Қытай сутекпен жүретін автокөліктерімен мақтану үшін Олимпиада ойындарын пайдаланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.
Жарыс өтіп жатқан Бейжің мен таулы Чжанцзякоу аймағында сутекпен жүретін мыңдаған көлік түрлері жүріп жатыр. Олардың ішінде Beiqi Foton, Geely және Yutong автоөндірушілерінің 800-ден аса автобусы, сондай-ақ Mirai автокөліктері мен Coaster (Toyota) микроавтобустары бар. Кей пикаптар спортшылардың шаңғыларын майлауға, кей фургондар қызметкерлерді тамақ пен ыстық сусынмен қамтамасыз етуге арналған.
Қытай бұған дейін де осындай айланы қолданған. 2008 жылғы жазғы Олимпиада ойындары кезінде мемлекет сол кезде шығып жатқан электромобильдер технологиясымен мақтанды. Содан бері Қытай электр көліктерінің ірі нарығына айналды. 2021 жылы әлемдік сауданың жартысынан астамы Қытайдың үлесінде болды. 2015-2021 жылдары сутекті автокөліктер ондай танымалдыққа ие болмады. Бұл кезеңде 9 мыңға жетер-жетпес көлік сатылған.
Сатылым көрсеткіші аз болғанымен, сутекті көліктердің артықшылықтары көп. Ол әдеткі көліктер сияқты газ бөлмейді. Мұндай көліктерге жанармай құю да электромобильдерді зарядтаудан әлдеқайда жылдам. Суық күндері аккумуляторы тез отыратын электр көліктеріне қарағанда, сутекті көліктерге ауа-райының қолайсыздығы әсер етпейді.
Аталған көліктерді кеңінен қолданысқа енгізу үшін сутекті жағармай құю бекеттерінің тапшылығы кедергі болып отыр еді. Алайда мемлекет қысқы Олимпиаданың басталауына дейін Бейжің мен Чжанцзякоуда 30-дан аса станция орнатты.
Олимпиада ойындарында сутекті автокөліктердің қолданылуы болашақтың көрінісін айқындауы мүмкін. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай Қытайда сутекті автокөліктердің саны 30 миллионға жетеді. Нарық Ресейде де даму үстінде. Елдегі энергетика министрлігі 2030 жылға дейін қалалық және қалааралық жолаушылар транспортын сутекті жағармайға ауыстыру туралы ұсыныс білдірді.