Қазақстанның жер қойнауындағы байлықтың бар-жоғы шетелдік зертханаларда тексеріледі. Ал өз елімізде кәсіби геологиялық қызмет жүйесі әлі күнге дейін дамымай келеді. Осының салдарынан қазақтың кең-байтақ жеріндегі пайдалы қазба байлықтарының барлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр. Өкінішке қарай, биыл қазақстандық геологтар алғашқы кәсіби мерекелерін осындай «жаңалықтармен» қарсы алуға мәжбүр.
Геолог мамандарды даярлау жұмысы сын көтермейді
Кеңестер Одағы кезінде Қазақстанның мұнай, алтын және сирек кездесетін металдар кендерінің кеңінен зерттелгені белгілі. Геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, қазба байлығы мол кендер мемлекеттік тіркеуге алынды. Әрбір кен орнының өзіндік төлқұжаты болды. Әлбетте, оның барлығы Одақтың ортақ мүддесі үшін жасалды. Сарапшы мамандардың айтуынша, бүгінде ол тәжірибені ел мүддесі үшін қолдануға әбден болады. Оның арқасында біз әрбір жердің нақты қорын біліп, ұзақ мерзімді жоспарлар жасай аламыз. Алайда бұл бастаманы іске асыру қиын болып тұр. Себебі кәсіби мамандардың барлығы жан-жаққа бытырап кеткен. Ал бұған дейін барланған кен орындарының басым бөлігі таусылуға жақын. Білім және ғылым министрлігі болса жас мамандарды даярлау жұмысын әлі күнге дейін дұрыс жолға қоя алмай келеді.
Герой ЖОЛТАЕВ, академик, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің геология және мұнай-газ кендерін барлау кафедрасының меңгерушісі:
– Қазақстанда геолог мамандарды даярлау жүйесі апаттық жағдайда деуге болады. Бүгінде Білім және ғылым министрлігі осы салада Германия, Франция сияқты Еуропа елдерінің тәжірибесін ұстанып келеді. Ол жақта пайдалы қазба байлықтары жоқ. Бізде бір-ақ мамандық бар: ол – геология және пайдалы қазба байлықтарын барлау. Одан басқа ештеңе жоқ. Сол жалғыз мамандықтың ішіне қатты қазба байлықтары, мұнай-газ саласы, гидрогеология және тағы да басқа бөлек-бөлек салаларды кіргізіп қойған. Ал кристаллография, минерология, палеонтологияға өте аз уақыт берілген. Бұл – негізгі салалар. Осылай маман даярлауға бола ма? Мен бұл мәселені министрлікке талай рет айттым. Бірақ ешқандай өзгеріс жоқ.
Бүгінде жастардың геология саласына сирек баратыны да жасырын емес. Өйткені жалақы аз. Сондықтан осы олқылықтың орнын толтыру қажет-ақ.
Серікбек ДӘУКЕЕВ, геология-минералдық ғылымдар докторы, академик:
– Бұрын кенді бірінші болып ашқан геологқа қыруар ақша төлейтін. Оның көлемі кен орнының қорына байланысты болған. Бұл қаражат жер пайдаланушы компанияның есебінен берілді. Меніңше, геологтардың қазіргі жалақысына қарағанда, сол бұрынғы тәжірибені енгізген жөн. Сонда ғана жұмысқа деген құлшыныс, нағыз ізденіс болады.
Бүгінде геологиялық барлау саласында кәсіби мамандардың тапшылығы барынша байқалады. Осының салдарынан Үкімет қабылдаған бірқатар бағдарламалар дер кезінде орындалмай жатыр. Оны құзыретті мемлекеттік органдар да мойындап отыр. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне қарасты Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрбаевтың айтуынша, Қазақстан Республикасының минералды-шикізат кешенін дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы уақытында орындалмай жатыр. Сол себепті министрлік аталған құжаттың бірқатар мақсат-міндеттерін 2015-2019 жылдарға арналған бағдарламаның еншісіне қалдыруға мәжбүр. Демек, геология саласындағы біраз жоспарлардың іске асыру мерзімі кейінге шегерілмек.
Жаңа орталық геологиялық зерттеу мәселесін шешпек
Алдағы уақытта Қазақстанның геология саласындағы көптеген проблемаларды Астанада салынатын Геологиялық зерттеу орталығы шешеді деген үміт бар. «Мәселен, қазіргі кезде қазба байлықтарын анықтау бойынша барлық зерттеу жұмыстары шетелде – АҚШ, Ресей, Канада сияқты мемлекеттерде жүргізіледі. Сол себепті біз ол жұмыстардың нәтижесін білмей жатамыз», – дейді «Қазгеология» ұлттық барлау компаниясының басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ғалым Нұржанов.
Наурызбай АХМЕТОВ, кенші:
– Негізі, ондай тәжірибе кеңестер кезінде де болған. Сол кезде біздің шахтамыздан шыққан кеніштің барлығы вагонға қотарылып, басқа жерге жіберілетін. «Басқа жердің» зертханасы алтынның бар-жоғын тексереді де, нәтижесін тек алтын бойынша ғана береді. Ал алтынмен бірге басқа да сирек металдардың жүретіні белгілі ғой. Бірақ сол кездің зертханалары оның бәрін жасырып отыратын.
Сорақысы сол – қазақтың қазба байлықтарын анықтаудың мұндай «әдіс-тәсілдері» әлі күнге дейін қолданылып жатыр. Мәселен, Степногор қаласына қарасты Ақсу-1 (Кварцитка) кенті кезінде алтын көлемінің біраз бөлігін шығарған. Біле білсек, егемен еліміздің алғашқы алтын құймасы осы жерде құйылды. Осы уақытқа дейін алтын өндіру жұмыстарын жүргізген ресейлік компания сол баяғы кеңестік дәстүрді ұстанып, таза өнімді өз елінде шығарып отырған. Қазіргі кезде Ақсу-1-де тиісті барлау шаралары атқарылмайды. Сол себепті кеніштің қоры таусылды деген пікір бар.
Қуантай АҚЫЛТАЙҰЛЫ, Бестөбе шахтасының бұрынғы бастығы (1966-1970 ж.ж.):
– Бүгінде алтын өндіру жұмыстарының барлығы баяғы геологиялық барлаудың құжаттары аясында жүргізіледі. Сол себепті біраз кеніштердің қоры таусылып қалды. Иә, бұрын барланған қорлар таусылған шығар. Алайда сол жерлерде жаңа қорлар да жоқ емес. Оны іздеу керек. Әлбетте, жекеменшік компаниялар жаңа геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге мүдделі емес. Себебі оған қыруар қаражат қажет.
Бәлкім, Астанадағы Геологиялық зерттеу орталығы ашылғаннан кейін барлық зертханалық-зерттеу жұмыстары өзімізде атқарылып, жаңа кеніштер ашылар. Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаевтың сөзіне қарағанда, аталған орталық үлкен ғылыми қалашық болып құрылады. Бүгінде оған қажетті жер учаскесі де бөлінді.
Жер қойнауын пайдалану заңнамасы өзгереді
Әлбетте, жер қойнауын игеру бойынша қордаланған мәселелерді шешу үшін, ең алдымен, заңнаманы ретке келтірген жөн. Қазақстан осы саладағы соңғы заңнаманы үш жыл бұрын жаңартқан болатын. Алайда қазірдің өзінде оның көптеген шикі тұстары анықталып отыр. «Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстың нәтижесінде бүгінгі «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңға қатысты 130-дан астам өзгеріс пен толықтырулар әзірленді. Біз бұл жұмысты Мұнай және газ министрлігімен бірлесіп атқарып жатырмыз. Олар да тиісті ұсыныстарын жасады. Қазір 180-нен астам өзгеріс пен толықтырулар арнайы жұмыс тобының қарауына түсті. Жақын арада оның барлығы мемлекеттік органдарға жіберіледі. Ал тамыз-қыркүйек айларында ол ұсыныстар Парламент Мәжілісінің талқылауына салынады. Сондықтан бұл жұмысқа барлығымыз жұмылып, атсалысуымыз қажет», – дейді Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті директорының орынбасары Тимур Тоқтабаев. Осыған орай барлық өзгерістер мен толықтыруларға қатысты ақпаратты ағымдағы аптада министрліктің ресми сайтына шығару жоспарланған. Порталға кірген әрбір азамат өз пікірін жазып, ұсынысын қалдыра алады.
Алайда қазіргі толықтырулар отандық заңнаманы түбегейлі өзгерте алмайтын сыңайлы. Т.Тоқтабаевтың айтуынша, ол жұмыс Жер қойнауын пайдалану кодексі аясында атқарылады деген жоспар бар. Оған дейін құжаттың тұжырымдамасы даярланбақ. Оны ел Үкіметі қолдаса, 2014-2015 жылдары Кодекс қабылдануы әбден мүмкін. «Кодекс нені көздейді? Оның аясында жер қойнауын пайдалану жұмысы шұғыл әрі ашық түрде жүргізіледі. Ондайда ешқандай «көлеңкелі механизмдер» болмайды», – дейді министрлік өкілі.
Р.S.
Кезінде қазақтың белгілі ғалымы, геолог Қаныш Сәтбаев: «Біздің алдымызда маңызды мемлекеттік міндет тұр: ол – Қазақстанның геологиясын жан-жақты зерттеп, оның аса бай қорларын ел мүддесі үшін тиімді пайдалану», – деп айтқан болатын. Өкінішке қарай, ғалымның бұл сөзі әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ.