Көк Түріктің бүгінгі ұрпақтары үшін Көк туы желбіреп, Алтын күннің шапағынан қуат алған ақиық Қыраны зеңгір көгінде еркін самғағаны – ең үлкен бақыт. Өйткені бұл – біздің Тәуелсіздігіміздің белгісі, елдігіміздің рәмізі. Ал Тәуелсіздіктен асқан бақыт жоқ екенін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, көкейіне түйіп өсіру – парыз. Сонда ғана Қазақтың Әнұраны шырқалып, Мемлекеттік туы желбірегенде Алаштың әр баласының жүрегі дүрсілдей соғып, көкірегін мақтаныш һәм отаншыл сезім кернейді.
Нақ осындай қасиетті сезімді кеше Астанада Мемлекеттік ту тұғыры алдына жиналған жас-кәрі тегіс сезінген болар. Шілденің 4-і күні мұнда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Көк байрағымыз көтеріліп, асқақ Әнұранымыз шырқалды. Елорданың қай қиырынан болса да, көзге шалынатын Көк байрағымызды қаланың қақ ортасындағы Ту тұғырында көтеру – Астана күні мерекесі қарсаңында атқарылатын дәстүрлі рәсімдердің бірі. «Бүгін мемлекетіміздің Әнұраны рухымен бірге аспантүсті Көк байрағымыз тағы да асқақтай көкке көтерілді. Астана күні алдында осы рәсімді салтанатты орындау біздің дәстүрімізге айналып келеді. Біз Көк байрақтың астында Тәуелсіз мемлекет құрып, Қазақстанды дүниежүзіне белгілі ел еттік. Біздің туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде ілулі. Халықаралық жиындарда біздің ту желбіреп тұрады.
Менің шетелдерге ресми сапарларымда алдымнан желбіреп Көк туымыз қарсы алады. Біздің даңқты батыр бабаларымыз бір тудың астына бірігіп, осынау ұлан-байтақ жерімізді ерлікпен қорғап, біздерге сақтап қалған.
Осыдан 20 жыл бұрын біз сол елдің туын көтеріп, Қазақстанды дүйім жұртқа паш еттік. Қазақты дүниежүзі сыйлайтын, құрметті ел еттік. Сондықтан біздің Көк туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамыз қазақтың болашағының, қазақтың бірлігінің, елдігінің рәмізі болып саналады. Бұл рәміздерді сыйлау, құрметтеу отаншыл жүректің қасиетті парызы болуы тиіс. Біз жастарымызды осыған тәрбиелеуіміз керек», – деді Мемлекеттік Ту көтеру рәсімінен кейін тебірене сөз алған Елбасы.
Жалпы, думанды шаралар шілденің 1-інен басталғанымен, Астана күніне орайластырылған мерекелік шаралардың негізгілері ресми түрде осы Мемлекеттік Ту көтеру рәсімінен кейін басталады. Соның бірі әрі алғашқысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дәл осы тудың астында еліміздің бірқатар жоғары әскери оқу орындарының үздік тәлімгерлеріне өз қолымен лейтенант шенін тапсыруы. Биыл да осы игі дәстүрмен Елбасы Қорғаныс министрлігінің Құрлық әскерлерінің әскери институты, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясы мен Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери техникалық жоғары оқу орындарының бір топ курсанттарына лейтенант шенін берді. Жоғарғы Бас қолбасшының қолынан алғашқы офицерлік шен алу бақытына ие болған жас офицерлер де Мемлекет басшысының алдында Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге ант етті. Содан кейін жас курсанттар Елбасының алдынан сымдай тартылып, салтанатты сап түзеп өтті.