Басынан бағы тайған, қу мен қазы азайған Балқаштың татар дәмі, көрер қызығы туралы кем жазылып жүрген жоқ. Жеріне жете айтылып, жетемізге құйып бергендей-ақ. Елдегі ірі көлдер үштігіндегі Балқаштың бағы мен соры хақында қаны сорғалаған мәселелер бар. Көлдің басында көкейді тескен көп жайт бар. Десек те...
Бұйырса, көлдің маңында туризмнің көрігі қызып, базары тарқамайды деген дәмеміз таудай. Бүгінгі жұпыны тірлігі дүр сілкініп, қыран құстай қайта түлейді деген үмітті Үкімет мүшелерінің кеңесінде Елбасы тұтатып берді. Сол «үмітті сәуле етіп көз көп қадалған» (Абай) кейіпте отыр жұртшылық...
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жоба – Астана – Алматы теміржолының айналма емес, Балқаш көпірі арқылы өту мүмкіндігіне қатысты мәселені көтеруі туризмге сұранып тұрған Балқаштың бағы ашылардай сенім отын жылт еткізді. «Тағы бір ірі жоба – Астана – Алматы жүрдек пойыздарына арналған теміржол құрылысы айналма емес, тіке Балқаш көліндегі көпір арқылы өтуі мүмкін. Бұл жол жүру уақытын едәуір қысқартып, Балқаш туристік кластерін дамытуға серпін береді. Үкіметке осы жобаларды биылғы бірінші жартыжылдықтан кешіктірмей, жедел әзірлеуді және ұсыныс енгізуді тапсырамын», – деді Елбасы.
Расымен, бұл жоба Арқаның алқасы атанған Балқашты бұйығы тірлігінен селт еткізері хақ. Жабайы жағажайдан мәдениетті жағажай туризмін дамыту арқылы көк теңіздің көсегесі көгерер еді. Ең алдымен, мұның шағын қала – Балқаштың экономикалық-әлеуметтік жағдайына ықпал етері аян. Сондағы тұрғындардың әл-ауқатының артуына бірден-бір көз болмақ. Айталық, жыл сайын Балқашқа барып демалушылардың саны небәрі 4 мың көлемінде ғана екен. Ал шетелге шығатындар бұдан 100 есе артық. Мәліметтер 5 миллионға жуық Қазақстан азаматы шетелге саяхаттап баратынын көрсетіп отыр. Қызмет көрсетуі әрі көлік инфрақұрылымы қолжетімді болса, өз туристерімізге Балқашқа неге бармасқа? 5 млн болмаса да, соның ширегінің көк теңізге жетуіне жағдай жасалса... Миллиондаған қаржы Балқаштың экономикалық қоржынына құйылар еді ғой...
Өйткені қазіргі туризм – бұл әлемдік экономикада құлдырауды білмейтін сала. Сондай-ақ мамандар туризм, жалпы алғанда, мемлекеттің экономикасына үш оң нәтиже беретінін айтады. Ол, біріншіден, шетел валютасының құйылуын және төлем теңгерімін қамтамасыз етеді. Екінші – халықтың жұмыспен қамтылуы. Үшінші – елдің инфрақұрылымын дамытуға жәрдемдесуі. Яғни бұл үш таған берік болғанда, Балқаштың базары кемімек емес.
Қазіргі кезде Балқаш қаласында – бір туристік фирма, сегіз қонақүй, төрт демалыс аймағы, Бектау ата шатқалындағы төрт демалыс базасы, Приозерск қаласында – үш қонақүй, бір кемпинг, Ақтоғай ауданында – төрт мейманхана, бес қонақүй, Тораңғылық, Шұбартүбекте 40-тан астам демалыс аймағы бар. Шыны керек, қызмет көрсету деңгейі әлі де дамытуды қажет етеді. Ал туристер жиі-жиі келсе, бұл орындардың да оңалуға аяқ басары даусыз. Жасыратын несі бар, қызмет көрсетудің деңгейінің төмендігі соншалықты, оған шетелдік түгіл, біздің байшыкештердің өзі де бармайды. Жабайы жағажайға қалтасы жұқа жұртшылық ғана ат басын бұрып тұр.
Динара БЕКМАХАНОВА, турист:
– Қазақстанда туристер барып демалатын небір-небір жер бар. Солардың бірі – Балқаш көлі. Балқаштың оңтүстік жағы ащы болса, солтүстік жағы тұщы. Көлдің екі түрлі суы ешқашан араласпайды екен. Бұл құбылыс тылсымға толы емей немене? Демалыстың қадірін білетін ресейліктер арнайы келіп демалады. Өкініштісі, Балқашта туристерге қызмет көрсету дамымаған. Мәселен, демалыс аймағы деп барған орынға қаңылтыр контейнерлерді қойып тастаған. Бағасы қаңылтыр ішіне қойылған төсеніштерге байланысты. Күндіз ішіне кіре алмайсыз, кешкісін масаға таланасыз. Әрине, бірсыпыра ағаш үйлер бар. Бірақ олардың құны удай. Кез келген адамның қолы жете бермейді.
Ол – өз алдына, жұртшылықты алаңдатып отырған экологиялық ахуалы да айрықша назарға ілігер ме еді дейді ғой баяғы ішкі дауысымыз. Ал бүгінгі Балқаш экологиясының сиқы мынадай...
Балқаш экологиясы – Балқаш көлі алқабындағы табиғи ресурстарды (әсіресе су қорларын) тиімсіз пайдаланудың нәтижесінде Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймағында ХХ ғасырдың аяғында қалыптасқан табиғи, әлеуметтік және экономикалық жағдай. Оны негізгі екі себеп тудырды. Ішкі себеп – Қапшағай су электрстансысының салынуына байланысты (1970) Іле өзені арнасының бөгелуі. Оған дейін Балқаш көлінің экологиялық тепе-теңдігін көлге құятын өзен суы мен көл айдынынан буланған ылғал мөлшерінің тұрақтылығы қамтамасыз ететін. Яғни көл жылына шамамен 3,0 км3 су жоғалтып отырды.
Көлдің оңтүстік жағалауындағы балықтардың уылдырық шашу аймағы түгелдей жойылып, Атыраудағы 15 көл жүйесінен тек төрт-бесеуі ғана қалды. Осының салдарынан жыл сайын ауланатын балық мөлшері 17-18 мың тоннадан 10-11 мың тоннаға дейін төмендеп, балық сапасы да нашарлағаны байқалуда. Мысалы, бұрын, негізінен, сазан ауланатын болса, кейін ауланатын балықтың 90%-ын табан, жайын, көксерке т.б. құрады. Ал аты әйгілі көкбас Балқаш қарабалығы 1970 жылдан бері кездеспейтін болды. 1980 жылдан бастап көлдегі балықтар судағы пестицидтер мөлшерінің көбеюінен жаппай фибриалды саркома (қатерлі ісік жаралары) кеселімен ауыра бастады. Көл суының минералдығы күрт өсті. Балқаш металлургия кәсіпорындарының өндіріс қалдықтарының әсерінен суда ауыр металдар (мыс, мырыш, қорғасын, кадмий т.б.) мен күкірт оксидтерінің мөлшері көбейді. Одан бөлек Балқаш алабынан атмосфераға түсетін әртүрлі газдардың көлемі жылына 250 мың тоннаға жетті. Бұл газдар көл бетінен буланған ылғалмен қосылып, жерге улы жауын болып қайта жауып жатыр. Жауын-шашынның минералдығы үш есеге өсті. 1980 – 1990 жылдары Іле – Балқаш табиғи-шаруашылық жүйелеріне кешенді ғылыми-зерттеу жүргізіліп, олардың қорытындысы бойынша берілген ұсыныстарға сәйкес, Қапшағай бөгенінің деңгейі 10 метрге төмендетілді, сөйтіп, көлемі 2 есеге (28 км3-дің орнына 14,5 км3) кеміді де, жер суғаруға алынатын су мөлшерінің өсуі тоқтатылды. Осы шаралар Балқаш көлінің деңгейін тұрақтандырғанымен, су сапасы жылдан-жылға нашарлап барады. Сыртқы себеп – Балқаш алабындағы су қорының жартысына жуығы Қытай мемлекетінің аумағында қалыптасқандығы дейді деректер.
Сондықтан Астана – Алматы жүрдек пойыздарына арналған теміржол құрылысы айналма емес, тіке Балқаш арқылы өтсе, шағын қаланың шырайы кіргендей екен. Әлеуметтік һәм экономикалық тұрғыда...
Балқаштың бағы ашылар күн бар ма?
Последние статьи автора