Бұқаралық ақпарат құралдары меморгандар жұмыстарының кемшіліктерін жасырмауы тиіс
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Президент Әкімшілігінің қызметін жетілдіру мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Бұл жөнінде akorda.kz cайты ақпарат таратты.
Кеңесте Нұрсұлтан Назарбаев Президент Әкімшілігінің идеологиялық, аумақтық-ұйымдастыру және экономикалық бағыттар аясындағы тиімді жұмысын жолға қоюдың маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы таяуда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмалар бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, олар бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялануы керектігін тағы да еске салды. «Аппарат мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын бақылап, кемшіліктерді айқындауға және оларды тиімді іске асыру жөнінде нақты шараларды белгілеуге тиіс. Үкіметтің кеңейтілген отырысында менің тарапымнан айтылған сындардан тиісті қорытынды шығарылуы керек. Бұл бағыттарда қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны, кімдер жауапқа тартылғаны және жазаланғаны туралы әрбір факті бойынша халық алдында есеп беріп, БАҚ-та жариялау жөнінде тапсырма берілген болатын. Мен айтқан сын бойынша тек Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің жағдайы жөніндегі деректер ғана айтылды, өзге ешқандай ақпарат болған жоқ. Тіпті бұл ретте менің тарапымнан айтылған сынның бір бөлігі газет беттерінде де көрініс таппаған және телеэфирден де берілмеген. Сондықтан әркімнен тек өз бағыты бойынша бағдарламалардың орындалуымен ғана емес, сондай-ақ Үкіметтің, министрліктер мен ведомстволардың жұмысындағы кемшіліктерді жою жөніндегі барлық нұсқауымның орындалуымен қатаң түрде жұмыс жүргізуін талап етемін», – деді Мемлекет басшысы.
Бұған қоса, Қазақстан Президенті еліміздегі патриоттық тәрбие мен діни ахуал саласындағы жұмыстардың тиімділігі кемшін түсіп жатқанын атап көрсетті.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына мониторинг және талдау жүргізу бөлігінде Президент Әкімшілігінің қызметін жақсарту қажеттігіне тоқталды.
«Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторлары облыстардағы ахуалды толық білмейді. Олар өз өңірлеріндегі барлық әкімдерді, ауылдық әкімдерді жүзбе-жүз танып, әрқайсысының жұмыс ерекшелігін ажырата білуге тиіс. Мемлекеттік инспектордың жұмысы барлық істен хабардар болу үшін де істеледі. Мысалы, Батыс Қазақстан облысына сапар барысында мемлекеттік инспектор қажетті ақпараттың бәрін білмейтін болып шықты. Ол жаңадан келген адам болуы мүмкін әрі бәрінің қыр-сырын терең игеріп үлгермеген шығар. Бірақ соның өзінде оларда өңір жөнінде жергілікті атқарушы билік қызметіндегі жетістіктер мен кемшіліктерді, сондай-ақ проблемалар мен іске асырылып жатқан жобаларды қамтитын толық ақпарат болуға тиіс. Олай болмаған жағдайда олардың атқарып отырған лауазымына сәйкестігі жөнінде белгілі бір қорытынды жасау қажет болады», – деді Қазақстан Президенті.
Кеңес қорытындысында Мемлекет басшысы қаралған мәселелерге және биылғы жылдың соңына дейін жоспарланған қоғамдық маңызы бар іс-шараларға тиімді ұйымдастырушылық-ақпараттық қолдау көрсетуге қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.