Жасыратыны жоқ, Байқоңыр ғарыш айлағы Ресейге жалға берілген кезде біраз мәселенің ресейліктердің пайдасына шешілгені рас. Әлбетте, оның сан түрлі дәйекті себептері де бар еді. Әлемдегі ең озық ғарыш айлағын игеріп, заманға сай басқарып кетуге 1994 жылы Қазақстанның қаржылық та, ғылыми да әлеуеті жеткіліксіз болатын. Ал бүгінде жағдай көп өзгеріп қалды, Ресейдің де барлық зымыран ұшыру жұмыстарының 90 пайызын өз жерінде атқаруды ойластырып жатқаны мәлім болды. Сол себепті Байқоңыр ғарыш айлағы мен Байқоңыр қаласын біртіндеп Қазақстанның басқаруына көшіру аса маңызды. Осы орайда «Байқоңыр» кешені бойынша өз жұмысын жаңаша бастаған Қазақстан – Ресей үкіметаралық комиссиясының алғашқы отырысында қабылданған біраз шешімнің Қазақстанның пайдасына шешілгенін ерекше атап өткен жөн.
Байқоңыр қаласында болған үкіметаралық комиссияның екі күндік мәжілісі жабық күйінде өтті. Бұл жолғы отырыстың ерекшелігі сол, оған Қазақстан мен Ресей Үкімет басшыларының орынбасарлары Қайрат Келімбетов пен Игорь Шувалов төрағалық етті. Сол себепті комиссияда көтерілген мәселелердің де жүгі ауыр болды. Негізгісі – «Байқоңыр» ғарыш айлағын бірлесіп пайдалану. Ол бойынша екі жақ бір шешімге келіп, барлық заңнаманы қайта қарап шығатын болды. Соның нәтижесінде «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдалану бойынша жаңа халықаралық келісім әзірленеді.
Қайрат КЕЛІМБЕТОВ, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
– Ең алдымен, біз «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдалануды реттейтін барлық заңнамамызды жаңартуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін мамыр айының аяғына дейін арнайы «Жол картасын» әзірлеудің тетіктерін қарап шығамыз. Сондай-ақ біз «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенін ары қарай іске асыру мәселесін талқыладық. Бұған дейін бұл жоба «Ангара» зымыран тасығышы негізінде іске асады деген жоспар болған. Енді оны «Зенит» зымыран тасығышы негізінде қолға алатын боламыз.
Үкіметаралық комиссияда екі елдің ғарыш агенттіктері «Байқоңыр» ғарыш айлағынан бір жылда ұшырылатын зымырандардың саны жағынан да бір келісімге келді. Бұған дейін гептил сияқты жоғары токсинді жанар-жағармайы бар «Протон-М»-ның айналасында да біраз дау-дамайдың болғанын халық жақсы біледі. Оның сынықтары Қазақстан аумағына құлап, еліміздің экологиялық ахуалына әжептәуір нұқсан келтіргені есте. Сол кезде Ұлттық ғарыш агенттігі дабыл қақты. Ондай зымырандарды ұшыруды шұғыл қысқартуды талап етті. Ресей жағы болса, «ғарыш айлағын жалға алу туралы келісімді өзгертеміз» дегенге саятын қоқан лоқы көрсеткендей болды. Сарапшылар ресейліктердің бұл ұстанымын әрқалай топшылады. Соның ішінде шындыққа барынша жанасатын ойлардың бірі – кеңес заманынан бері Ресей қоймаларында «Протон-М» сияқты улы гептилі бар зымырандар көптеп жиналып қалған. Бүгінде «Роскосмос» үшін табиғи таза зымырандарды шығарғанша, коммерциялық мақсатта осы ескі «протондарды» пайдаланған тиімді болып тұр.
Қалай болған күнде де енді «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымыран ұшыру жұмысы бақылауға алынатын болды. Алайда үкіметаралық комиссияның өкілдері бір жылда ұшырылатын зымырандардың санына қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Игорь ШУВАЛОВ, Ресей үкіметі төрағасының орынбасары:
– 2014-2015 жылдары ұшырылатын аппараттардың саны қыркүйектің 1-іне дейін келісіледі. Алайда біз ол жұмысты ертерек атқарып шығуды сұрап отырмыз. Дәл қазір осы мәселеге қатысты біздің арамызда түсініспеушіліктер жоқ. 2013 жылдың жоспары дайын. Енді біз осы жұмысты алдын ала жоспарлап, алдағы 2-3 жылда ұшырылатын зымырандардың нақты кестесін әзірлейтін боламыз.
Негізі, «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдалану бойынша жаңа келісімді әзірлеу кезінде қазіргі құжаттардың ережелері бүгінгі заман талабына сай жаңартылады. «Ол үшін біз кодификацияны (заңнаманы бір жүйеге түсіру – авт.) өткіземіз. Оған уақыт қажет болады. Сосын оның барлығын «Жол картасы» аясында іске асыратын боламыз. Аталған құжатты екі елдің Президенттері рәсімдеуі керек. Олар мамыр айында кездеседі. Бұған дейін біз «Жол картасын» жан-жақты талқылап, дайын нұсқасын ұсынуымыз қажет. Президенттер келісімге қол қойғаннан кейін Байқоңыр қаласының құқықтық мәртебесін өзгерту және ондағы барлық мүлікке иелік ету бойынша нақты іс-шаралар қолға алынады», – дейді И.Шувалов. Демек, Байқоңыр қаласының құқықтық мәртебесі өзгерсе, ол жерде тұратын Қазақстан азаматтарының біраз мәселесі шешіледі.
Бүгінде Байқоңыр қаласы және одан 90 шақырым шалғай жерде орналасқан «Байқоңыр» ғарыш айлағы Ресейге жалға берілгенін бәріміз жақсы білеміз. Сол себепті қалада Ресей Федерациясының атқарушы билігі жұмыс істейді. Ал қоғамдық қауіпсіздікке ресейлік полиция жауапты. Тұрғын үйлердің барлығы муниципалды меншікте, яғни жергілікті әкімшіліктің иелігінде. Ол баспананы халыққа жалға береді. Осының салдарынан Байқоңырда тұратын қазақтардың саны 60 пайызға өскенімен, олар өз жерінде өгей баланың күйін кешіп жүр.
Байқоңыр қаласында өткен Қазақстан – Ресей үкіметаралық комиссиясының отырысынан кейін осы мәселенің де шешілетіндігі белгілі болды. «Біз Байқоңырдың құқықтық мәртебесіне қатысты келісімнің рәсімделгеніне дейін екі бюджеттің есебінен қала инфрақұрылымын қаржыландыруға келістік. Қазіргі ережеге сәйкес, қаладағы баспана жекеменшікке берілмейді. Біздіңше, бұл норма ескірген. Сондықтан жекеменшікке берілетін жаңа тұрғын үйлер салынуы тиіс. Қала тұрғындары ондай баспананы саламыз десе, біз оған қарсылық білдірмеуіміз керек. Бұдан басқа, Қазақстан белгілі бір бағдарламалар аясында инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың құрылысын қаржыландыру мәселесін қарастыруға дайын екендігін жеткізіп отыр», – дейді И.Шувалов. Әрине, бүгінде Ресей Байқоңыр қаласында жаңа тұрғын үйлер салуға мүдделі емес. Сондықтан ол жұмысты бірлесіп атқаруды көздейді. Сарапшы мамандардың айтуынша, бұл бастамалардың барлығы «Қолжетімді баспана» және «Моноқалаларды дамыту» бағдарламалары аясында іске асуы әбден мүмкін.
Халықтың жағдайы мәз емес
Үкімет басшысының орынбасары Қайрат Келімбетовтің айтуынша, үкіметаралық комиссия ағымдағы жылдың аяғында Қазақстан мен Ресейдің ғарыш саласындағы ынтымақтастық мәселелерін ғана емес, Байқоңыр қаласының тұрмыс-тіршілігі бойынша барлық мәселелерді шешеді. Дегенмен қала тұрғындарының мәселелері бір жылдың ішінде шешілмейтін сыңайлы. Мәселен, болашақта баспана жекеменшікке берілсе де, жергілікті биліктің бюрократиясымен күресу қиынға соғады.
Ақерке БАҒЛАНОВА, Байқоңыр қаласының тұрғыны:
– Менің бір балам екі баласымен келінім төртеуі кішкентай ғана бөлмеде тұрады. Әкімшіліктен екі бөлмелі пәтер сұраса, «жоқ» дейді. Ал офицерлердің (ғарыш айлағында істейтін қызметкерлер – авт.) әрбіреуі үш бөлмелі пәтерге кіріп алып, жалғыз өздері тұрады. Әділдік қайда?
Байқоңыр қаласында тауарлардың барлығы қымбат. Себебі Ресейдің заңнамасы бойынша салықтың мөлшері жоғары болып тұр. Зейнетақы және тағы басқа бюджеттік төлемдерді есептегенде, қарапайым жұмысшының жалақысынан 35 пайыз салық ұсталады. Ал оның барлығы Ресей Федерациясының бюджетіне аударылады.
Асан ЖОЛАМАНОВ, Байқоңыр қаласының тұрғыны:
– Байқоңырдағы қарапайым жұмысшының орташа жалақысы 30 мың болса, оның 35 пайызын салық ретінде төлейміз. Қолға 20 мың алсақ, оның 10-15 мыңын коммуналдық қызметтерге беруге мәжбүрміз. Сонда өзімізде не қалады?
Шыны керек, Байқоңырда тариф саясаты да дұрыс жолға қойылмаған. Қаланың сыртында орналасқан Төретам ауылы 1 кВт/сағатқа 12 теңге төлесе, байқоңырлықтар одан екі есе артық шығындалады. Бірақ екеуі де электрэнергияны бір жерден – «Жамбыл ГРЭС» компаниясынан алып отыр. Бүгінде Байқоңыр қаласының электр желілері әбден ескірген. Оны үкіметаралық комиссияның отырысына қатысқан индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиев та растап отыр. Бізге берген сұхбатында ол: «Байқоңырдың электр желілері өте нашар күйде. Енді бұл жерде өзіміздің қазақтар көбейіп жатыр. Сондықтан осы қаланың жағдайын Қазақстанның өзі ойламаса, кім ойлайды?» – деп қысқа ғана қайырды.
Қазақстанның азаматтығы несие алуға кедергі болып тұр
Байқоңыр қаласының қаржы жүйесі де қазақтар үшін тиімсіз болып тұр. Ресейлік банктер Қазақстанның азаматтығы бар адамдарға несие бермейді. Қазақстандық банктер де қарапайым халықтың қаржылық жағдайын жақсарта алмай отыр. Себебі қала тұрғындарының барлығы ресейлік кәсіпорындарда жұмыс істейді. Бүгінде Қазақстанның Халық банкі кейбір жұмыс беруші компанияларды өзіне тартып, жалақы жүйесі арқылы несие беруді қолға алып отыр.
Самат ӘБЕНОВ, «Қазақстанның Халық банкі» АҚ Байқоңыр аймақтық бөлімшесінің директоры:
– Бізге дейін қала тұрғындары өз жалақыларын екі ресейлік банк арқылы алып тұрған. Олар Қазақстанның азаматтығы бар жұмысшыларға несие бермейді. Өйткені Ресейдің заңнамасында ол мәселе қарастырылмаған. Енді біз келіп, осы жердегі 100 шақты мекемені аралап шықтық. Солардың 14-і бізге ауысты. Бүгінде онда істейтін жұмысшылар несие ала бастады. Алдағы уақытта тағы бес мекеме біздің банкімізге ауысуға келісті.
Дегенмен қарапайым жұмысшылардың басым бөлігі қазақстандық банкке ауысуды қаласа да, жұмыс беруші ресейлік компаниялар одан бас тартып, «Біз жұмысшылармен жиналыс өткіздік, олар сіздердің банктеріңізге ауысуға келіскен жоқ», – деп қысқа ғана ресми хатпен жауап бере салды.
Жалпы, «Байқоңыр» кешені бойынша өз жұмысын жаңаша бастаған Қазақстан – Ресей үкіметаралық комиссиясының болашақ қызметіне үлкен үміт артылып отыр. Себебі оған екі елдің Үкімет басшыларының орынбасарлары жетекшілік етеді. Бұл дегеніміз – комиссия шешімдерін барлық министрліктер орындауға міндетті деген сөз.
P.S. Бүгінде «Байқоңыр» ғарыш айлағын бірлесіп пайдалану және Байқоңыр қаласының құқықтық мәртебесін өзгерту бойынша, Ресей ешбір қарсылық танытып отырған жоқ. Себебі олар 2030 жылға қарай зымыран ұшыру жұмыстарының 90 пайызын өз жеріндегі «Плесецк» және «Восточный» ғарыш айлақтарында атқаруға мүдделі. Орыстар Байқоңырдан бірден кете салмайды. Себебі оны 2050 жылға дейін жалға алу келісімі бар. Ал ақша жағынан ешбір қиындық жоқ. Бүгінде Ресей Федерациясы «Байқоңыр» ғарыш айлағы үшін Қазақстанға жыл сайын 115 млн АҚШ долларын төлейді. Бұл - «Роскосмос» бюджетінің тек 2-3 пайызы ғана. Орыс сарапшылары атап көрсеткендей, ондай төлемақыны Ресей өмір бақи төлеуге дайын. Демек, өзіміз қимылдамасақ, Байқоңырды жайдан-жай бізге ешкім бере салмайды.