Халықаралық еңбек ұйымының мәліметіне қарағанда, дүниежүзі бойынша 14 жасқа жетпеген 250 миллионнан аса жасөспірім жұмысқа жегіліпті. Тіпті олар толық жұмыс күнімен, яғни жеті-сегіз сағат жұмыс істейді екен. Польшада балаларды жұмысқа жегетін базар бар екендігі анықталған. Мамандар мұны балалар еңбегінің арзан екендігімен түсіндіреді. Сондай-ақ өз құқығын білмейтін балалардың жұмыс берушінің айтқанын екі етпейтіндігі тағы бар.
Шардаралық оқушылар сабаққа бармайды
Халықаралық еңбек ұйымының мәліметінше, әлемде 10 миллионнан аса бала құлдықта жүрген көрінеді. Біздің елде де жағдай мақтанарлықтай емес. Еңбекпұлына көп ақы сұрайтын ересектерден гөрі, елгезек балаларды тартқанды құп көретіндер баршылық. Әсіресе оңтүстіктегі мақталы өңірлерде, күнкөрісі диқаншылықпен байланысты аудандарда сабаққа барғаннан гөрі, тер төгіп, теңге тапқанды қолайлы көретін көгенкөздер көп. Бұл мәселе жыл сайын білім басқармасында талқыланып, тиісті органдар тарапынан қатаң қадағалауға алынса да, тосқауыл қоя алмай-ақ келеді. Білім алудың орнына егін басында еңбек етіп жүрген бала-шаға көп. Олардың санасында «қазақ көгіне өрмелеп шығып Күн болу» емес, ертеңгі күніне талғажау боларлық теңге табу бірінші орында тұрады.
Балалығын базарға байлаған балалар да жетерлік. Әке-шешесінің аз ғана тапқан нәпақасына телмірмеу үшін өз бетінше нан табуға көшкен пысық баланың сабаққа ден қоюы да екіталай. Қақсал қоғамда мұндай жағдайды айыптау да артық шығар, кім білген? Дегенмен «сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық» болатын заманның тазысы болуға талпынған тастүлектердің тірлігін құптаймыз ба? Бүгінде құлыншақтардың қорғанышы болуға құлықтылар кемде-кем. Есесіне, бала еңбегін қанаудан ата-аналар да, жеке кәсіпкерлер де кетәрі емес.
Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Шардара аудандық прокуратурасы мен кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі жөніндегі полиция инспекторларының, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау, білім саласы мамандарының қатысуымен жасөспірімдерді еңбекке тарту заңдылығына тексеру жүргізілген болатын. Жағдай жаға ұстатарлықтай.
Шардара суқоймасының жағалауындағы егіс алқабында №1 орта мектептің 8-9-сынып оқушылары көкөніс егу жұмыстарына тартылған. Оларды ресейлік кәсіпкер жалдаған. Баланың сабаққа қатыспауы қалыпты жағдайға айналып кеткендей. Өйткені прокуратура тарапынан жүргізілген тексеру барысында оқушылардың сабаққа келмегендігі сынып журналында мүлде белгіленбеген. Ата-аналардың өз міндеттеріне салғырт қарауына себеп болған мәселеге орай, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 111-бабы 1-бөлімі бойынша іс қозғалып, аудандық сотқа жолданды.
Сарыағашта сан бала сауда жасап жүр
Сарыағаш ауданында да – осы кеп. Балалардың құқығын қорғау департаменті Облыстық білім басқармасы және «Сана-сезім» құқықтық бастамалар орталығымен бірлесіп, Сарыағаш ауданында тексеру жүргізген болатын. Мамандар аудандағы базар, автокөлік жуу бекеттері, ірі сауда орталықтары, дүкен, егістік алқаптарын аралады. Сарыағаш ауданында еңбекке заңсыз тартылған 22 жасөспірім тізімге ілікті.
Орталық «Қуаныш» базарында айран-сүт, картоп-пияз, көже, құрылыс заттарын, кеңсе тауарларын, нан, тіпті киім-кешек те сатып отырған мектеп жасындағы оқушы балалар анықталды.
№37 орта мектептің 4-сынып оқушысы Тәліпбай Жандарбек айран-сүт сатып отыр, Смайылов жалпы орта мектебінің 4-сынып оқушысы Дастан Дәулетов нан тасып жүр, сабақ кезінде М.Әуезов жалпы орта мектебінің 9-сынып оқушылары Асылбек Қарғабаев – темекі өнімдерін, кеңсе заттарын, ал Қуат Тайжанов көже сатумен айналысқан. Еңкес елді мекенінің егістік алқабында А.Ясауи жалпы орта мектебінің 6-сынып оқушылары Рашан Нұрманов, Жұлдыз Сулеев бастаған жеті оқушы «КамАЗ»-ға капуста артып жатқан жерінде анықталды.
Бұл – көктемгі көрініс. Ал ертең егін жинау науқаны кезінде мектептен бір баланы да таппай қалуыңыз ғажап емес. Жеке шаруа қожалықтары, ата-аналар мен білім басқармалары арасында «соғыс» басталады. Бұл – жылда қайталанатын көрініс. Бірақ бір нүкте қоя алмай-ақ келеді.
Әлия Биболова, Оңтүстік Қазақстан облыстық балалар құқығын қорғау департаментінің бас маманы:
– Екі күндік зерделеу жұмысының қорытындысы бойынша, аудандық білім бөліміне хабар берілді, барлық мектептің 140 тәрбие жұмысы орынбасарымен М.Әуезов жалпы орта мектебінде кездесу ұйымдастырылып, құқықтық сабақ өткізілді... Бүгінде балаларды заңсыз еңбекке тартатындар көп. Алдын алу шаралары мен түсіндіру жұмыстарының жүргізілгеніне қарамастан, мұндай жағдай көбеймесе, азаймай отыр.
Тақырыпқа тұздық
1989 жылы БҰҰ құрамына мүше 193 мемлекет Балалар құқығын қорғау туралы конвенцияға қол қойды. Конвенцияға қосылған мемлекеттер балаларға жоғары білім беруге, медициналық көмек көрсетуге, бар жағдайын жасауға міндетті болатын. Бұл конвенцияға АҚШ пен Сомали мемлекеттері ғана қосылмаған. Кәмелетке жасы толмаған балалардың жұмыс істеуіне 1930 жылы тыйым салынған болатын.
Керек дерек
Балаларды ерекше қорғауға арналған бірнеше қарар қабылданған. Мәселен, 1924 жылы Бала құқықтарының Женева декларациясы, 1959 жылғы 20 қарашадағы Бас Ассамблея қабылдаған Бала құқықтары декларациясы, Жалпыға бірдей адам құқықтарының декларациясы, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакт (атап айтқанда, 10-бапта), сондай-ақ балалардың игілігі мәселесімен айналысушы мамандандырылған мекемелер мен халықаралық ұйымдардың жарғылары, Әлеуметтік және құқықтық қағидаттар туралы декларация, БҰҰ-ның жасы кәмелетке толмағандарға қатысты әділ сот жүргізу жөніндегі «Пекин ережелері» бар.