Елу жылдан астам уақыт бұрын қазақ жерінен ғарыш кемесі көкке көтерілді. Сол тұста қазекем де оны мақтаныш тұтты. Қазақ топырағы аспан әлеміне әрлі-берлі жол салған алып техниканың алтын қазығына айналды деп мақтан еттік. Одан бергі заманда көп нәрсеге көзіміз ашылды, зырылдап ұшқан зымыранның залалы бар екенін ұқтық. Бұл дерек қолымызға 90-жылдардың басында тиді. Осы кезеңде Байқоңырға қайтадан қазақ жеріне өтіп, оны орыстарға ұзақ мерзімге жалға берген болатынбыз. Қазақстан мен Ресей басшылығы ғарыш айлағын пайдалану жөнінде қол алысып, бәтуаға келді. Өкінішке қарай, сол кезде біздің еліміздің мүддесі көп ескеріле қоймапты. Оны біз кейін білдік. Олқы тұстардың әлі күнге дейін қиындығын көріп жүрміз. Атап айтқанда, Байқоңыр қаласындағы қазақстандық азаматтардың әлеуметтік проблемалары қазір өзекті тақырыптың біріне айналып отыр.
Зейнетақы төлеудегі ағаттық
Ғарыш қақпасы атанған шаһардан таяқ тастам жерде Ақай және Төретам елді мекендері тұр. Жаяу адамның өзі бес-он минутта Байқоңырға жетіп барады. Ауыл адамдарының арасында ресейлік мекемелерде еңбек етіп, нәпақа тауып жүргендер жетерлік. Алайда бейнеттің зейнетін көретін тұста олар көптеген түйткілге кезігіп жүр. Себебі ресейлік мекемеде жұмыс істеген қазақстандыққа зейнетақы көрші елдің заңы бойынша берілмейді. Мәселен, зейнетақы тағайындау барысында қажетті құжаттағы жалақы мөлшері орыс ақшасымен көрсетіледі. Ол анықтама біздің әлеуметтік мекемелерде қабылдана қоймайды. Осының салдарынан қаншама жыл бойы Байқоңырда жұмыс істеген адам еріксіз әуре-сарсаңға түсуге мәжбүр. Біздің мамандардың айтуынша, ресейлік мекемелерде еңбек еткен Қазақстан азаматының жалақысынан біздің еліміздің зейнетақы жинақтаушы қорларына бір тиын да төлем түспейді. Сондықтан біздегі әлеуметтік мекемелер оларға ең төменгі деңгейде зейнетақы тағайындауға мәжбүр болады. Оған басты себеп ретінде қажетті құжаттағы жалақы мөлшерінің орыс ақшасымен көрсетілуі болып табылады.
Екі мемлекеттің үкіметтері арасында 1996 жылдың 27 сәуірінде қол қойылған «Байқоңыр қаласы тұрғындарының зейнетақы құқығына кепілдік туралы» келісіміне сәйкес, қай елдің азаматы екеніне қарамастан, зейнетақымен қамтамасыз ету Ресей заңымен жүргізіледі. Алайда іс жүзіне келгенде басқаша жағдай қалыптасып отырғаны жергілікті жұртты қынжылтады.
Көп жылдар бойы көршілес елдің құзырындағы мекемеде қызмет етіп, зейнет жасына келгенде ауыз тұшымайтын ақшаны қанағат ету кім-кім үшін де оңай емес. Осы тұрғыда бірнеше мәрте мәселе көтерілді. Дегенмен бүгінгі күнге дейін өз шешімін таба алмай келеді.
Ауырмайтын жол ізде...
Осындай жағдай қаланың денсаулық сақтау саласында да кездеседі. Байқоңырда Ресейге қарасты емдеу орындары бар. Олар өз елінің заңдарына арқа сүйейді. Осыған байланысты тағы бір қиындық туындап отыр. Көрсетілген қызметтің сапасын сараптаған мамандар бірқатар келіспеушілік бар екенін айтады. 2009 жылдың 17 қарашасында «Ресей Федерациясы жалға алған Байқоңыр қаласы мен Төретам стансысы, Ақай елді мекеніндегі тұрғындарға медициналық көмек көрсету туралы» Қазақстан және Ресей үкіметтері арасында келісім жасалған. Онда көрсетілгеніндей, халыққа көрсетілетін медициналық қызмет Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде ғана төленеді.
Осыған сәйкес екі елдің Денсаулық сақтау министрліктері арасында келісімшарт жасалған еді. Осыдан екі жыл бұрын біздің еліміздің Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексі өмірімізге енді. Осының салдарынан психикалық, инфекциялық аурулар, туберкулез, әскерге шақыру кезіндегі тексерулер тегін қызмет көрсетілетін тізбеге кірмеген. Осындай дәйекті көлденең тартқан ресейлік дәрігерлер аталмыш ауруларды емдеуге келгенде кежегесі кейін тартады.
Осы орайда өткен жылы Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Мұхамедов екіжақты жасалған келісімшартқа өзгерту енгізу қажеттігіне тоқталған еді. Сенат депутаты:
– Байқоңыр қаласындағы медициналық мекемелердің қазақстандық азаматтардың психикалық, жұқпалы аурулар мен туберкулезбен сырқаттанған жандардың денсаулығын тексеру кезіндегі шығындарын жабу кезінде республикалық бюджеттен Қызылорда облысының бюджетіне нысаналы трансферттер бөліну қажет. Төретам, Ақай елді мекендері тұрғындарына Байқоңыр қаласының жедел жәрдем мекемелерінің қызмет жасауын ұйымдастыруымыз тиіс, – деген еді.
Коммуналдық қызмет бағасы қымбат
Байқоңырдағы түйіні тарқатылмай жүрген мәселелердің бірі – әлеуметтік өтемақы. Бұл бағытта да 1998 жылдың 22 желтоқсанында келісім түзілген. Онда ерекше жағдайда өмір сүріп, жұмыс істеп жатқан адамдар жоғарыда аталған жәрдемақыға қол жеткізе алады. Оған ғарышты қалада өмір сүретін жұртты әлеуметтік қорғау шаралары, еңбекақы төлеудегі және мемлекеттік қамсыздандыруға байланысты жеңілдіктер кіреді. Осыған байланысты қала әкімшілігі Ресей заңдарына сәйкес, қалада тұратын көрші елдің азаматтарына әлеуметтік қолдау мақсатында отбасылары мен балалардың әлеуметтік мәселелерін шешу үшін қаржы бөліп отыр. Өкініштісі, мұндай қолдау біздің азаматтарға жасалмайды. Қаладағы коммуналдық қызмет тарифтері Қызылордадан біршама жоғары. Азық-түлік бағасы да қалтаға олқы түсіреді. Қысқаша айтқанда, Байқоңыр қаласындағы күнкөріс деңгейі Қызылорда облысында бекітілген нормадан екі еседей жоғары болып отыр. Ғарышты шаһардағы Ресей азаматтары біздікілерден көтеріңкі жалақы алатынын ескерсек, олар бұл жөнінен ешбір қинала қоймайды. Ендеше, айлық мөлшері төмендеу біздің азаматтардың коммуналдық қызмет ақысын төлеуге келгенде қиналып қалатыны жасырын емес.
Байқоңырдағы әлеуметтік проблемалар жайында талай айтылды. Бұл тақырып мерзімдік басылым беттерінде де жиі-жиі басылып жатыр. Өкінішке қарай, сол мәселелер әлі күнге шешімін таппай келеді. Жалпы, екі елдің арасында келісім жасау барысында біздің ел азаматтарының мүддесі ескерілмей қала беретіні неліктен? Қазір Байқоңыр қаласында тұратын 59 мың тұрғынның тең жартысынан астамын Қазақстан азаматтары құрайды. Ендеше, қаншама адамның түйткілді түйінін тарқата алмай әбігерге түсіп жүргенін аңғару қиынға соқпас...