеседі. Бұл Қазақстан мүдделеріне де сай. Себебі біз Ресеймен де, АҚШ-пен де стратегиялық ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз. Біз үшін көпвекторлы саясаттың жемісті жүруі үшін екі әріптестің жақындасуы жақсы жаңалық», -дейді Жұмабек Сарабеков
Ришат Асқарбекұлы, Алматы